Home » Атырауский обком » Облыстық саяси партиялар филиалдары жетекшілерінің барша Атырау халқына үндеуі

Облыстық саяси партиялар филиалдары жетекшілерінің барша Атырау халқына үндеуі

20 – қыркүйек күні «Болашағымызды бүлікшілерге бермейміз!» атты діни тақырыпты талқыға салумен конференция өтті.

Бүгінде Қазақ елі аңсаған арманына жетіп, тәуелсіз еліміздің жоғы табылып, өшкеніміз жаңғырып жатқаны анық. Осындай жоғалған құндылықтарымыздың бірі – асыл дініміз. Дәстүрлі дінді берік ұстап үлкеннің сөзін ұйып тыңдаған халық үшін ұлт келешегі мен ұрпақ тәрбиесі маңызды нәрсе.

«Еңселі елдің іргесін есер ағым бұзар» деген халық даналығы бар. Терроризм мәселесі соңғы уақытта еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне басты қауіп төндіретін дәрежеде емес, тек ықтимал қауіп – қатер ретінде ғана қарастырылғаны анық. Алайда соңғы кездердегі, әсіресе өңірімізде орын алған жағдайлар мен жалпы жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың жетегіне кетуі қоғамның бірінші проблемасы болып отыр.

Дәстүрлі исламды дұрыс жағынан насихаттап, имандылыққа тәрбиелеп жүрген жастар аз емес. Дегенмен олардың жұмыстарын қара ниетте пайдаланып, жат ағымның өсуіне ықпал жасаушыларға тосқауыл қоя білу қажеттігі туындап отыр.

Жарылыс жасап дүниені өзгерту мүмкін емес. Сондықтан еліміздің тыныштығын ұран етіп, ұлттық идеологияны басты бағыт қылып, саяси сауатты ұрпақ өсіруге үндейміз.

Аталған мақсатта Нұр Отан халықтық демократиялық партиясы мен бірлесе барлық саяси партиялар салауатты ұрпақ тәрбиелеуде, қоғамымыздың, болашағымыздың жарқын да биік белестердең көрініп, ұлттық тәрбие беруде алға қарай бірлесіп күш жұмсап, еңбек етуде дайын етуге дайын екендігін мәлімдейді. Қосыбаев Кеңес Темірұлы Нұр Отан Атырау облыстық филиалының орынбасары. Бұл конференцияға «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы», «Руханият», «Ақ жол» партияларының өкілдері қатынасты.

Біз қаншама рет елемеуге тырыссақ та, экстремистік топтардың қоғамға қарсы әрекеті ашық жүре бастады. Бұған соңғы кездегі Атырауда болған оқиғалар куә. Ендеше, халықтың қалыпты тіршілігіне қауіп туғызатын мұндай келеңсіз құбылысқа қарсы тәрбиелік шаралар да барынша ашық болуы тиіс. Енді бізге жасыратын ештеңе қалған жоқ. Ардагерлер, жастар, барлық қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, білім мен тәрбие беретін орындар, жалпы жұртшылық болып, лаңкестікке батыл қарсы тұруға тиіспіз. Әсіресе, жастарды бізге жат діни ағымдардан сақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Себебі, ұрпақтың болашағы – ұлттың болашағы. Бұл ел ішінде «Болашағымызды бүлікшілерге бермейміз!» атты қоғамдық қозғалыстың пайда болуына ықпал етті. Адам баласының дінге келуінің әртүрлі себептері бар. Ең бастысы — әлеуметтік фактор. Көп жағдайда жастарымыз дінге дағдарыс уақытында, басына қиындық туғанда, тұрмыс жағдайы төмендегенде келеді. Яғни, осы кезде біреудің көмегіне, рухани қолдауына мұқтаж болады. Тығырыққа тіреліп, шығарға жол таппай жүрген адам діннен жанына тыныштық іздейді. Өйткені, дінде «Алланың сынағы» деген түсінік бар, яғни, сол арқылы адам сабырға келеді. Басына қиындық түскен сайын біреулер шөлмекке қарай ұмтылса, енді біреулер дінге жақындай түседі. Міне, жас буынның осы кезін қалт жібермеу керек. Онсыз да оның ой түкпірінде осыған дейін де «маған қиындық кезінде ешкім көмектеспеді, мемлекет қолдау білдірген жоқ» деген ішкі реніш жатады. Егер ол осы кезде дәстүрлі жолды ұстанушылардан кеңес алса адаспайды, ал теріс ағымдағылардың жетегінде кетер болса, реніші өрши түседі. Яғни, олар сол адамды өздерінің түпкі мақсаттары – шариғат жолымен жүретін мемлекет құру идеологиясына тарта бастайды. Бастапқыда оған бұл идеология жат болып көрінуі мүмкін, бірақ, біртіндеп сіңіп кеткенін өзі де байқамай қалады.

