Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Шиелі өңірінің үміті

Шиелі өңірінің үміті

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының жанында қоғамдық қабылдау жұмыс жасайтындығы баршамызға аян. Партия тарапынан заңгерлік кеңес беруге және елге әлеуметтік көмек көрсетуге зор ықпал жасалып отыр.

Қоғамдық қабылдауды заңгерлік білімі бар, халыққа әрдайым қол ұшын созуға даяр, тіпті, нағыз өз ісінің шеберлері өткізеді десек те қателеспейміз. Сондай азаматтардың бірі Қызылорда облысы ҚКХП Шиелі аудандық комитетінің І-ші хатшысы Алдияров Әбдімомын Шайбекұлы.     Әбдімомын ағамыздың партияда жұмыс жасамас бұрынғы еңбек жолы өте күрделі болған. Әр түрлі салада еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан лауазымды маманға дейінгі ұзақ еңбек жолында қарапайымдылығы мен еңбекқорлығын жолдас еткен. Сол қасиеттері үшін туған жерінде үлкен абыройға ие болып, сыйлы азаматтардың бірі бола білді. Қазіргі таңда да абыроймен атқарып келе жатырған жұмысы аудан тұрғындарының және жалпы жора-жолдастарының арасында үлкен беделге ие болуда. Шиелі ауданының І-ші хатшылығы қызметінде жұмыс атқарғалы облысымыздың басқа аудандарының арасынан ерекшеленіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келді. 2012 жылы өткен мәжіліс және жергілікті маслихат депутаттарын сайлауында да өзін жақсы көрсете білді. Ал, алған заңгерлік білімінің арқасында қоғамдық қабылдауды өзі өткізіп, бірнеше жемісті істердің ұйытқысы болды. Бүгінгі күні халықтың сеніміне ие болған Әбдімомын ағамыз талай заңгерлік кеңестер беріп, қарапайым халықты қолдап, талай әділетсіздікті әшкерледі.  Шиелі ауданының тұрғындары кез-келген жағдайда түрлі мәселелермен ҚКХП Шиелі аудандық комитететінің қоғамдық қабылдауына арқа суйей алатындығына және Алдияров жолдастың шыншылдығы мен кәсібилігіне әлдеқашан көз жеткізген. Сол себепті қоғамдық қабылдаудың төрі ешқашан босаған емес, бірде тұрғындар арыз-шағымдарымен келсе, бірде ризалықтарын білдіріп, алғыстарын айтып та келіп жатады. Туған топырағыңның тұрғындарына сәл де болса көмек көрсетудің өзі бір ғанибет. Әсіресе, әділдіктен күдерін үзген, өмірдің ащы шындығына әбден тойынған адамдардың көзіне үміт отын жағып, олардың үмітін ақтау нағыз азаматтың ісі.

Біз жұмыс бабымен Шиелі аудандық комитетіне барғанымызда, І-ші хатшының алдында оған алғысын жаудырып жатқан кісіге жолығып қалдық, мәселенің мән жайын сұрай келе қоғамдық қабылдауға соңғы үмітпен келген азаматшаның әділдік жолындағы күресте жеңіске жеткенін білдік, әрине Әбдімомын ағамыздың қатысуымен. Мәселен,  2012 жылдың тамыз айында  Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Қызылорда облысының Шиелі аудандық комитетінің қоғамдық қабылдауына  Шиелі кенті Сәтбаев көшесі №37-ші үй тұрғыны Әбжәлиева Гүлмира арызданып келеді.  Ол арызында аудандық оқушылар үйінің сол уақыттағы директоры Көптілеуова Гүлмира оны заңсыз жұмыстан шығарғандығы жөнінде айтты. Және де тек оны емес, сонымен қатар тағы да бірнеше адам тура осындай заңсыз жолмен жұмыстан босатылғандығы жөнінде мәлімдеді. Осы арыз бойынша ҚКХП Шиелі аудандық комитетінің І-ші хатшысы Алдияров Әбдімомын қатынас қағаз дайындап, оны тиісті органдарға жеткізді. Нәтижесінде Шиелі аудандық сотының үкімімен Көптілеуова Г. азаматшаны қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік кеңес жұмыстан босатып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2 жыл 6 айға шартты түрде жазаға тартылады. Ал, жұмыстан заңсыз шығарылған жұмысшылар орнына қайтарылып, бос жүрген күндерінің ақысы толығымен төленді. Әбдімомын ағамыздың айтуы бойынша шағымданып келген күні Әбжәлиева жолдас осындай нәтижеге қол жеткізетіндігіне күмәнды болды, ал, енді оның қуанышында шек жоқ болатын. Халықтың мүшкіл жағдайын жақсарту жолында партия қабырғасында осындай қоғамдық қабылдаудың болғандығына алғысын айтып, ниет-тілектерін білдіріп жатты.

Тағы бір мысал, Шиелі ауданына қарасты Бидайкөл ауылының тұрғыны Шиелі колледжінің мұғалімі Мырзабаева Ақперне арызданды. Арызында ол өзі жұмыс истейтін колледждің мұғалімі Дәрібаев Еділ есімді азамат жазықсыздан тиісіп, жаман сөздермен балағаттап ұрмақшы болғандығын айтты. Нәтижесінде Шиелі аудандық сотының қаулысы бойынша Дәрібаев Еділ 2 тәулік мерзіміне қамауға алынды.  Бұл оған сабақ болып, ендігі өз бетімен әрекет етпеуіне ықпалын тигізді деген ойдамыз.

Қолынан келгенше халық жағдайын жақсартуға тырысып, әділеттік орнатуға күресіп жүрген Әбдімомын ағамызға жасап жатқан еңбегі жемісті болып, үлкен жеңістерге, биік белестерге жете берсін, деген тілек білдіргіміз келеді.

 

                                                                           Майра Жүнісова,

         ҚКХП Қызылорда облыстық комитеті

17.07.2013ж.

Яндекс.Метрика