Home » "Коммунист Казахстана" » Нұрғиса Тілендиев атындағы “Өз елім” саз фестивалі мәресіне жетті

Нұрғиса Тілендиев атындағы “Өз елім” саз фестивалі мәресіне жетті

Үш күнге ұласқан фестиваль жеңімпаздарының есімі “Конгресс холл” сарайында аталды.

Ал Астана қаласы әкімінің кубогі мен 1 200 000 теңгенің кімге бұйыратыны гала-концерттің соңына дейін құпия сақталды. “Вокал” аталымында әйелдер вокалы бойынша бас жүлдені Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншісі Бибігүл Жанұзақ жеңіп алды.

Бірінші және екінші орындар астаналық Сымбат Тасбергенова мен Айзада Капоноваға табыс етілді. Үшінші орын алматылық Әсем Сембина мен астаналық Гүлсара Жазитоваға берілді.

Ерлер вокалында бас жүлдені Талдықорғаннан келген Есенгелді Ырза қанжығасына байласа, бірінші және екінші орындар алматылық Хамит Отарбаев пен Фархат Кубиевтерге, үшінші орын астаналық Ербол Семғалиұлына бұйырды.

“Домбыра” аталымында бас жүлде астаналық Сәттібек Баяқовтың бағы жанды. Бірінші орын Алматыдан келген Данияр Байжұмановқа, екінші орын Нұрғиса Дәуешевке бұйырды. Ал үшінші орынды оралдық Жарас Сатыбалдиев пен семейлік Дидар Исаханов бөлісті.

“Дирижер” аталымындағы бас жүлде алматылық Арман Жүдебаевтің қанжығасында кетті.

Бірінші орын астаналық Нұрлан Бекеновке, екінші орынды алматылық Жұмат Адай Ержанұлы иеленді. Ал үшінші орынға Ақтөбеден келген дирижер Елубай Кенжеғалиев пен көкшетаулық Әлихан Ыдырысовтар лайық деп табылды.

Өзге өнерпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушылардың бірқатары Астананың өнер ұжымдары – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, Астанадағы қуыршақ театры, Астана жас көрермендер театры, Астана қаласының өнер мұражайы, “Қазақ әуендері” АҚ тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Марапаттау рәсімі саз байқауының жеңімпаздары мен қазылар мүшелерінің гала-концертіне ұласты. Бұл күні Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаевалар Нұрғиса әндерін шырқап, көрерменді әнмен әлдиледі. Ал Алтынбек Қоразбаев Нұрғиса Тілендиевке арнаған “Қараша қаз, қайдасың?” әнін орындады. Гала-концерт соңына қарай фестивальдің негізгі жүлдесі – әкім кубогі мен 1 200 000 теңгенің иесінің есімі аталды. Бұл сыйлыққа үш аталымда бас жүлдеге ие болғандар арасынан Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жеке дауыстағы әнші болып қызмет ететін Есенгелді Ырза лайық деп танылды.

Қайталанбас тұлғаның қызы Дінзухра Тілендиеваның айтуынша, жақында Нұрғиса Тілендиев туралы төрт кітаптың тұсауы кесілмек.

Яндекс.Метрика