Home » "Коммунист Казахстана" » Мемлекеттік қызметке үміткерлер психометриялық тестілеуден өтетін болады

Мемлекеттік қызметке үміткерлер психометриялық тестілеуден өтетін болады

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан “Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі” атты ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісов осылай мәлім етті.

“Біздің агенттік әзірлеген мемлекеттік қызметке кадрларды таңдау жүйесі бойынша іріктеп алу жұмысы бүгінгіден біршама өзгеретін болады. Заңнаманы білу деңгейін тексеретін тестілік бақылаудан бөлек, іріктеу барысында кандидаттар тағы бір тестілік сынақ өтетін болады.

Енгізілетін жаңа тестіде мемлекеттік қызметке үміткердің мінез-құлқына баса мән беріле отырып, келешек қызметкердің жұмыс тиімділігі бағаланып, болжанады. Бұл үшін қызметшінің кәсіби тұлғалық құзыреттілігін бағалауға бағытталған арнайы психометриялық тест әзірленген, ол сынақтан өткізіліп жатыр”, – деді Қ. Нұрпейісов.

Оның айтуынша, аталған тест мемлекеттік қызметке кандидаттың ағымдағы құзыретін ғана айқындап қоймайды, сонымен қатар оның мемлекеттік қызметші ретіндегі келешек дамуы бойынша әлеуетті мүмкіндіктері де айқын бағаланады. “Бұған көшбасшылық, стрестке орнықтылық, тез араласқыштық секілді мінездерін бағалау да жатады”, – деді агенттік төрағасы.

Яндекс.Метрика