Home » "Коммунист Казахстана" » ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет». Өкінішке орай, бұл сөздердің қазір байыбына баратындар азйып кетті. Көгілдір экранның алдын бермейтін қан-жынға, зорлық-зомбылыққа толы фильмдерді былай қойғанның өзінде, ата-бабаларымыздың көз көріп, құлақ естімеген «қарттар үйі», «жетімдер үйі» қазір республикамыздың қай қаласынан да оңай табылатын болды. Үлкенге құрмет қарапайым қоғамдық көліктерде де ақсап жатқанын көз көріп жүр.

Осы орайда, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Атырау облыстық комитеті өткізген «Әдептілік» акциясының маңызы зор. Қарашаның жиырма үші күні Лениннің жергілікті жас ізбасарлары вокзал маңындағы автобус аялдамасында қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Үлкендерге орын бер!», «Автобуста сыпайы бол!» деген плакаттарды ұстап тұрды. «Автобустан түсіп жатқан жастар бұрылып келіп, жазуды оқып жатты. Ал, үлкендер жағы алғыстарын білдіріп, риза болып қалды» дейді жас комсомолдардың өзі.

Бір сағатқа созылған акция аясында вокзал маңындағы жүргіншілер жас комсомолдарға ерекше назар аударып, игі істері үшін арнайы алғыстарын білдірген. Сондай-ақ, белсенділер акция аясында жүргіншілерге партия газетін таратқандарын айтады. Қамқорлыққа, әдептілікке, сыпайылыққа, адамшылыққа зәру бүгінгі қоғамда мұндай акциялардың расымен де берері мол.

ҚКХП Атырау облыстық комитетінің баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика