Home » "Коммунист Казахстана", №31//20.09.2013 » Моноқалаларды дағдарыстан шығару бағытындағы жұмыстарда негізгі мәселелерге назар аз аударылуда

Моноқалаларды дағдарыстан шығару бағытындағы жұмыстарда негізгі мәселелерге назар аз аударылуда

Жуырда Үкіметте еліміздегі моноқалалардың жағдайы қаралды. Моноқалалар деп бұрынғы Совет Одағы кезінде белгілі бір өндірістің маңайында бой көтеріп, дамыған, бірақ қазіргі кезде жұмыстың жоқтығынан халқының біразы көшіп кеткен, дағдарысты бастарынан кешіп жатқан елді мекендерді айтамыз. Еліміз бойынша бұндай 27 қала бар екен. Онда бір жарым миллионнан астам адам тұрады. Төрт қаланың халқы жүз мыңнан асады, олар Теміртау, Рудный, Жаңаөзен, Екібастұз. Қалғандарынікі орташа алғанда елу мыңның маңайында.

Осы қалаларда қалыптасқан ауыр әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін Үкімет арнайы бағдарлама да қабылдаған болатын. Ол биыл басталып, 2020 жылға дейін жалғаспақ.

Жалпы, бұл елді мекендердегі ең басты проблема жергілікті халық үшін жұмыстың болмауы болып табылады. Әсіресе, Арқалық, Кентау, Ақсу қалаларындағы жағдай өте нашар.

Үкіметте моноқалалардағы осы мәселелерге арналған жиында сөз сөйлеген өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биыл мемлекет аталған моноқалалардағы қалыптасқан жағдайды оңалту үшін 10 миллиард теңге бөлді. Ақша, оның айтуынша, бірінші кезекте, абаттандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жұмсалады.

Қай моноқаланы алып қарасаң да, халқының біразы көшіп кеткеннен кейін қаңырап бос қалған үйлер мен обьектілерге толы. Бұлар өз кезегінде халықтың көңіл-күйіне теріс ықпал етеді, әрі әлеуметтік жағдай үшін де  нашар. Сондықтан аталған бағдарлама аясында оларды 2015 жылға дейін сырып тастау ұсынылады. Оған Үкімет ағымдағы жылы 750 миллион теңге бөліп отыр, деді бірінші вице-министр.

Жалпы, жартылай қираған, бос қалған, қаңырап тұрған үйлердің ең көбі Арқалық қаласында екен. Бұнда үйлердің сексен пайызы жартылай бұзылған күйде. Содан кейінгі кезекте Абай, Қаратау, Жаңатас қалалары.

Қазірдің өзінде Жаңатаста 62, Қаратауда 18, Абайда 16, Арқалықта 17 үй сырылып тастау үстінде.

Ал аталған жерлердегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Үкімет не істеп жатыр? Халық үшін жұмыс орындары қашан ашылмақ?  Жергілікті халық қалыптасқан жағдайға қашанғы төзе береді деген сұрағымызға келетін болсақ, Үкімет қабылдаған аталған бағдарламаның басты мақсаты экономиканы диверсификациялау, монобағыттан алшақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өнеркәсіп орындарын ашу болып табылады. Жергілікті жердегі билік экономиканың шикізаттық емес саласында кем дегенде 100 жұмыс орнын ашу инвестициялық жобасын іске асыруы керек. Бұл маңызды мәселе болып табылады. Қ.Өскенбаевтың сөзіне қарағанда,  жиырма бес мың жұмыс орнын қамтитын осындай 47 жоба жоспарланған көрінеді. Бұған 950 миллиард теңге қарастырылған. Осы жобалардың қазіргі кезде іске асырылғаны тоғыз ғана. Атап айтқанда, Степногор, Хромтау, Балқаш, Жезқазған, Арқалық, Екібастұз қалаларында іске қосылды.

Қарап отырсақ, бұл қалалардың басым бөлігінің жағдайлары бұрын да жаман емес еді, қазір де жаманға ұқсамайды. Тізімдегі Арқалық қаласынан басқасының  барлығында қалыптасқан өнеркәсіп ошақтары бар, қазір де жаман жұмыс істеп тұрған жоқ. Балқаш, Жезқазғанда мыс болса, ол жоғары қарқынмен өндіріліп жатса, Екібастұз әлемге көмірімен әйгілі. Хромтау мен Степногор да өндірісті ошақтар. Сондықтан бұл қалалардың халқы жұмыс таппай, дағдарыста деп айта қою әлі ертерек. Ал Арқалық, Кентау, Жаңатас, Абай және т.б. моноқалалардың күйіне келсек, бұндағы жағдай шынында да адамның жаны ашитындай. Сондықтан Үкіметке бірінші кезекте осындай елді мекендерге көмек қолын созуы қажет. Сонда ғана моноқалалардағы әлеуметтік экономикалық жағдай жақсара түспек. Ал бұл статистика Үкіметке бірінші кезекте бағдарламаны жақсы іске  асырып жатырмыз деу үшін ғана қажет болды ма екен?

