Home » СМИ о КНПК » «Мен халқым үшін туғанмын»

«Мен халқым үшін туғанмын»

Деп толық айта алатын, өмірге құштар жан, абзал ана, аяулы әже, саясаткер, кәсіпкер жайлы әңгіме өрбімек. Ол – Ұмсындық Байзақова.

Ұмсындық Болысбекқызы Байзакова – Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттығына Қазақстанның Коммунистік Халық партиясынан кандидат болып сайлауалды додаға түскен жандардың бірі. Жиырма жылдан аса саналы ғұмырыңызды мемлекеттік органдарда қызмет атқарып, бүгінде елде белгілі болған, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Астана қалалық комитетін басқарып отырсыз, саясатта әйел адам сирек кездеседі, мемлекеттік қызметтен қол үзіп неге саясатқа бет бұрдыңыз?

–         Адам дүниеге келгенде баянды ғұмыр, тағылымды өмір кешсем деп талпынатыны бар. Өмір жолының биігіне көтеріліп, асуына да шығуға ұмтылатыны бәрімізге мәлім. Мен қарапайым отбасында өмір есігін ашып, ауылды жерде балалық шағымды өткіздім. Өмірдің ащы-тұшысына да төзіп, талайды басымнан өткердім. Кеңес уақыты кезінде мемлекеттік органдарда қызмет атқару әйел адамға оңай түсе қойған жоқ. Қисын-сыры да баршылық.  Әрине, саясатқа уақыт ара келемін деген ой болған емес. Бірақ, Кеңес Одағы ыдырап, Кеңестік Компартияның ізін жалғастырған Қазақстанның Комммунистік партиясының тағдырынан шет қалмадық.  Адам есейген сайын, жүрегіндегі жан-жылуын, қол-ұшын беруге әзір болады. Қазақстанның саяси картасында түрлі саяси партиялар пайда бола бастады. 2004 жылы Қазақстан Коммунистік Халық партиясының жетекшісі Владислав Косаревпен танысуым саясатқа араласуыма үлкен ықпал жасады. Ол кезде ҚКХП енді құрылып, алғаш қадамдарын жасап жатқан еді. Бірден маған Астана қалалық комитетті басқаруға ұсыныс жасады.  Ол үлкен жауапкершілік екенін мен әрине түсіндім, бірақ жоқ деп айтуға батылым бармай, комитетті басқаруға кірістім.

Осы өткен жеті жылда өмірге деген көз-қарасыңыз өзгерді ме, комитеттің қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз…

–          Өмірге деген көз-қарасым тамырлы өзгерді деп айта алмаймын, өмірде ұстанған принциптерім қалды. Кішкентайымнан ата-анамның жамандыққа барма, адамды қор қылма, өтіріктен аулақ бол, қолынан келсе жақынына жәрдемдес дегенді үнемі естен шығармадым. Қалалық комитетті жеті жыл бұрын есіме түсірсем, өзім таң қаламын. Қала шетіндегі ескі ғимараттың босағасын паналаған біз, амалын тауып қала орталығынан орын тептік. Партия мүшелігіне Қазақстанның компартиясынан және  қала тұрғындарын  партия қатарына қабылдауға үлгере алмадық.  Бірақ, «Бірлік барда, тірлік бар» демекші, қазір қалалық комитет Астананың қақ ортасында, зәулім ғимаратта орналасқан, партия қатары да ауқымды өсті, елге танымал, саяси өмірде өзіміздің орнымызды тапқан партиялардың біріміз.         

Алдағы келе жатқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутатығына кандидат болып додаға түстіңіз, не себеп болды, өйткені бұл деген әр ер адамның қолынан келе бермейтін іс…

–         Сөзіңіздін астарын түсініп отырмын, әрине партия атынан  елге шығып, сөз сөйлеу де аса жауапты іс. Қазір еліміздің саяси жағдайы өте күрделі. Партиялар билік тізгініне таласып, Мәжіліске өз кандидаттарын ұсынды. Біз де тыс қалмадық, өйткені ҚКХП халықтың қамын ойлаған партия болып құрылған едік, сол бағдарымыздан таймай, әлі күнге дейін қоғамдағы тұрғын үй, бағалардың шарықтауы, жұмыссыздық мәселелерін шешуге бар күшімізді салып келеміз. Күнделікті қалалық комитетте мен  10-15 кісіден қабылдаймын, барлығы қамқор іздеп келеді. Әрқайсысынын мәселесіне құлақ қойып, тыңдап, бар мүмкіндігімізше көмек көрсетуге тырысамыз. Партия үшін, алдағы 15 қаңтар күні болатын Сайлауға түсуі аса маңызды іс. Мен өзімді депутаттыққа ұсынған емеспін, қалалық комитеттің ұсынысымен кандидат атанып отырмын. Соншалықты істі мойныма алғаннан кейін, әрине маған деген сенімді ақтауға бар күш-жігерімді салудан тайынбаймын.

Ұмсындық Байзақова – батыл әрі батыр атағына толық ие деп әңгіме сонында айта аламыз. Ол билік басында болу қаншалықты жауапкершілікті, күрделі екенін айқын түсіне отырып, оған артқан үмітті ақтамауға қақысы жоқ деп шешкен сынды. Талай жылдар бойы кеңес үкіметінің қызметінде, енді қазір саясатқа етене араласа отырып, ол орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын бір сәт те естен шығармағанына куә болдық. Ұмсындық Болысбекқызы – партия қатарында ауқымды қызмет атқарған мерзімнің өзінде – ақ өзінің жоғары мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен елге таныс болып, ой өрісі биік, тағылымы терең жан екенін талай мәрте дәлелдеген еді.

Сұхбаттасқан Н. Мақжан

Яндекс.Метрика