Home » "Коммунист Казахстана", № 42//06.12.2013 » Нақты жұмыссыздық деңгейін жасырудың не қажеті бар?

Нақты жұмыссыздық деңгейін жасырудың не қажеті бар?

Еліміздегі жұмыссыздардың нақты саны қанша екендігі жөнінде әркім әр түрлі айтады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қазіргі кезде 470 мың жұмыссыз адам бар екен. Ал нақты алып қарағанда бұдан бірнеше есе көп екендігін жұрттың бәрі де біледі. «Білмейтін» тек тиісті органдар ғана. Мемлекеттік органдар халықты жұмыспен қамтамасыз ету саласындағы өздерінің жұмыстарын барынша асырып көрсету мақсатында нақты жұмыссыз жүрген адамдардың санын жасырып көрсететіні ешкімге де жаңалық емес. Жұмыссыз жүрген адамдардың санын азайту үшін, яғни статистиканы бұзбау үшін, бұл санатқа неше түрлі адамдарды кіргізе береді. Ауылды жерде бірнеше малы немесе бақшасы бар адам да жұмыссыз жүрген адам болып есептелмейді. Ал ауылды жерлерде қандай жұмыс орны бола қойсын, сондықтан әр түрлі амалдарды қолданып, оларды өздерін өздері жұмыспен қамтып отырған адамдар ретінде де есептеп қойған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы осы уақытқа дейін 256 мың адамды жұмыспен қамтыған екен. Егер де Қазақстанда барлық жұмыссыз адам төрт жүз жетпіс мың адам екенін ескерсек, бұл үлкен көрсеткіш. Бірақ бір түсінбестік бар, мысалы, аталған бағдарлама 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Ол кезде жұмыссыздық деңгейі 475 мың адам болатын. Яғни, жұмыссыздар саны бар жоғы бес-ақ мың адамға ғана кеміген. Егер де аталған бағдарламаға екі жүз елу алты мың адам қатысқандығын ескерсек, бұл сан екі есеге дейін төмендеуі керек қой. Олай болмаған. Яғни, билік бұл жерде бір нәрсені жасырып отырғандығы белгілі болып қалады.

Министрдің айтуынша, аталған адамдардың 132 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонда жұмыссыздықтың бар болғаны бес-ақ мыңға азайғанын қалай түсінуге болады? Бұдан шығатын қорытынды «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы жұмыссыздықпен күресудің тиімсіз түрі болып шығады.

Негізінен жұмыссыздықтың ресми деректері шын жағдайды көрсетпейтінін жұрттың бәрі де біледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген санат шенеуніктер үшін жақсы болды. Жұмыссыз жүргендердің барлығын осы санатқа тыға береді. Сөйтіп, елімізде жұмыссыздық деңгейі төмен секілді ахуал қалыптастырады.

Жұмыссыздық туралы сөз еткенде тек қана ауыл адамдарын емес, жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан жас мамандар туралы да айту керек. Көбінесе бұл санаттағылар ескеріле бермейді. Мысалы, өткен жылы Астанада оқу бітірген бес мың маман әлі күнге дейін жұмыс таппай жүр екен.

Жұмыссыздық жастарды қылмысқа итермелейтінін жиі айтып жатады. Жұмысқа алу үшін пара талап еткен жұмыс берушілер туралы да естіп жатырмыз. Осының бәрі бұл саладағы жағдайдың күрделі екенін білдіреді. Ресми органдарға еліміздегі жұмыссыздықтың нақты деңгейін жасыра бермей оны ашық көрсететін кез келді. Нақты жұмыссыздық деңгейін жасырудың не қажеті бар?

Одан да «ауруын жасырған өледі» дегендей, мәселені шешуге мықтап кіріскеннен екі жақтың да ұтары көп болмақ.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика