Home » Алматинский обком, Партийная жизнь » Мәңгі жадымызда

Мәңгі жадымызда

Биыл қара қылды қақ жарған әділдігімен, турашылдығымен, рухани тазалығымен, халықшылдығымен елдің шынайы сүйінпеншілігіне бөленіп, халқы еркелете Димаш деп атап кеткен қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтің туғанына 101 жыл толды. Әдеттегідей, 12 қаңтарда Алматы жұртшылығы Қонаев ескерткіші маңына жиналып, рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Алматылық халықтық коммунистер үшін Қонаевты еске алу – үлкен ғибрат. Қазақстанның елдігі, егемендігі, тәуелсіздігі оның асқақ арманы болғанын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз естелігінде былай деп баяндайды: «1980 жылдың басындағы бір оқиға ойыма келіп отыр. Біз бірде оның ұшағымен республиканың күнгейінен теріскейіне бардық. Кенет мені қасына шақырып алып: «Біздің республикамыз қандай үлкен! Шіркін, өз алдымызға дербес мемлекет болсақ қой», – деп сыбырлап, саусағымен аузын басты. Мұндай нәрселерді ол ылғи, әуелі, ұшақта сыбырлап айтатын».

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық ресурстар КСРО-ның Батыс және Солтүстік Батысында қираған қалаларды қалпына келтіруге жұмсалды. Орталық Азия мен Қазақстан бәз-баяғы қалпында қала берді. Қазақстанның өрлеу мен гүлденудің ең жоғары дәрежесіне жеткен кезеңі Қонаевтың билік басына келген жылдары екеніне бүгінде ешкім дау айта алмас. 60-80 жылдардың аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы өте қарқынды жолға түсті. Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров келтірген деректерге сүйенсек, Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз, Жамбыл-Қаратау және Шымкент-Кентау көмір-металлургия кешендері құрылды. Қазақстан орасан зор мөлшерде болат, шойын, мыс, вольфрам, марганец, молибден, қорғасын, мырыш, алтын өндірді. КСРО шеңберінде еліміздің үлесіне 69 пайыз мыс қорыту, 70 пайыз қорғасын, 90 пайыз марганец, 87 пайыз фосфор өндіру тиді. 220 миллион тоннаға дейін көмір қазылды. Екібастұздан орталыққа жоғары кернеулі электр жүйесі тартылды. Ауыр өндріспен қатар жеңіл және тамақ өнеркәсібі де қарқынды дамыды. 70-80 жылдардың басында 37 миллион пар аяқ киім, миллион метр мақта-мата бұйымдары шығарылды. 8 қант зауыты мен екі былғары комбинаты жұмыс істеді. 80 жылдардың аяғында темір жолдың ұзын-ырғасы 15 мың шақырымнан асып кетті.

Барлық аудан орталықтары мен шалғай елдімекендер, көптеген ауылшаруашылығы кәсіпорындары асфальт жолмен ұштастырылды. Астық 30 миллион тоннаға, қой 35 миллионға, жылқы 1 миллион 100 мыңға, ірі қара 7 миллионға жетті. Жаңа қалалар бой көтеріп, көшелер асфальтталынып, ауыл көрікке ие болды. Барлық жерде салтанатты мәдениет сарайлары, оқу

орындары салынып, ғылым, денсаулық сақтау мекемелері жаңа техникалық жабдықтармен жарақталды.

«Сөз жоқ, бұл зор жетістіктің бәрі бір кісінің ғана сіңірген еңбегі емес. Әйткенмен осы бастамалардың бәрінің ұйымдастырушысы әрі басшысы Қонаев болғанын ұмытпауымыз керек», – дейді Асанбай Асқаров.

Қонаев тек қана еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жоғары деңгейге көтеріп қана қойған жоқ, еліміздің мәдениетінің, өнерінің, ғылым-білімінің, әдебиетінің (тағысын тағылар) дамуына да ерекше еңбек сіңірді. Шын таланттарға ұдайы қолдап отырды.

Қонаев секілді қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға жадымыздан ешқашан шықпауға тиіс. Оның ұлағатты ісі, үлгі-өнегесі ұрпақтарға жалғасары даусыз.

Санжар Арысов

Алматы

Яндекс.Метрика