Home » Алматинский горком » Он жылда шешілмеген өткел мәселесі

Он жылда шешілмеген өткел мәселесі

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитеті оңтүстік астананың қала әкімшілігінің назарын екі бірдей мәселеге аударды. Біріншісі – жол ақысының 80 теңгеге көтерілуіне деген студенттердің наразылығы. Екіншісі – халық көп жүретін көшелерде өткелдердің жоқтығы.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласында жол ақысы 80 теңгеге қымбаттаған. Бір қуанарлық жайт, студенттерге арналған жол жүру билетінің бағасы көтерілген жоқ. Бірақ, қыркүйек айында жол жүру билеті жетіспей, көп студент оған қол жеткізе алмай жатыр.  Олардың арасында оқу орнына бірнеше автобусқа отырып келетіндер де бар. Сондай-ақ Алматы қаласының төңірегіндегі елдімекендерден келіп қатынайтын студенттер көп. Кейбір қалалық бағыттар сол елдімекендерге дейін қатынайды. Қала шегінен шыққаннан соң, студенттерге үстеме ақы төлетеді. Және білім алып жүрген жастар үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Онсызда қалтасы жұқа студенттер үшін бұл жағдайлар ауыр соғып тұр. Студент жастар жанар-жағар май арзандаған кезде жол ақысының бірден аспандап кеткенін түсінбей дал.

Сол себепті де, ҚКХП-ның Алматы қалалық комитеті қала әкімшілігін бұл түйткілді шешудің тетіктерін қарастыруға шақырды. Сондай-ақ, жол ақысының күрт көтерілуінің себеп-салдарын егжей-текжейлі түсіндіріп, соған қатысты барлық нақты ақпараттарды беруді сұрады.

Екінші көтерілген мәселе – Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты Қалқаман ықшам ауданындағы №7 облыстық аурухана маңындағы өткел салу. Бұл аурухана Райымбек даңғылының бойында орналасқан. Тоғыз жолдың торабы болғандықтан күні-түні көліктер ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Бұл ауруханаға қоғамдық көліктер жақын маңдағы аялдамаларға тоқтағанымен, жолда жаяу жүргіншілерге арналған  өткел жоқ. Ауруханаға келген адамдар жолдан өте алмай қиналады. Жолдың арғы бетіне өту үшін ағылып жатқан көліктердің арасынан жас баладан еңкейген қарияға дейін жанын шүберекке түйіп, жүгіріп өтуге мәжбүр. Бұл – өте қауіпті. Өткелдің жоқтығына шағым айтып, арызданушылар көп.

«Конституцияда зайырлы, құқықтық, әлеуметтік ел екеніміз тайға таңба басқандай көрсетілген. Біз кішкентай өткел мәселесін он жылдан бері шеше алмай келе жатсақ, біздің әлеуметтік мемлекет екеніміз қайда? Алматы қаласының әкімшілігі түсініксіз шараларға қыруар қаржы бөліп жүр. Ал халықтың игілігі үшін қажетті өткел назардан тыс қалады», – дейді ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

Санжар Арысов

Яндекс.Метрика