Home » "Коммунист Казахстана" » Лаңкестік топ құрықталды

Лаңкестік топ құрықталды

Атырауда жарылыс ұйымдастырмақ болған лаңкестік топтың 22 мүшесі ақыры қолға түсіп, қамауға алынды. Олардың арасында кәмелетке толмаған бір жеткіншек және шетелдік бір азамат бар.

Қазір бұл күдіктінің нақты қай елдің азаматы екені анықталып жатыр, ол Әзірбайжан елінен келген болуы мүмкін деген жорамал бар. Ал, кәмелетке толмаған колледж студенті екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.

Бүгінде қылмыстық әрекет жасамақ болғандардың үстінен «Лаңкестік» тармағы бойынша іс қозғалды. Олардың арасында жарылғыш қондырғысымен, басқа да қару-жарақпен қолға түскендер бар. Жалпы, бұл дүрбелеңнен соң, тәртіп сақшылары аймақтағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтті.

Еліміздің қоғам қайраткерлері Ата заңнан орыс тілі қазақ тілімен теңдей қолданылады деген бапты алып тастауды талап етуде

Хатқа қол қойған 138 адамның ішінде «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, КСРО батыры, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин және өзге де ақын-жазушылар бар.

«Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілі» деп жазылғанына қарамастан (…), 7-баптың екінші тармақшасы («орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады») халықтышатастырып келеді, орыс тілі мемлекеттік тілі қызметін заңсыз атқарып келеді. Сондықтан, 7-баптың екінші тармақшасын Ата заңнан алып тастау керек», – делінген хатта.

Сонымен қатар олар «мемлекеттік органдарда таза мемлекеттік тілді пайдалануды және 2012 жылдан бастап іс қағаздарының таза қазақ тілінде жүргізілуін» талап етті.

«Біз ешқашан қазақ тілін мәжбүрлеп оқыту идеясын қолдаған емеспіз. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған 1989 жылдың 22-қыркүйегінен бері 22 жыл өтіпті. Осы мерекенің құрметіне біз жыл сайын «Мемлекеттік тілге қолдау» шарасын өткізіп келеміз», – деп атап көрсетілген хатта.

Алайда, «билік орындары бұл акцияға барынша кедергі келтіріп бағуда» дейді олар.

Хат авторлары: «Егер билік тездетіп мемлекеттік тілді дамыту үшін нақты шараларды қолға алмайтын болса біз басқа шара қолданамыз», – деп ескертеді.

Хат премьер-министр Кәрім Мәсімовке, Сенат төрағасы Қайрат Мәми мен Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановқа да жолданған.

Болашақ педагогтардың шәкіртақысы келесі жылдан бастап көтерілуі мүмкін

Бұл туралы Агенттік тілшісіне берген сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті өкілдері мәлім етті.

«2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу барысында, педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысын арттыру бойынша шығындар ҚР Білім және ғылым министрлігінің бюджеттік өтінімдер құрамына енгізілді», – атап өтті Департаменттен. Енді өтінім ҚР Қаржы министрлігінде қаралады.

Қазір Қазақстанның ЖОО-ларында оқитын барлық студенттің шәкіртақысының көлемі бірдей. Ол 15 235 теңгені құрайды.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР БҒМ-ның басшысы Бақытжан Жұмағұлов Үкіметке педагогикалық кадрларды даярлау жүйесін дамыту және біліктілігін арттыру бойынша Тұжырымдаманың жобасын ұсынып, ол бекітілген болатын. Тұжырымдамада министр, ең үздік студенттерді тарту мақсатында педагогикалық мамандықтар бойынша гранттардың бағасын 30 пайызға және педагогикалық ЖОО-лар студенттерінің шәкіртақысын 2 есеге көбейтуді ұсынды. Ал педагог болуды қалаған студенттердің білім деңгейін және ұстаздық етуге психологиялық дайындығын тексеру мақсатында, оқуға түсу және шығу кезінде арнайы емтихандар өткізілетін болады. Сондай-ақ, министр, Б. Жұмағұлов бүгінгі күні Қазақстанда педагогтарды 23 мамандық бойынша даярлап жатқан 85 ЖОО-ның санын екі есеге, нақты айтқанда, 40-50-ге дейін азайтуды ұсынды.

Биыл педагогикалық ЖОО-лардың саны қысқартылған жоқ, бірақ 2011-2012-ші оқу жылдарына бөлінген мемлекеттік білім беру гранттарының саны тура 1 мыңға азайтылды.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономика салаларының сұранысы бойынша қалыптастырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымында басымдықты үлеске педагогикалық және техникалық мамандықтардың білім гранттары ие. Мәселен, 2010-2011-ші оқу жылдарына педагогикалық мамандықтарға – 9 375, ал 2011-2012-ші оқу жылдарында – 8 375 білім гранттары берілді», – деп атап өтті министрлік өкілдері.

ҚР БҒМ-ның мәліметтеріне сүйенсек, республикада педагогикалық ЖОО-ларда барлығы 9 175 оқытушы бар, соның ішінде шетел тілін меңгергендер – 1643 (18 пайызы). Педагогикалық ЖОО-лардағы профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми дәрежелер мен атаққа ие болуы 29,9 пайызды құрайды.

Локомотив» хоккей командасы мінген ұшақ апатқа ұшырады

Қайғылы оқиға Ярославль қаласының маңында болған. Беларусь астанасына бет алған әуе көлігі бортында барлығы 45 адам болған.

Ресейлік «Локомотив» хоккей командасы мінген ұшақ апатқа ұшырап, 43 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Ярославль қаласының маңында болған. Беларусь астанасына бет алған әуе көлігі бортында барлығы 45 адам болған. Олардың сегізі экипаж мүшесі, ал, 37-сі жолаушылар. Кей деректерге қарағанда, 2 кісі аман қалды. Олар – хоккеист Александр Галимов пен жолсерік Александр Сизов. Зардап шеккендер Ярославль ауруханасына жеткізілді.

Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, «ЯК-42» аспанға көтерілгеннен кейін бірер минуттан соң, Волга өзенінің жанында екіге бөлініп, құлады.

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Кей деректерге жүгінсек, ұшақ маяк антеннасына тап болған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Яндекс.Метрика