Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » ОРЫНДАЛМАҒАН ЖОСПАР: МӘСКЕУ ҮШІН ШАЙҚАС

ОРЫНДАЛМАҒАН ЖОСПАР: МӘСКЕУ ҮШІН ШАЙҚАС

5 желтоқсан тарих беттерінде өшпес із қалдырған күн. Себебі дәл осы күні 1941 жылы 2 Дүниежүзілік соғыстағы ең ірі және маңызды шайқастардың бірі Мәскеу үшін шайқас жеңіспен аяқталды.  Халықтық коммунистерде бұл аутаулы күнді ұмытпай, жас ұрпаққа мұндай маңызды оқиғаларды түсіндіру керек деген ойда. Себебі біздің бастауымыз сол тарихта жатыр.

Неміс қолбасшыларының 1941 жылдың 16 қыркүйегінде берілген № 1300/41 бұйрығына сәйкес «Тайфун» деп аталған жоспар бойынша  Мәскеуді басып алуды Германияның “Орталық” армиялар тобы жүзеге асыруға тиіс болатын. Олар Мәскеуге шабуыл орыс қорғанысының омыртқасын сындырады. Осы шабуылдың барысында орыстардың ең ірі күштері талқандалады, өйткені олар Мәскеу үшін шайқасқа барлық күштерін төгетін болады деп ойлаған еді.

Неміс әскерлерінің Мәскеуге шабуылы 1941 жылдың 30 қыркүйегінде басталды. Жоспар бойынша, неміс әскері жаппай шабуыл жасай отырып, қыс түскенге дейін Мәскеуді басып алуға тиісті болды. Бұл міндетті іске асыру үшін Германия Мәскеу бағытына 74,5 дивизия (1,8 млн-нан аса адам), 1700-дей танк, 1390 әскери ұшақ, 14000 зеңбірек пен миномет шоғырландырды. Ал Мәскеу бағытын қорғап тұрған кеңестік Батыс Резерв және Брянск майдандарының құрамында 1250 мыңдай адам, 990 танк, 677 әскери ұшақ, 7600 зеңбірек пен миномет болды.

Гитлер шығыс майдандағы өз әскерлеріне: «Жауынгерлер! Сендердің алдарыңда Мәскеу тұр. Екі жылда құрлықтың барлық астаналары сендерге мойынсұнды. Сендер ғажайып қалалардың көшелерінде шерумен жүріп өттіңдер. Енді Мәскеу қалды. Оны бағындырыңдар, оның алаңдарында шеру жасаңдар. Мәскеуді алу – бұл соғыстың аяқталуы», – деп үндеу айтып, Мәскеуді аз уақыт ішінде алып, 7 қараша күні Қызыл алаңда өз туын тігетініне сенімді болды, тіптен күмән келтірмеді де.

Мәскеуге шабуыл жасауға қатысқан неміс әскерлері,  Гудерианның, Рейнгардтың және Гепнердің армиялары Польшаны жиырма шақты күнде, Францияны бір айда талқандаған тажалдар тобы болатын. Сондықтан болар неміс басшысының өз әсеріне сенімді болғаны, алайда ол КСРО әскерінің рухын, батылдығын ескермеген еді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында КСРО-ның жалпы саны 1 миллион болатын әскерлер тобы жаппай қарсы шабуылды бастады. Кеңес әскерінің жылдам толықтырылып, ешқандай үзіліс жасамай, бірден шабуыл тактикасын ұстауы немістер үшін күтпеген жағдай еді.

Мәскеу шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ауыр және ауқымды оқиғалардың қатарына жатады. Мәскеуді қорғау және қарсы шабуыл ұрыстарына екі жақтан 7 миллион әскер, 6,5 мың танк, 3000 ұшақ қатысты. Мәскеу түбіндегі немістердің жеңілісі «Шұғыл соғыс» («Блицкриг») жоспарын күйретумен қатар, фашистік Германия әскерлерінің «жеңілмейтіні» туралы аңызды да жоққа шығарды. Мәскеу түбіндегі шайқас Ұлы Отан соғысы барысындағы түбірлі бетбұрыстың негізін жасады, ендігі жерде шабуыл жасау бастамасы кеңес әскерлерінің қолына көшті.

Вячеслав Артемьев, АҚК Ардагерлер кеңесінің төрағасы:  

– Осы атаулы күнде біз ардагерлерге хабарласып, олардың қал-жағдайын сұрап, соғыс туралы еске аламыз. Мәскеу үшін шайқасқа қатысқан Алматы қаласындағы ардагерлер өткен күні Мәскеуге ұшып кетті. Оларды ресейліктер осы күнге байланысты, осы күннің маңызды екендігін ескеріп,  арнайы шақырып отыр. Ардагерлеріміз оралған соң «Коммунист Қазахстана» газетінің оқырмандарына олардың бұл сапардан алған әсерлері туралы толық айтып берімз және соғыс тақырыбына қатысты материалдар тізбегін одан әріқарай жалғастырамыз. 

 

Алматы қалалық комитеттің баспасөз хатшысы

 Әзімхан Гүлнұр

Яндекс.Метрика