Home » "Коммунист Казахстана", №30//13.09.2013 » ОТАН ОТБАСЫДАН БАСТАЛАДЫ

ОТАН ОТБАСЫДАН БАСТАЛАДЫ

8 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Отбасы күнi аталып өтедi. Жамбыл облысындағы үлгілі отбасылардың бірі – Мамашевтар отбасы. Бүгінгі жас отбасыларға үлгі болатын,  қызын – қияға, ұлын – ұяға қондырған Мамашевтар отбасының алып бәйтерегі, отағасы Әбдірахман Садықұлы  берекелі шаңырақ, шағын мемлекетті – отбасының әрбір мүшесін ерекше ықыласпен, ыстық сүйіспеншілікпен тәрбиелейді. Тараз қаласындағы үлгілі отбасылардың бірі болып жатқан, береке-бірліктің сақтаушысы, Мамашевтар отбасының ұйытқысы – Оксана Васильевна. Әбдірахман атаға 4 перзент сыйлаған Оксана апайымыз армян ұлтының қызы. Кезінде бұрымы тобығына дейін түскен ұлты бөлек болса да, жаны жақын болған жас Оксанаға ғашық болған Әбдірахман Садықұлы қазір өз өмірлік жарын таңдағанына еш өкінбейді. Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы Қызылсай ауылының қара қасы садақтай Әбдірахман армян қызына қалай үйленді екен? Сөйтсек… 7 жылдық мектебін ауылында бітірген соң Әбдірахман аудандық 10 жылдық мектепті тәмамдап, білім ордасы Алматыға бет алады. ҚазПИ-ге оқуға тапсырған Әбдірахманның 1 балы жетпей қалып, ол туған ауылына қайтып баруға ұят санап, депоға жұмысқа кіреді. Депода 1 жыл кочегар болып жұмыс істеген Әбдірахман ауылын сағынып, 3-4 күнге келгенде үйдегілері жібермей туған жерінде бір жыл ауылшаруашылық саласында істеген Әбдірахман келесі жылы Фрунзеге оқуға түседі. Ол Қырғыз ССР-інің мемлекеттік университетінде неміс тілі бойынша оқу оқып жүреді. Әбдірахман атаның айтуынша: «Мен университетте ең көрікті,спортшы, университет құрамасының капитаны болдым. Бір күні жігіттермен тұрсақ, ұзын шашты қақиып қалған, жас мұғалім секілді бір қыз өтті. Университеттің барлық қызын танитын жігіттер бейтаныс қызды көріп, «мынау кім? Қай пәннің мұғалімі?» деп сыбырсып қалдық. Сабаққа кірсек, ол қыз қыздардың артында отыр. Оксана мәскеуден отбасымен бірге Фрунзеге ауысқан екен. Ағылшын пәніне түскен Оксана бұрын ташкентте  тұрған екен, өзбекше судай сөйлейтін қыздың артына отырған біздер, бұл қыз біздің тілді білмейді ғой деп, «мына бәле қайдан келді? Шашын қара, ұзын екен» – дегенде. Оксана жалт етіп артына қарап бізге: «Жігіттер, мыналарын не? Жаман сөйлемеңдер!» дейді. Міне сол сәттен бастап, қаршадай армян қызы жүрегімді жаулап алды» Ал Оксана болса: «Университетте оқитын жас Әбдірахманға көп қыздар ғашық болған. Ол кезде студент жастар колхоздарда мақта теруге жіберілетін. Бір күні бізді бәрімізді  ауылшаруашылық жұмыстарына жәрдемдесуге – мақта теруге жібереді. 300-400 қыздың арасында 6-ақ жігіт. Бір күні түнде «Сен бізден Әбдірахманды тартып алдың!» деп Әбдірахманға ғашық болған қыздар маған жабылып, ұрыс-керіс шығарады. Олардың бәрін де жеңіп, махаббатым үшін күрестім десем де болады» – деп күлген Оксана апайымызбен бірге Әбдірахман Садықұлының отасқанына міне, 56 жыл болыпты. Әрине, ұлты бөлек армян қызын келін етіп отбасына қабылдау қиын болған Әбдірахманның ата-анасы қарсылық танытады. Алайда Оксананың ата-анасымен танысып, қыздың жақсы келін болатынына көз жеткізген олар баласының таңдауымен келіседі.

