Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Орны жоқ миллиардтар

Орны жоқ миллиардтар

23 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан 10 миллиард доллар ізім-ғайым жоғалып кеткенін айтты. Қалайша? Жауапты кімдер? Ұлттық қор ел басына түскен қиын-қыстау кезеңдерде, яғни соғыс, тоқырау, табиғи апаттар кезінде пайдалануға тиісті нәрсе емес пе? Қолың сұғы бар шенеуніктеріміз бұл қаржыға да ауыз салған ба? Әуелі басқа сап ететін сауал – осы. Қолды болған 10 миллиард теңге – біреудің қалтасындағы ақша емес, халықтың несібі. Бізде 50 мың, 80 мың теңге алған шенеуніктерді он жылға соттайды да, 10 миллиард жоғалтқан министрліктің мұртын балта шаппайды. Бұл қалай болғаны? «Ертең 10 миллиард жоғалған жоқ. Есептелмей қалыпты. Мына жерге жұмсалыпты», – деп министрлік айтатын болса, онда министрліктердің біліктілігі жайында мәселе көтерілуге тиіс. Сонда дейміз-ау, елдің қаржысын кімге сеніп тапсырып отырмыз? 10 миллиард долларға қанша балабақша, жыл сайын 10 EXPO өткізуге, 10 жылға дейін халқымызға тарифтерді төлетпеуге болады емес пе? Жауаптылар міндетті түрде табылуы керек. Жазаға тартылуы қажет.

Бұл мәселеге қатысты мынаны айтқым келеді. Дағдарыс кезінде банктер үшін Ұлттық қор ойыншық болды. Дағдарыстан шығудың жолы тек қана мемлекеттен тегін қаражат алу деп түсіну – түбегейлі қате пікір. Сондықтан осы уақытқа дейін Ұлттық қордан алынған қаражат бір тиына дейін орнына қайтарылуға тиіс.

Қазір шенеуніктеріміздің ар тазалығы мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Отбасы, жеке қаражаты, тіпті, зәулім сарайлары да шетелде. Қазақстан олар үшін қасиетті отан емес, тек қана жем жейтін астауға айналып отыр. Шенеуніктер – елдің тұтқасы боларлық тұлға емес, халықтың қызметшісі. Ел байлығына ортақтасушы емес, орынды жұмсалуына септігін тигізуге тиісті қызметкерлер. Олардың жұмыстарын тексеруге, бақылауға қоғам құқылы әрі міндетті. Бізде осы жағы кемшін. Сол себепті де, шенеуніктеріміз кәсіпкерлерімізден бай тұратын жағдайға жетті.

Ғылым дәлеледеген мынадай заңдылық бар. Адамдардың 80 пайызы еліктеумен өмір сүреді. 90 жылдары жастардың дені рэкет болуға, солар сияқты сөйлеп, соларға сияқты жүруге құмартатын еді. Өйткені, жақсы үй, жақсы көлік, бума-бума ақша, сұлу қыздар рэкеттерде болды. Заман өзгерді, қазір жастарымыз шенеунік, әкім, мемлекеттік қызметкер болғысы келеді. Мақсаты – халыққа қызмет жасау емес,баю. Бұл үшін жастарды кінәлай алмаймыз. Бүгінгі күннің шындығы осы болса, қайтпекпіз? Біз мұндай стереотиптерді жойып, жастарға жібі түзу үлгі көрсете білуге тиіспіз.

Кейбір бейресми деректер бойынша, бізде орта тап он пайыздан аспайды. Шіріген байлар 1,2 пайыз ғана. Қалған 90 пайызға жуық халық түрлі деңгейдегі кедейшіліктің қамытын киген. Бұл – мемлекет тұрақтылығының іргетасы берік қаланбағанын көрсетеді. Осы мәселені шешу үшін ең алдымен халықтың 90 пайызы жұмыспен қамту қажет. Жұмыссыздық жойылғанда, әлеуметтік алшақтықты да мысқалдап жоюға болады. Мәселен, Орталық Азия елдерінен бізге гастарбайтерлер ағылып келеді. Алматыда аула сыпырушылардың 70 пайызы Қарақалпақстаннан келгендер. Оларға 40 мың теңге жалақы беріп, жұмыс істетеді де, айлық бердік деп әкімшіліктен 100 мың теңге алады. 60 мың теңгені қалтасына салады. Жұмыссыздықты азайту үшін гастарбайтерлер легін тоқтату қажет.

