Home » № 9//08.03.2013 » Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру керек

Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру керек

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов жалпы отырыста Ұлттық банктің төрағасы Г. А. Марченкоға депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында депутат еліміздің алтын-валюта резервтеріне байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді.

«2012 жылдың аяғына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің жиынтық резерві Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда 86 млрд. АҚШ долларын құрады.

Бірақ жинақталған резервтердің едәуір бөлігі шетел валютасында, бағалы қағаздарда және басқа да қаржы құралдарында сақталуда. Сыртқы экономикалық қауіптердің өсуі алтын қорларының рөлін елеулі түрде арттырады. Долларды, евроны және басқа резервтік ватютаны шектеусіз басып шығару, валюталық соғыстар, қарыздық дағдарыс, тұтастай мемлекеттердің дефолт тәуекелдері дамыған мемлекеттерді алтын қорларды ұлғайтуға мәжбүрлейді. Резервтерді шетел валютасында және бағалы қағаздарда сақтау түпкі нәтижесінде біздің барлық жинақтарымызды жәй ғана қағаздарға айналдыруы мүмкін», делінген депутат сауалында.

Тұрсынбек Өмірзақовтың айтуынша, АҚШ, Германия, Италия және Францияның алтын қорлары алтын-валюта резервтерінің 70%-нан асады. Қазақстанның алтын қоры 6,3 млрд. АҚШ долларын немесе барлық алтын-валюта резервтердің небары 20% шамасын құрайды.

Өткен жылы Парламент алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға ҚР Ұлттық Банкіне басымды құқығын беретін заң жобасын мақұлдады. Алайда Қазақстанда жыл сайын небары 10-15 тонна тазартылған алтын өндіріледі. Бұл жеткіліксіз мөлшер.

«Дамыған елдердің бірқатары қарыздық проблемалар аясында дағдарыспен күрес үшін әлемдік нарықта алтынды белсенді түрде сатып келеді. Соңғы онжылдық ішінде Швейцария алтынның шамамен 877 тоннасын сатты, Франция – 589 тонна, Испания, Нидерланды және Португалия елдерінің әрқайсысы – 200 тоннадан. Ресей де мұнай кірістері есебінен шамамен 570 тонна алтынды сатып алды, Қазақстанның да әлемдік нарықта алтынды сатып алу белсенділігін арттыруға толық мүмкіндігі бар. Жинақтарды алтында сақтау олардың сақталуын ғана емес, сондай-ақ табыстылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соңғы он жыл ішінде алтынның бағасы шамамен 400%-ға өсті.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, Сізден: Қазақстанның алтын қорының серпінінде ақпаратты ұсынуыңызды; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің алтынның әлемдік нарығына белсенді сатып алушы ретінде шығу мәселесін қарастыруыңызды; Ұлттық қордың активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру және оны физикалық тұрғыдан Қазақстан Республикасының аумағында сақтау мәселесін

зерделеуіңізді сұраймын, – делінген депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың Ұлттық банк төрағасы Г.А.Марченкоға арналған депутаттық сауалында.

 

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика