Home » "Коммунист Казахстана", № 27//19.07.2013 » Мигранттар күрегімізге таласуда

Мигранттар күрегімізге таласуда

Жаз шыға Алматы қаласында екі қолға бір күрек іздеген қырғыз бен өзбектің қарасы көбейі кетеді. Биыл да солай.  Еңбек мигранттарының нөпірі толастар емес. Статистикаға сүйенсек, еліміздің аумағында 450 мыңға жуық Өзбекстан азаматы тұрақты өмір сүріп жатыр. Бұдан бөлек,  500 мың өзбекстандық еңбек мигранттары бар.Тәжікстан, Қырғызстан мен Қытайдан келгендерді есепке алмағанда, бір ғана өзбек жұртынан 1 миллион адам келген.  Оның үстіне, Малайзия, Моңғолия және Тайландтан келген биші, аспазшыларды оңтүстік астанадан жиі көруге болады. Олардың  көші-қон заңын бұзбағанын анықтау қиын. Олар қызметкер ретінде тіркелмей-ақ айлықты қолма-қол алуы мүмкін.

Ресей еңбек мигранттарына қатысты заңдарды қатандандырып жатқандықтан енді  олар үшін Қазақстан таптырмас еңбек нарығы болмақ. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, өзбектер мен қырғыздар үшін Алматы дәл іргеде орналасқан. Айлық та өз елдерімен салыстырғанда едеуір жоғары. Екіншіден, Қазақстан Ресей секілді мемлекеттік тілді білуді талап етіп отырған жоқ. Тілдерінің қазақ тіліне жақын, яғни аудармашысыз-ақ сөйлесу мүмкін болғандықтан, орыс тілін білмейтіндерге де Қазақстан таптырмайтын ел. Үшіншіден, қауіпсіз. Алматы да бидай өңді, көзі қысықтарды соққыға жығып, өлтіріп жатқан скинхедтер атымен жоқ.

Алайда көрші елдерден ағылған еңбек мигранттарының көптігі Қазақстанға соншалықты пайдасы жоқ. Әлемдік дағдарыстан кейін құрылыс саласы саябырсығаннан кейін оларға көп сұраныс жоқ. Тек қана жекеменшік тұрғын үй саласы болмаса. Рас, қазір елімізге жақсы мамандар жетіспей жатыр. Бірақ еңбек нарығындағы сұранысқа сай келетін мамандар олардың арасында жоқтың қасы. Көбі – білігі аз қара жұмыс күші. Мигранттардың басым бөлігі құрылысқа жалданады. Айына 200-300 долларға да заңсыз жолмен де жұмыс істеуге тартынбайды.  Көші-қон полициясының қырағы көзіне іліккендер ел заңын бұзғаны үшін 10 тәулікке дейін қамауға алынса, бір жыл бойы еңбек етуге рұқсат алмағандар Қазақстаннан қуылады.

Ел аумағында еңбек етуге рұқсат алу да оңай емес. Ол үшін құрылыс компаниялары еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш білдіруі керек. Бірақ  басқарма құжат беруден бас тартуы да ықтимал. Өйткені, бұл басқарма жетіспей жатқан мамандар болмаса, қара жұмыс күші ретінде жұмыссыз жүрген қазақстандықтарды еңбекпен қамтуды көздейді.

  Бейресми деректерге қарағанда, елімізде екі миллионға жуық жұмыссыз бар. Мамандардың айтуынша, мемлекеттің құны сан миллиард болатын жобаларын іске қосылса, жұмыссыздықты түбегейлі шешуге болатын көрінеді. Сонда жұмыс орнына таласпай, өз азаматтарымызға да, еңбек мигранттарына да екі қолға бір күрек табылмақ.

Cанжар Арысов, Алматы

Яндекс.Метрика