Ал Жітіқара мен Лисаковск қалаларындағы осындай екі жобаға қаржы мен инвесторлар ізделіп жатса, ал Сәтбаев, Рудный, Серебрянск, Шахтинск қалаларында проблемалар баршылық, сондықтан тоқтап тұр.

Моноқалаларды көтерудегі тағы бір бағыт шағын және орта бизнесті дамыту екендігін жаңа атап өттік. Сондықтан мемлекет бұл бағытты қолдауға ағымдағы жылы 4,7 миллиард теңге қаржы қарастырыпты. Бірақ, өкінішке орай, оның бар-жоғы бір миллиарды ғана игерілген. Мемлекет кәсіпкер он төрт пайызбен алған кредиттің он пайызына дейін жабуға көмектеспек, яғни бұл шынында да үлкен көмек болмақ. Бірақ банктер кепілзаты жоқ немесе құны төмен тұлғаны несиелей де қоймасы анық. Ол үшін кепілдікті әкімдіктер неге бермеске?

Үкіметтің осындай дағдарысты бастан кешіп жатқан моноқалалардағы ушыққан әлеуметтік жағдайдың деңгейін төмендету үшін жасап жатқан қадамдарының ішіндегі нақты іске асыруға болатыны – аталған жерлердегі адамдарды еліміздің жұмысы бар, экономикалық әлеуеті мықты аймақтарына көшіруді қолға алуы болар еді.

Мысалы, еліміздің оңтүстік аймақтарында халық тығыз орналасқан. Өнеркәсіп, өндіріс орындары жоқтың қасында. Халық негізінен ауыл шаруашылығы, жеке бақшаның арқасында жандарын сақтап отыр. Ал еліміздің солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінде жұмыс баршылық. Алматы мен Астананың өзі қаншама халыққа жұмыс беріп отыр. Осы жерлерге халықтың көшіп баруы үшін тұрғын үйлер салу, жер беру мәселелері неге шешімін таппай келеді? Тіпті, өмірдің өзі көрсеткеніндей, адамдардың бір жерден екінші жерге көшіп баруы үшін ең басты мәселе – тұратын жер мәселесі шешілсе болды. Жұмысты өзі-ақ тауып алады.

Рас, кез келген мәселені шешу үшін қыруар проблеманы еңсеру керек. Бұл бағытта Үкімет жұмыс жасап та жатыр. Бірақ соның қарқындылау, сосын нақтырақ болғаны  керек. Әйтпесе, қаптаған бағдарламалар бар, кейбіреуі бірін-бірі қайталайды, керек емес салаға ақша сұралады, сосын үйлестіру жағы ақсап жатады. Сондықтан аймақтарды дамытудың бірыңғай тұтас бағдарламасын жасау қажет сияқты. Сонда бюджеттен ақша бөлу жағы да ашық әрі түсінікті бола түсер еді.

Отырыс барысында моноқалаларды дамытуға арналған бағдарлама бойынша істелген жұмыстарды тыңдап, саралай келіп, Үкімет басшысы Серік Ахметов біраз сын айтты. Атап айтқанда, аймақ басшылары моноқалаларды дамыту бағытында  инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға көбірек көңіл бөліп кеткен. Ал бағдарламадағы негізгі бағыттарға азырақ көңіл бөлінуде. Яғни, моноқалалардағы экономиканы диверсификациялау, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу, орта және шағын бизнесті кеңейту жағына назарды аз бөлуде. Міне, осы бағыттағы жұмыстар ғана аталған елді мекендерді дағдарыстан шығару, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен қаланың дамуына септігін тигізбек.

Тағы бір бағыт ретінде үлкен қалалардағы шағын бизнестің моноқалаларды да қамтуын айтуға болады. Бірақ, бұл үміт бермейтін ой. Өйткені моноқалаларда жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң халықта ақша жоқ, ал ақша жоқ жерге бизнес аяқ баса ма? Баспайды. Бұл экономиканың заңдылығы. Сондықтан бизнес ол жаққа мемлекет көмектессе, шығынын жабуға қол ұшын берсе ғана барады. Әрі бұл жерде негізгі мақсат ақша табу емес, халықты жұмыспен қамту болуы керек.

 

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика