Home » Партия тынысы, Қарағанды облыстық комитеті » Үштөбе ауылы тұрғындарының мәселесі оң шешімін тапты

Үштөбе ауылы тұрғындарының мәселесі оң шешімін тапты

Осы жылдың жазында Үштөбе ауылының тұрғындары ҚКХП Қарағанды облыстық комитетінің қоғамдық қабылдауына өтініш хат жолдады. Ауыл тұрғындары ауыз сумен қамту және су құбыры жүйесінің жеке меншікке өтуіне алаңдаушылық танытқан болатын. Су құбырлары жүйесі жеке меншікке өтсе, суық судың тарифі 1 кубометр үшін 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Үштөбеліктер жол мен қоқыс мәселесін де көтерді. Ауылдың аумақтық бөлініс бойынша Бұхар жырау ауданына қарауы да тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.  Медициналық қызмет алу үшін ауыл тұрғындары 70 шақырым жердегі Ботақараға баруға мәжбүр, ал Қарағандының №3 емханасы олардан небәрі 7 шақырым жерде орналасқан.

DSC_0184

Қарағанды облыстық комитетінің басшылығы ауыл тұрғындарының хатын мемлекеттік органдарға және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясына жолдаған болатын. Тұрғындардың шағымдары бойынша Қарағанды ОК бірінші хатшысы Александр Зевахин  Үштөбе ауылдық округінің әкімі Елтай Саргизовпен де жолықты.

6 қыркүйек күні Қарағанды облыстық комитеті басшылығының қатысуымен ауыл тұрғындарының жиыны өтті. Күн тәртібінде екі сұрақ қарастырылды: сумен қамту мәселесін жүйені бәсекеге қабілетті ортаға беру арқылы шешу және жергілікті өзін өзі басқару комитеті төрағасының есебі.

- Естеріңізде болса, бес жыл бұрын Үштөбеде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша орталық су құбыры жүргізілді, – деді әкім жиында. – Бірақ ол кезде бізде қызмет көрсетуші компания болған жоқ. Қазіргі кезде біз су құбырлары жүйесін «Промсервис» ЖШС-ға сенімді басқаруға бердік, осы мекеме ауылға қызмет көрсететін болады.

Елтай Жамантайұлы қатысушыларға «Промсервис» ЖШС-нің жетекшісін таныстырды.  Ауыл тұрғындары компания жетекшісіне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.  Тұрғындарды толғандырып жүрген ең басты мәселе тарифтің өсуі болды.

- Табиғи монополияларды реттеу департаменті Үштөбедегі жеке тұлғалар үшін бір кубометрге 83,04 теңге құнын бекітті. Заңды тұлғалар үшін есептеулер әлі жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл тариф энергия тасымалдаушыға баға көтерілмегенге дейін тұрады,- деп мәлімдеді қызмет көрсетушінің өкілі.

Өз кезегінде ауыл әкімі тұрғындарды алдағы жоспарлармен таныстырды.  1 тамыздан бастап үштөбеліктер кез келген қалалық немесе ауылдық емханаға тіркеле алатындығы туралы да хабардар етті.

Кейін жергілікті өзін өзі басқару комитетінің төрағасы Галина Вотчель атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Комитеттің жұмысы бірауыздан қанағаттанарлық деп танылды.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары үштөбеліктердің мәселесіне бей-жай қарамай, оның оңтайлы шешілуіне үлес қосқаны үшін Александр Зевахинге алғыс білдірді.

ҚКХП Қарағанды ОК

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Яндекс.Метрика