Home » "Коммунист Казахстана" » Оқушылардың жазғы демалыс мерзімі қысқармайды

Оқушылардың жазғы демалыс мерзімі қысқармайды

Соңғы кездегі алып-қашпа әңгімелерге қатысты бүгін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай деді.

Мектеп бітіруші түлектерге қатысты тағы бір жаңалық. Биылдан бастап ұлттық университеттерге түсу үшін кем дегенде 70 бал жинау қажет. Сақылдаған сары аяз білім беруге айтарлықтай әсер еткендей! Еліміздің барлық аймақтарында дерлік, біразға дейін оқу тоқтап қалды. Алаңдаулы ата-аналар білім және ғылым министрінің жеке блогына назын айтып, ұсыныстар жолдап жатты. Мәселен, жазғы демалыстың мерзімін бір айға қысқарту жайы бірді қуантса, бірді мұңайтты. Қоғамда сан алуан пікір қалыптасты.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Мен ойлаймын осы Қазақстанда осы біздің жазғы каникулдың мерзімі өте дұрыс деп ойлаймын. Бірақ келешекте біз мұны қарауымыз керек. Қалай болу керек? Бірақ министрлік ештеңені бүгін өзгертейін деп отырған жоқ. Сондықтан мен ата-аналарға да айтатыным, ұстаздарға да айтатыным ешқандай өзгерісті біз қарастырып жатқанымыз жоқ.

Ұлттық университеттерге түсудің шекті балы 70-ке көтерілді

Биылғы мектеп бітурші түлектерді тағы бір сын күтіп тұрған сыңайлы. Министр Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, енді ұлттық университеттерге түсу үшін кемінде 70 бал жинау керек.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Ұлттық университеттер ол Қазақстанда 9-ақ университет. Олардың деңгейін көтеруіміз керек. Онда түсетін балалардың сапасы өте биік болу керек. Сондықтан жаңағы ақылы болсын, грантқа түсетін конкурстағы балалардың балы ол 70-тен төмен болмауы керек деген шешім қабылданды. Ол өте дұрыс деп ойлаймыз.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы 5-6 жылда ұлттық университеттерге түсіп жатқан түлектердің көрсеткіштері 80 балдан жоғары.

Марченко: Соңғы 3 жылда теңге ең тұрақты валюта болып отыр

2009 жылдың ақпаны мен 2012 жылдың ақпаны аралығында теңге ең тұрақты валюта болды. Ұлттық банк Басқарма төрағасы Григорий Марченконың Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осылай айтты.

«Валюталар айырбастау бағамында АҚШ долларына шаққанда теңгенің құбылмалығы төмен болды. Ол 2,3 пайызды құрады. Бұл Австралия долларында – 17,8 пайыз, Канада долларында – 13,8, рубльде – 13,4 пайыз, еурода -13,2 пайызды, иенде 12,8 пайызды құрады»,- дейді Г. Марченко. Оның айтуынша, бұл елдердің бәрі жеткілікті деңгейде шикізат бағасына тәуелді. Ұлттық банк 2009 жылы ақпанда теңгенің бір сәтті девальвациясын жүргізді. Бұл шара валюта нарығындағы ахуалды айтарлықтай тұрақтандыруға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін қолдауға, елдің төлем балансының жай-күйін жақсартуға және алтын валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік берді.

Ұлт болам десең – ұлттық сусыныңды ұлықта

Ілгерідегі Тибет медицинасының білгірлері «Барлық аурудың қақпасы – ауыз» депті. Ал әр нәрсенің жілігін сөзбен шаға білетін қазақ «Ауру – астан» деп айтып кеткен. Дұрыс тамақтанбау ас қорыту жүйесінің бұзылуына соқтырады, ал оның арты түрлі кеселдерге жетелейді. Академик Төрегелді Шармановтың ойынша ауру-сырқаудың – 70, өлім-жітім көрсеткішінің – 60 пайызы тамақтануға байланысты екен. Осындайда құнан қымыз бен қою шұбатты сусын деп танығанбабаларымыздың денсаулығы бүгінгілерден мықты әрі бұрынғылар бізге қарағанда анағұрлым ұзақ жасағанын ескере кеткен жөн. Әрине астындағы атынан ғана емес, алдындағы асынан да айырылған қазақ 70 жыл бойы қазының орнына колбаса жеп, қымыздың орнына сыра ішті. Санамызда бұл күнде сілкіністер болып жатыр. Бірақ ұлттық сусындарға келгенде әлі де марғаумыз. Кей қандастарымыздың асқазанына шұбат пен қымыз жақпайды-мыс. Есесіне солар көпіршіген сыраны кекірік атқанша сіміруге бар. Сондықтан ауруға ем, сауға қуат берген қымыздан көрі ит ішпейтін сарысудың саудада жолы болып тұр. Есесіне бабалардан қалған сусынды басқалар иемденіп кетті. Германия бие сүтінен балалар тағамын жасаса, Бельгия шоколад, балмұздақ өндіріп буыны қатпаған балдырғандарына беріп жүр. Олимпиадаға қатысатын спортшыларын қымызбен баптайтындар да бар. Ал біз қолдағы алтынды қадірлей алмай келдік. Соңғы 4-5 жылда ата кәсіпті жаңғыртуды қолға алды кей азаматтар. Мемлекет оларды қолтығынан демеуге даяр. Биыл қазақтың ұлттық сусындары шұбат пен қымызға субсидия бөлінбек.

Дидар Әбдіғожаев – Қасымбек ауылының тұрғыны. 6 жылдан бері желісінен – құлын, күбісінен – қымыз үзілген емес. Шаруашылығын небәрі 5 биеден ғана бастаған шағын кәсіпкер бүгінде 50 жылқының иесі. Оның ішінде 20 бас сауын жылқысы бар. Күніне 70-80 л қымыз сататын ол жылқымен қатар түйе шаруашылығымен де айналысып, үлкен зауыт ашуды мақсат етіпті. «Түйе – бабын таба білгенге нағыз табыстың көзі» дейді кәсіпкер.

Шілде айында мұсылмандардың тұңғыш дүниежүзілік әлеуметтік желісі іске қосылмақшы

Salamworld Ислам мәдениеті мен мұрасын таныстыру мақсатымен жобаланған байланыс платформасы ретінде қызмет бермекші.

Қазірде 4 елден 7 инвестор Ислам елдері үшін әлеуметтік желі құруға дайындалып жатқан көрінеді. Salamworld деп аталатын осы әлеуметтік желі әлемде Ислам мәдениеті мен мұрасын таныстыру мақсатымен жобаланған байланыс платформасы ретінде қызмет бермекші.

Дереккөзінің хабарлауынша Salamworld алғашқы ғаламдық саммитін Стамбулда өткізген. Әлемнің 30 елінен келген қонақтарға осы саммитте Ислам әлемінде мұсылмандарға пайдалы компьютерлік технологияның қолданылуы таныстырылған. Осы тақырыпта пікір алмасулар болған.

Орталығы Түркияда болып табылатын әлеуметтік сайт 5 жылда 500 миллион қолданушыны қамтуды жоспарлап отырған көрінеді.

Salamworld атқару комитетінің төрағасы Абдул Вахед Ниязовтың мәлімдеуінше, халықаралық жоба – salamworld.com-ның мақсаты — бүкіл әлемде мұсылмандар арасындағы байланысты нығайту. Онда зиянды мағлұматтар іріктеліп беріледі. Сонымен бірге, жоба аясында Ислам Алтын динары бойынша онлайн сауда платформасы да құрылмақшы.

Яндекс.Метрика