Home » "Коммунист Казахстана", № 44//20.12.2013 » Мүгедек балаларды оңалтудың жүйелі бағыты жоқ

Мүгедек балаларды оңалтудың жүйелі бағыты жоқ

Сәрсенбі күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов Үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына сауал жолдады. Оның айтуынша, елімізде шамамен 64 мың баланың түрлі мүгедектігі бар екен. «Балалар мүгедектігің (10 мыңнан астам) едәуір бөлігін балалардың церебралды сал ауруы (бұдан әрі – БЦС) құрайды», – деді ол.

 «Тәжiрибе көрсетiп отырғанындай, мүгедек балаларды тәрбиелейтін отбасылары тап болатын бірқатар проблемалар бар. Олар:

Біріншіден, мүгедек балалар үшін мамандандырылған оңалту мекемелерінің тапшылығы осы уақытқа дейін байқалады. Кейбір өңірлерде оңалту орталықтары мүлдем жоқ. Ата-аналардың квотаны «шаққа алуы», сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларындағы оңалту орталықтарына кезекке тұруы – мүгедек балалары бар отбасыларының бүгінгі проблемаларының бірі. Мәселен, Астана қаласындағы «Республикалық балаларды оңалту орталығына» түсу үшін ата-аналар кей-кейде кезегін төрт жыл күтеді, ал көптеген балаларға оңалтудан оң нәтижелер алу үшін емдеу курсынан жылына кемінде екі рет өту қажет.

Екіншіден, бiлiм алуға қол жетiмдiлiк проблемалары бар. Бүгінгі таңда әлемдік үрдіс инклюзивті білім беру жолымен жүріп келеді, яғни мүгедек балаларды өзімен қатарлас құрбыларымен бірлесіп оқыту олардың толық дамуына мүмкіндік береді. Бірақ арнайы даярланған оқытушылардың болмауы, оқытуға оқу-әдістемелік құралдардың, балаларға арналған арнайы құрылғылар мен материалдардың жоқтығы бұған қол байлау болуда.

Үшіншіден, елімізде мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына әлеуметтік көмек әлеуметтiк жәрдемақылар және жеңілдіктер берумен шектелген, бұл ретте мүгедек балаларды тәрбиелейтін отбасыларымен дәйекті әлеуметтік жұмыстары жүргізілмейді, олардың тұрмыстық жағдайлары қадағаланбайды. Жалпы, мүгедек балаларды медициналық, педагогикалық және әлеуметтік оңалтудың жүйелі бағыты жоқ екендігін атап көрсеткім келеді. Мүгедек балалар проблемаларымен түрлі министрліктер айналысады, алайда балаларға қатысты жасалған ортақ саясат жоқ. Бұл ретте сөз бір-екі адам туралы ғана емес, 60 мыңнан астам балалар жайлы болып отыр», – дейді депутат.

Осы айтылғандарға байланысты:

– Скринингпен қамтылған балалар саны, сондай-ақ динамикада психика – дене дамуында ауытқулары бар балалардың үлесі;

– Еліміздің өңірлерінде мамандандырылған оңалту орталықтарының құрылысы бойынша қолданылған шаралар;

– Инклюзивті білім беру шеңберінде жалпы білім беру мекемелерінде жасалынған жағдайлар (материалдық-техникалық жағдай жасау, оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, кадрларды даярлау және қайта даярлау) бойынша мәлімет беруіңізді сұраймын, делінген депутаттық сауалда.

«Бүлдіршін жастағы балаларда психикалық – дене бұзылыстары скринингін ұйымдастыру ережесінің орындалуына бақылауды күшейтуіңізді, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларына қажетті әлеуметтік жұмыстарын жүзеге асыру бойынша іс-шараларды күшейтуіңізді сұраймын»,- дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Бек Әлиұлы

Астана 

Яндекс.Метрика