Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Ұшақ тұманның кесірінен құлаған

Ұшақ тұманның кесірінен құлаған

Сейсенбі күні Алматы облысында 21 адамның өмірін қиған, Алматы-Көкшетау бағыты бойынша ұшқан «Chellenger-200» ұшағының апатқа ұшырауына Алматы әуежайындағы ауа-райының қолайсыздығы себеп болған. Қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетті осындай ақпарат таратты. Бұл – басты басты нұсқа. Алайда оқиға тергеу-тексеру тобы барлық нұсқаларды қарастырып жатыр. Осы уақытқа дейін Сот медициналық орталығына мәйітті тануға қайтыс болған адамдың бес туысы келген. Айта кететін жайт, бұл орталыққа 21 марқұмның денесі жеткізілген.

Ұшақтың құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. «SCAT» әуекомпаниясы қаза болған жолаушылардың отбасына 3 миллион теңгеден көмек бермек. Апаттың себеп-салдарын анықтайтын комиссия жетекшісі, премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгін алғаш рет журналистерге ресми түрде сұхбат беріп, ұшақ апатынан қаза тапқан марқұмдардың отбасына 4 млн теңге қаржылай көмек берілетінін жеткізді.

Алматы әуежайы бүгін қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Кешегі дүрбелең де басылған. Алайда жолаушылардың кейбірі қайғылы оқиғадан кейін ұшудан қорқып қалдық деп отыр.

Айта кетейік, Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан ұшақ, 12-50 де қонуы тиіс болған. Алайда, “бір айналым жасап келіңіз” деген диспетчердің бұйрығын алған ұшақ қалың тұман кесірінен бағытынан адасып, 13 сағат 13 минутте радардан жоғалды деген болжам бар. Алматы әуежайы қолайсыз жерде тұр. Өйткені, сол аймақта ұдайы тұман болады. Ал, апаттың нақты себебін қазақстандықтар Мәскеу мемлекеттік авиациялық комитетіндегі тәуелсіз сарапшылардың 15 күннің ішінде дайын болатын қорытындысынан кейін білетін болады.

Апатқа ұшыраған «Challenger-200» ұшағын SCAT компаниясы былтыр қыркүйекте ғана алған екен. Жалпы CRJ типтегі ұшақ мамандар тарапынан көп сынала бермейтін әуе көліктерінің бірі. «Bombardier CRJ 200» типтегі ұшақ алғаш рет 1991 жылдың 1- мамырында әуеге көтерілген. Жылдамдығын сағатына 860 шақырымға дейін үдете алатын тар фюзелляжды техникасын өзінен үлкен «қанаттастарымен» қатар қоюға болады. «CRJ 200» моделі 50 орындық әуе кемелерінің арасында үздіктердің бірі.

Фюзелляжының диаметрі үш метрге жетер-жетпес «CRJ 200» ұшағына 1995-ші жылы бұрынғыдан да қуатты қозғалтқыштар орнатылып, оның ұшу мүмкіндігі артты. Осы уақыттан шығарыла бастаған техника «CRJ 200» деген таңбаға ие болды.

Негізгі сипаттамасында «CRJ 200» қолайсыз ауа райында да ұшуға қабілетті» делінген. Қала берді ол таулы аймақтардағы аэродромға да қона алады. Ұшақтың 50 орындық жоғары комфортабелді салонында былғары орындықтар орнатылған. Қажет кезінде оны толығымен бизнес немесе эконом классқа айналдыру мүмкіндігі бар. 2012-ші жылдың қыркүйек айында SCAT әуе компаниясы осындай 6 ұшақ сатып алған. Апатқа ұшыраған техника алғаш рет өткен жылдың 22-ші қыркүйегінде Шымкент-Алматы бағытына қатынапты.

Жалпы, өз тарихында «Bombardier CRJ» маркалы ұшағы 13 рет апатқа ұшыраған екен. Алғаш рет аталған типтегі ұшақ 1993-ші жылдың 26-шы шілдесінде экипаждың жаңсық әрекетінен АҚШ-тың Канзас штатында сынақ кезінде құлаған. Ең соңғысы бүгін Алматы маңында орын алып отыр.

Әкімшілік пен аталған әуекомпаниясы мәйіттерді жерлеуге, жеткізіп беруге уәде беріп отыр. Оқиға орнында болғанымызда, онда жұмыс істеп жатқан мамандар кешегіге қарағанда біршама азайғаны байқалады.

Елімізде ұшақтар мен тікұшақтардың құлауы жиілеп кетті. Соңғы апаттың алдында ғана сенатор Ғани Қасымов азаматтық ұшуларды үлгі етіп, ТМД елдерінен әскери ұшақтарды сатып алуды тоқтатуға шақырған болатын.

Санжар Арысов, Алматы

Яндекс.Метрика