Өмірде де бір, қызметтері де бір – екеуі де ұстаз болған Мамашевтардың отбасында бір ғана талап – адал еңбекпен өмір сүру. Қарапайым адамгершілік құндылықтар мен бірге өз еліне деген сүйіспеншілікті, адалдыққа, ұлттық тәрбиеге баулитын Әбдірахман атаның еңбек жолы да ерекше. Жамбыл облысындағы бірқатар білім нысандарының салынуына тікелей ықпал жасаған Әбдірахман Садықұлы облыстағы білім басқармасында да Жамбыл химия-механикалық техникумда да басшы болған тұста көптеген білікті мамандарды даярлап, бірталай   бірнеше мектеп, балабақшалармен қоса қазіргі таңда республика көлемінде білімді жас өрендерді – талай білім додаларында жеңімпаздарды тәрбиелейтін қазақ-түрік қыздар және ұлдар лицейлерімен қоса «Ұлан» балалар үйін де ашты. Оксана Васильевна да Жамбыл олысындағы білікті педагог кадрларын даярлайтын пединститутта ағылшын пәнінен оқытушы болып, қазіргі облыстағы ағылшыне сабағынан сабақ беретін мұғалімдердің 80 пайызына дәріс беріп, оқытты десек қателеспейміз. Екі ұл – Бақтияр мен Қуанышты, екі қыз – Жанна мен Ақботаны сыйлаған Оксана апайымызда және Әбдірахман атамызда көз қуаныштары – 13 немересі, 3 шөбересі бар. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дегендей, отбасында тәрбие алған, көргенді жердің балалары сөзіне лайықты бұл үлгілі отбасының мүшелерінің әрқайсысы отбасының үлкендерін еш жерде ұятқа қалдырмай, жетістіктерімен қуантуда. Өмірлік жары, жұбайы Оксана Васильевна да қиын-қыстау кездерде жолдасына адал серік болып, қазір немерелерінің тәрбиесімен айналысады. Қазақ отбасында Оксана өз балаларын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келетіні заңды. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, өз отбасында балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған, бауырларына – тірек, жұртқа сыйлы, достарына – адал дос Әбдірахман Садықұлы ҚКХП-ның Жамбылдағы алғашқы хатшысы болып, жас партияның өңірімізде қалыптасуына көп ықпал жасады. «ҚКХП-ның мәртебесін ел арасында көтеру үшін не істеу керек?» деген сауалымызға Әбдірахман ата ойланбастан: «Тұрғындармен тығыз жұмыс істеу керек. Насихат жұмыстарын «болды-бітті» демей, шынайы тұрғындарға көмектесетін жағдайда істеу қажет. Халық жалаң ұрандардың бостығына, қалталарын толтырып, елдің қамын пысқырмайтын шенеуніктердің арсыздығынана ойып, шаршады. Қарапайым, адал еңбегімен, маңдай терімен нанын жеп отырғандардың жағдайын жасау қажет. Халықтық Коммунистік партия – атына заты сай халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын партия екені даусыз. Мен – коммунистпын. Әке көрген оқ жонар демекші, менің жолымды жалғастырушы қазіргі ҚКХП-ның обкомында 1-хатшы қызметін атқаратын қызым Жанна да партияның беделін арттыруға бағытталған көп жұмыстар жасап жатыр. Дегенмен де ол жұмыстар көлге құйылатын тамшы ғана, әлі де көп іс атқару қажет» – деген жауап қайырады.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.

К. Жасқазақова,

ҚКХП Жамбыл ОК баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика