Home » "Коммунист Казахстана" » Мұражайдың мерейі тасыды

Мұражайдың мерейі тасыды

Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы өнер музейінің 20 жылдығына арналған «Жаңарған, гүлденген Атырау» атты тұңғыш рет суретшілердің республикалық пленэр-көрмесі өткізілді.

Еліміздің түкпір – түкпірінен келген танымал қылқалам шеберілері Атыраудың келбетін қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, мұражай қорына қайталанбас ерекше туындыларды қалдырды. Шараның басты мақсаты: Республикалының белгілі суретшілерінің табиғат аясында дүниеге келген туындыларын бүгінгі күні көрермен назарына ұсынып, өзге де танылмай жүрген жас дарындардың өнерімен таныстыру еді.

Аталмыш мерекелік көрмеге республикамыздың Алматы, Астана, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және жергілікті суретшілердің(барлығы 25 суретші) Сарайшықта табиғат аясында салған таңдаулы туындылары шығарылды. Астана қаласынан Сембіғали Смағұлов, Алматыдан Табылды Мұқат, Павлодардан Өсербай Шоранов, Шымкенттен Зұлқайнар Қожамқұлов, Ақтаудан Құлбай Айтбай, Алматыдан Лиза Қалимова, Оралдан Қайыр Оразғалиев, Алматыдан Асқар Есдәулетов, Ақтөбеден Марат Габдрахманов, Ілия Жақанов, Атыраудан Бақтыгерей Телеубай, Отарбай Кендір, Қамбарбек Аманов, Айса Отаралиев, Әділхайыр Жантасов, Эльмира Жұмабаева, Гүлмаржан Махамбетова, Сәдір Кәрібай, Исім Арстанов, Манарбек Давлетьяров, Сағын Абзалов, Жанәбіл Рахыметов, Рафаэль Слекенов, Нұрлан Бермағамбет, Құлсары қаласынан Ғалым Нұрдәулет қатысты.

Пленэр француз тілінен аударғанда «en plein air – таза ауада» деген сөзді білдіреді. Қоршаған ортаның, бейнелердің күннің шуағындағы көрінісін айшықтайтын кескіндемелік тәсіл болып табылады. Суретшілер далада жарық пен көлеңкенің қарым-қатынасын және түстердің өзгеруі, күннің құбылуының әсер етуін жеткізуге тырысады. Пленэрдің дамуынан импрессионизм бағыты пайда болды. Қазіргі кезге дейін әлем бойынша суретшілер пленэрге шығып жұмыс істеуді шығармашылық тәжірибесінде қолданып келеді. Жайық өзенінің дыбысы, жағалау, сай менен жыралар, ауылдағы төрт түлік – бұлардың бәрін суретшілер өз этюдтерінде керемет бейнелеген. Пленэрге қатысқан 25 суретшінің жұмысы көпшілікке таныстырылып, барлығы да Ш.Сариев атындағы өнер музейінің қорына сыйға тартылды.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрлан Мұратұлы Ерғалиев көрмеге жиналған қауымды мерекемен құттықтап, пленэрге қатысушы суретшілерді марапаттап, «Алғыс хат» пен ақшалай сыйлық табыстады. Сонымен қатар өнер музейінің қызметкерлерін облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, облыстық мәдениет басқармасының алғыс хаттарымен және ақшалай сыйақымен марапаттап, табыс етті.

Мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері Республикалық кәсіподағы комитетінің Атырау филиалының төрағасы Қуандық Батырұлы Батыров сөз сөйлеп, өнер музейі қызметкерлерін марапаттады.

Салтанатты жиынға қатысушы қонақтардың атынан Астаналық суретші Сембіғали Абзалбекұлы Смағұлов сөз сөйледі.

Суретшілер атынан жергілікті суретші, көрнекті композитор, жазушы, публицист, музыка зерттеушісі Ілия Жақанов сахнаға шығып сөз алып, өз алғысын білдірді.

Өнер музейінің қызметкерлерін марапаттау үшін, бүгінгі шараны қорытындылап, музей басшысы Жайдарбек Зайдоллаұлы Зайдуллин осы шараны ұйымдастыруға белсене ат салысқан барлық қатысушыларға, облыс басшыларына шексіз алғысын білдірді. Алаңда одан әрі облыстық халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Көрмеге қала тұрғындары, шақырылған қонақтаржәне Қазақстан Коммунистік халық партиясы Атырау облыстық комитетінің ұжымы үлкен оқу орындарының ұстаздары, студенттері, суретшілер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріде атсалыса қатысты.

Гүлжан Инжелова

Атырау қаласы

Яндекс.Метрика