Мұның шындығын сондай әрекетке барған адамның өзі айта алатын болар. Жалпы, теріс әрекетке барған жастардың арасында орта білімі, сондай-ақ, жоғары білімі бар азаматтар да кездеседі. Шын мәнінде оның қаншалықты сауатты екені белгісіз. Өйткені, ақылы, санасы бар адам өзгенің қанын төгуге бармас еді, – деді осы тақырыпқа толғаныспен ой қоса отырып, ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Ғұсманұлы Дәулетқазиев.

Бүгінде «сақалы барлар мен орамал таққандар — теріс жолдағылар» деген қалыптасқан қасаң қағиданы ұстанатын ата-аналар баласы дін қабылдай бастағанда-ақ оған бірден қарсы шығады. Ал, дінді жаңа қабылдаған жас адамның бойында қызуқандылық болады да, ол ата-анасына өзінше қарсылық білдіреді. Екеуара түсіністік болмаған соң уақ-түйек мәселенің өзінен үлкен ұрыс шығып жататын жағдайлар кездеседі. Ата-анадан қолдау көрмеген ол қоғамнан көмек күтеді. Егер қоғам да оған жат кісідей қараса, ол адаса бастайды. Осы кезеңді өз пайдасына асыратындар оны бауырына тартып, қатарына қосады.

Демек, жастарымызға «жиһадты» қару алып қарсыласу, соңында мерт болу деп түсіндіреді ме?

Иә, жастар «жиһадты» қантөгіс, соғыс, өзіндік ұстанымды күшпен орнату деп түсініп жүр. Тіпті, «жиһадты» қасиетті соғыс деп аударады. Өйткені, олардың санасына «біздер жиһад етуіміз керек, дінімізді жаю үшін қалыптасқан жүйені құртуымыз керек» деп құйып жатыр. Ал, шын мәнісінде «жиһад» – бір мақсатқа жету үшін барлық күш-қайратыңды жұмсау. «Ең жақсы жол қандай болса, адамзатты дінге сонымен шақыр. Сондай-ақ, олармен күрескенде де күрестің ең керемет түрімен күрес» деген Алланың әмірі бар. Бұл жердегі күрес «соғысу» мағынасында емес.

«Жиһад» – Алланың дінін бейбіт түрде жаю. Бейбіт түрде дегенім, тарихта Пайғамбарымыздың дінді күштеп үйреткендігі туралы дерек жоқ. Ол Ислам дінін жаю үшін емес, өзгелердің қыспағынан мұсылмандарды аман алып қалу үшін, яғни, қорғану үшін соғысты. Соның өзінде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман еместерге қару көтерген жоқ. Ал, біздің мемлекетте мұсылмандарға қандайда бір қысымшылық көрсетіліп отыр ма? Керісінше, жер-жерден көк күмбезді мешіттер тұрғызылып, оларға барлық жағдай қарастырылған.

Соңғы уақыттарда облыс көлемінде белең алып отырған оқиғалар тізбегі кез келгеннің жүрегін жаралап, жанын түршіктіреді. Теледидар арқылы ғана естіп жүрген «терроризм» деген пәле өмірімізге дендеп еніп келе жатқандай қорқыныш ұялатады,-дейді Руханият партиясының мүшесі «Оралман – Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаржауов Құдайбай Мұхамбетұлы.

Иә, бәріміз де – Алланың құлымыз. Жұма күні намазға жығылайын деп Құлсары қаласындағы мешітке баратынымыз бар. Сондайда көретініміз – қаптаған сақалдылар. Ал, олардың басым бөлігі — жастар. Сан мыңдаған жылдар бойы аузында «Алласы» бар, жат ағымдағы діннен бойын аулақ салған, рухы биік, иманы дұрыс ел едік қой. Болмысымыз бен тәрбиемізге жат, өзге дінді ел ішіне енгізіп отырғандардың көздегені не?

Бұндай бүлінушілікке жол бермеуіміз қажет. «Террористер», «жарылыс» деген сөздердің өзі қорқынышты естіледі. Ал, қазір біз соларды көзбен көріп, құлақпен еститін болғанымыз өкінішті-ақ.

Сондықтан, жастарға күнә арқаламай, бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешкеннің қандай рахат екенін терең түсіндіре алсақ екен. Лас ағымдардан аулақ болып, ел бірлігін сақтай білейік дегім келеді.

Терроризм мәселесі соңғы уақытқа дейін елімізде ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде емес, ықтимал қауіп-қатер ретінде ғана қарастырылып келді. Ал, соңғы кезде еліміздің кейбір аймақтарында орын алып отырған террорлық әрекеттер қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.

Сонымен, «діни экстремизм» дегеніміз – қоғамдағы дәстүрлі діннің құндылықтарын жоққа шығару. Дәстүрлі дінге жат «идеяны» белсенді насихаттау. Қоғамға белгілі бір діни конфессия бойынша өз түсініктері мен көзқарастарын насихаттау. Соңғы жылдары экстремистер өз мақсаттарына жету үшін «қанды террорлық» әрекетті құрал ретінде қолданып, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.

Гүлжан Халамғалиқызы

Атырау

Яндекс.Метрика