Home » "Коммунист Казахстана" » Петров қазақ тілін үйретпек

Петров қазақ тілін үйретпек

Екі аптада тіл меңгеріп шығу мүмкін бе? Әлемдегі 30 ұлттың тілін меңгерген ресейлік лингвист Дмитрий Петровтың пайымдауынша, мүмкін екен.

Қазақстан халқы Ассамблеясының шақыруымен ғалым енді отандастарымызға қазақ тілін үйретеді. Әдістеме 2 сатыдан тұрады: Біріншісінде, тіл үйренуші аутотренингтен өтеді. Маманның айтуынша, сөздерді біле тұра адамның бойында үрей болады екен. Яғни, жөппелдемеде оларды қолдана алмайды. Әдістеменің өзгешелігі осында, алдымен адам осы қорқынышынан айрылады. Екінші сатысында, ауызекі тілге қажетті 300-400 сөзді үйренеді. Бұл істі толығымен жүзеге асыру үшін арнайы «Тілдарын» әдістемелік орталығы да құрылды.

Нәзипа Шанай, Қазақстан халқы Ассамблеясы әкімшілігінің сектор меңгерушісі:

Тілдік орта бар жерде қазақ тілінде сайрап тұрған Атыраудың не Батыс Қазақстанның қай облысын алсаңыз да, оңтүстікте тұратын өзге ұлт өкілдерін байқасаңыздар, қазақша біледі. Олай болатын болса, жаңадан енгізілетін әдістеме бойынша, бәлкім өз ана тіліне бас ұрмаған қазақтарды қызықтыру мүмкінігі туар.

ОҚО да «доңыз тұмауы» анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысында үш жүкті әйелден «доңыз тұмауы» анықталды. Өңірдің санитарлық бақылау қызметі бұл мәліметті ауызша растағанымен, ресми сұхбат беруден бас тартты. Бұған дейін қайтыс болған екі әйелдің өліміне де осы «H1N1 вирусы» себеп болуы мүмкін. Алайда, облыстық денсаулық сақтау саласының мамандары олардың нақты неден қайтыс болғанын жасырып, айтпай отыр. Осы төтенше ақпаратқа қатысты қазір өңірде Астанадан келген арнайы комиссия жұмыс істеуде.

Дене қызуы қатты көтерілген жүкті әйел Шымкенттің ауруханасына 20- қаңтарда жеткізілген. Құрсағында 4 айлық бала бар келіншекке медициналық көмек көрсетілгенімен, бірнеше сағаттан соң жансақтау бөлімінде көз жұмды. Аурудың белгілеріне қарап, науқас «доңыз тұмауына шалдыққан болуы мүмкін» деп қауіптенген дәрігерлер қазір науқаспен қатынаста болған 10 шақты маманды тексеруден өтуге жіберіпті.

Қалдыбек Әшірханов, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ клиникасының перзентхана меңгерушісі:

– H1N1 вирусы болуы мүмкін, деп әрине ешкім айта алмады. Бірақ, сондай боп қалмауы үшін науқаспен қатынаста болған дәрігерлердің бәрінің анализдерін зерттеу лабораториясына жібереміз.

Дәл осындай жағдай Мақтарал ауданында да тіркелген. 29 жастағы жүкті келіншек тұмаудан көз жұмған. Қос әйелдің де ауруханаға түскендегі сырқаттық белгілері ұсқас. Облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары бір емес, екі ананың өмірін жалмаған «тылсым дерттің» доңыз тұмауы екенін растамай отыр. Бірақ жоққа да шығара алмады.

Ғалымжан Әбіш, ОҚО денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары:

-Қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр. Зертхана қорытындылары екі аптадан соң дайын болады. Басқа ол туралы ештеңе айта алмаймын.

Оңтүстік Қазақстан облысында «үш жүкті әйелде H1N1 вирусы анықталғанын өңірдің санитарлық қадағалау қызметінің басшылары телефонмен тілдескенімізде растаған болатын. Алайда ресми сұхбат беруден бас тартты. Қайткенде де қазір Күнгейде Астанадан келген арнайы комиссия жүкті әйелдердің өліміне не себеп болғанын анықтап жатыр.

Есесіне еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті бұл жағдайға қатысты мүлдем керағар түсініктеме берді. Айтуларынша, доңыз тұмауын жұқтырды деген күдіктпен тексерілген 3 жүкті әйелден қауіп төндіретін ештеңе байқалмапты.

Айта кетейік, доңыз тұмауы Қазақстанда осыдан үш жыл бұрын алғаш рет тіркелген болатын. Сондықтан біздің елдің мамандарының қауіпті індеттің алдын алуда тәжірибесі бар.

Қазақстанда шетел өкілдерімен бала асырап алудың жаңа ережелері күшіне енді

Ағымдағы жылғы 17 қаңтарда күшіне енген “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” ҚР Кодексімен шетелдік азаматтармен бала асырап алу үрдісі тұжырымдамалы түрде өзгертілді.

Әділет министрлігі ресми сайтының мәліметінше, егер бұрынырақ шетелдік бала асырап алушылар тікелей асырап алатын болса, онда қазір асырап алу мәселелеріне тек заңды тұлғалар – агенттіктер, ҚР аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдіктері арқылы жіберілетін болады.

Бала асырап алушыларды іздеу және бала асырап алу үрдісін рәсімдеу бойынша қызметті жүзеге асыратын агенттіктерге Қазақстанда олардың құқық қабілеттілігін ресми түрде тану үшін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетте аккредиттеу рәсімінен өтуі қажет болады.

Өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асырып жүрген бала асырап алу жөніндегі агенттіктер аккредитациялауға жатады.

Агенттіктер 1 жыл мерзімге аккредиттеледі.

Егер агенттікпен заңда белгіленген барлық талаптар сақталған болса бұл мерзім автоматты түрде созылады.

Аккредиттеу тәртібі, құжаттар тізімі, өткізу мерзімі Кодекспен нақты реттелген.

Аккредиттеу туралы не одан бас тарту туралы шешім 10 жұмыс күні ішінде қабылданады.

Яндекс.Метрика