«Батпандап кірген дерт, мысқылдап шығады», – дейді қазақ. Рас, жемқорлық қоғамға батпандап кіріп алды деп бүгінде ешкімді таңқалдыра алмайсың. Әйтсе де, қысқа мерзім ішінде жемқорлық дертінен құлан таза арылған елдер аз емес. Алысқа бармай-ақ, күні кеше біз секілді Кеңес одағының шекпенінен шыққан Грузия бұған жақсы мысал бола алады. Қазір сел, су тасқыны жиі көрініс береді. Бұл – ешқандайда табиғи апат емес, биліктің жасаған жүйелі қателігі. Ұшақтардың, тікұшақтардың құлауы туралы да осыны айтуға болады. Қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде жолға қойылмаған. Он ескі ұшақтан бір жаңа ұшақ артық деп білемін. Осы апаттардың астарында да жемқорлықтың жатқаны құпия болмаса керек. Ауылды селден қорғауға тиісті былтыр салынған бөгеттердің қирауы, алты ай бұрын жөндеуден өткен ұшақтардың құлауы, су жаңа мектептің шатырын үп еткен желдің көтеріп кетуі – мұның айқын дәлелі.

Жемқорлықтың жаппай тамыр жаюына өмір сүру мен табыстың арасындағы алшақтық түрткі болып отыр. Күн көрістің ең төменгі шегі 7 пайызға көтерілді, ал баға 30 пайызға шарықтады. Шынтуайтында, дұрыс жалақы кем дегенде 6-7 кәрзеңкені құрауға тиісті. Қазіргі кезеңде ең төменгі жалақы 120 мың теңге болуға тиіс. Бірақ, үкімет бұған құлықты емес. Өйткені, шынайы есеп жүрсе, біз ең кедей мемлекеттердің бірі екеніміз анық көрініп қалады. Жалақы халықтың мұқтаждығын өтейтін болса ғана, азаматтар мемлекет үшін аянбай жұмыс істей бастайды деп есептеймін.

Қоғамдық институттардың беделін көтеру арқылы да жемқорлыққа тосқауыл қоя аламыз. Саяси партиялар арқылы халықтық бақылау орнату қажет. Саяси партиялар адамдарды әділдікке, арлы болуға, отансүйгіштікке шақыратын, азамат ретінде қалыптастыратын қоғамдық ұйым болуы тиіс.

Ар тазалығы жайында тарихта мысал аз емес. Мәселен, мұсылман әлемінің ардақты ұлы Салахадиннің басына Ватикан бір миллиард алтын теңге тіксе де, оған сатқындық жасаған ешкім болмаған. Абырой-атағы

ғасырларға созылған Салахадинның кедейлігі соншалықты, өлгенде үйінен кебінге жарарлық мата табылмаған. Францияда соңғы бірнеше ғасырда бірде-бір миллиардер шықпаған! Оңтүстік Кореяда адамдардың арлылығына қайран қалдым. Дағдарыс кезінде, тіпті, балалар ата-анасы берген ақшаның 70 пайызын мемлекеттік қорға апарып құйған! Біз ол халықтардан бір мысқал кем емеспіз. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», – деген халықпыз. Бұл – бабаларымыздың өсиеті. Тек бір өкініштісі, қазір қоғамда арлылықтың, адалдықтың құны түсіп, дүниеқоңыздық салтанат құрып тұр. «Ақылды болсаң, неге бай емессің», – деген мұхиттың арғы бетінінен келген елді құрдымға жіберетін тәмсіл – ұлттық идеологиямызға айналды. «Отанды сүю – иманнан» деген сөз бар. Имандылық, адалдық, турашылдық, мейірбандық секілді халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі құндылықтарын бірте-бірте жоғалтып барамыз. Сондықтан біз мектептің төменгі сыныптарынан бастап, жоғары сыныптарына дейін мемлекет үшін, қоғам, тіл үшін жан аямай күресетін, отан сүйгіш азаматтарды тәрбиелеп шығаратын жүйені қалыптастырған абзал. Сонда ғана халық қазынасынан 10-даған миллиардттар жоғалмайтын болады.

Елнұр Бейсенбаев,

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы

Яндекс.Метрика