Home » Жамбылский обком, Партийная жизнь » ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН!

ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН!

Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы бүгін – 9 шілде күні басталды. Исламдағы бес парыздың бiрi – осы Рамазан айындағы ораза ұстау болып табылады. Биыл Рамазан 1434 хижра жылы бойынша 9 – шілдеден 7  – тамызға дейін жалғасады. Ал Ораза айт мерекесі 8-10 тамыз күндері аралығында өтеді. Рамазан — Жаратушының мұсылман қауымына тартқан теңдессіз ұлық сыйы. Рамазан — жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Рамазан айының қадір-қасиеті мен мән-маңызы жайында жыл сайын мешіттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында да айтылып та, жазылып та жүр. Соның нәтижесінде болар құдайдың ризашылығы үшін ораза ұстаушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Бұл қасиетті айда ішіп-жеуге ғана емес, өсек-ғайбат айтпасын деп тілге, әдепсіз нәрсені көрмесін деп көзге, ондайларды естімесін, білмесін деп құлаққа, теріс нәрсені ойламасын деп ойға да ораза тұтады. Құранды көбірек оқып, зерделеп, құлшылық амалдарын неғұрлым көбірек орындаған сайын олардың сауабы да молаймақ.

ҚКХП –ның Жамбыл облыстық комитеті мен аудандық хатшылары мен бірқатар жас коммунистер жылда қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдегі ірі дүкендер мен супермаркеттердің иелері – бірнеше кәсіпкерлер мен біраз мекемелерді аралап, ораза айында сұранысы коп болатын азық-түлік тауарларына бағаны жоғарылатпауды және арақ-шараптарды сатпаудың мағынасын түсіндірді. Сәйкесінше кафелер мен мейрамханалардың иелері де халық коммунистерінің белсенділеріне алкогольдік ішімдіктерді дастарханға қоймайтындарын жеткізді. Бірқатар кинотеатрлардың иелеріне де ат басын бұрған жас коммунистер ораза айында зорлық-зомбылығы мен тәртіпсіздігі бар киноларды көрсетпеуге ұсыныс жасады.

 Аудан хатшылары да қасиетті айда азық-түлік өнімдеріне бағаны төмендету туралы аудандағы базар басшыларымен келісіп, дүкендердің бірқатарында алкогольдік тауарларды сатпауға келісті.  Рамазан айында мұсылман жұртының сұранысы көп тауарларға бағаны асыра жоғарылату күнә екендігін түсінетін азаматтар көп болса игі. Себебі өкінішке орай, қалталарын толтырамын дегендер бұл күндері өте көп. Олармен түсіндіру жұмыстарын қасиетті ай біткенше жалғасатынын жеткізген  ҚКХП Жамбыл облыстық комитетінің 1-хатшысы Жанна Мамашева барша мұсылман жұртын қасиетті рамазан айының басталуымен құттықтады.

Оразаң қабыл болсың, ұстаған жан! Қасиетті Рамазан айы барлық мұсылмандарға мүбәрәк болсын!

ҚКХП Жамбыл ОК баспасөз қызметі

09.07.2013ж.

Яндекс.Метрика