Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Мектепке жол – өмірге жол!

Мектепке жол – өмірге жол!

Еліміздің бүкіл аумағында «Мектепке жол» атты Республикалық қайырылымдық шарасы өткізіліп жүргеніне бірнеше жыл болды.  Жылда аталып өтетін шараның мақсаты барша балаларды орта  біліммен қамту, олардың ешқайсысының білім алудан тыс қалып қоймауына атсалысу. Әсіресе, бұл қайырымды іс-шара тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалар үшін маңызды. Өздерін ешкімнен кем сезінбей толыққанды сапалы білім алуға әр бір бала құқылы. Қуантарлық жағдай, елімізде қайырылымдық көрсетуші аға-апаларымыздың аз болмауы. Балалардың барлығы бақытты балалық шақ кешуіне қол ұшын беріп жүрген азаматтарымызға алланың нұры жаусын!

ҚКХП Қызылорда облыстық комитеті де өз ретінде аталған «Мектепке жол» шарасы аясында қайырымдылық жасаудан құр қалмауды ұйғарды. Үстіміздегі жылдың 20-шы тамызы күні қаламыздың КБИ ауданында орналасқан №197 орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына ішіне керекті оқу құралдары салынған арнайы мектеп портфельдері табысталды.

Сонымен қатар айта кететін жай, обком мүшелері «Мектепке жол» акциясы аясында бизнес өкілдері арасынан серіктестер іздестіріп, «Орда IT-сервис» атты ЖШС мен келісімге келген. Соның нәтижесінде тағы да бірнеше балаға оқу-құрал алу мақсатында ақша бөлінді. Сол себепті, ҚКХП Қызылорда обкомының мүшелері 2013 жылдың 27-ші тамызы күні қаламыздың орталығында орналасқан №4 С. Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінде болды. Осы күні аталған мектеп қабырғасында «Мектепке жол» қайырылымдық іс-шарасын ұйымдастырған болатын. Сол шараның құрметті қонақтарының бірі болып ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің І-ші хатшысы Телеубаев Талғат Рахымұлы болды. Оның себебі тек қана балаларға қол ұшын беру емес, сонымен қатар Телеубаев жолдас осы мектептің түлегі болғандығы. І-ші хатшы өз қолымен балаларға сый-сыйяпат табыстап, сөз сөйледі. «Еліміздің болашағы балалар және олардың жарқын өмір сүруі үшін біз өз үлесімізді қосатын боламыз» деді сөз соңында Телеубаев жолдас. Ал, балалардың сыйды қабылдағандағы қуанышты жүздерін көргенімізде біз де бір марқайып қалдық.

                                                                       Майра Жүнісова

ҚКХП Қызылорда обкомының

                                                                       баспасөз хатшысы

Яндекс.Метрика