Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Тәртіпсіздік пен мәдениетсіздікті жоюға үндеу

Тәртіпсіздік пен мәдениетсіздікті жоюға үндеу

ейде, шет ел киноларын қарап отырып, ол жақтағы тәлім-тәрбиеге таң қаласың. Тіпті, кино мәдениеттіліктің нышаны екендігін ұмытып та кететін кездер болады. Балалар тұрмақ үлкендердің өзін кейбір эпизодтар ыңғайсыз күйге түсіреді. Ал, балалар болса қайта керісінше сондай көріністерге көбірек қызығушылық білдіреді. Оның себебі, қазағымыздың ұл-қыздарының батыс киноларынан алып жүрген үлгісі. Әрине, теледидар алдына балаларыңызды жолатпаңыздар деп айта алмаймын, дегенімен де, экранның арғы жағындағы өмір мен шынайы өмірді жасөспірімнің айыра білуіне ықпал ету әр-бір ата-ананың міндеті деп білемін. Қазір кез-келген дүниені ғаламтор беттерінен таба аламыз. Мыңдаған сұрақтарға жауапты осы бір ғажайып «интернет» атты күш иесі бере алады. Ғылым мен білім жолында ғаламтор бетін ашып отырсаңыз да еріксіз жарқ етіп шыға келетін вирусты жарнамалардың бары да рас. Сөздің қысқасы қалай қашсаң да, ұятсыз көріністерден қашып құтыла алмайсың. Дегенімен, өзін-өзі сыйлайтын азамат, көргендерін өмірде жүзеге асыруға тырыспайды деген ойдамын. Ал, егер көргендерін өмірде де қайталаса ше, онда қалай болмақ?

Менің манадан бері айтқым келіп отырғаным сіздердің біраздарыңызға тыңсық емес дүние. Тіпті, көбісі менімен келісетініне де сенімім мол, өйткені өзге елде тыйым салынған жағдай біздің елімізде қазіргі таңда өршіп келеді және де бұл өте өкінішті жағдай. Сонымен, көз алдарыңызға елестетіңіз, сіз көпқабатты үйдің тұрғынысыз, айналаңызда қоршалай үйлер, аулада енді адамдар шаруаларымен былай да былай өтіп жүр делік, олардың арасында кішкене бүлдіршіндер де бар. Сіз елестетіп отырып бұл қарапайым көпқабатты үйлердің тұрмыс-тіршілігі ғой деп ойлауыңыз мүмкін. Әрине, сіздікі жөн, бірақ осы бір күнделікті болса да керемет көріністі құртатын бір жағдай бар, мен өзім талай ол көріністің куәгері болдым. Сонымен, әр аулада орналасқан отырғыштарда бойжеткен қыз бен жігіт, кейде бір-бірінің үстінде, кейде құшақтаса отырып, айналасына мән берместен сүйісіп отырады. Қастарынан жүгіріп өтіп жүрген балаларға тіпті көздерінің қиығын да салмайды, дүниеде екеуінен басқа жан жоқтай, бір-бірінен айырылып қалардай жабысып отырады. Мен арине «заман өзгерді, заман ағымына сай» деген сөз тіркестерін түсінемін, бірақ заман өзгерді деп осындай масқараға жол беру дұрыс па? Көз алдымнан осы көрініс бірнеше рет өтті, сабақ уақытында сабаққа бармай ауладағы «скамейкаларда» осылайша уақытын өткізіп жүргендер бірен-саран деп ойламаймын. Тіпті, ауладағы орыс әжелер айқаймен көргенсіздерді қуып жіберіп жатқанын да көрдім, бірде орындарынан жақтырмай тұрып бара жатқан, ал кейде ұрысып жатса да безірейіп отырғандарын көрдім. Бүкіл жағдайда қазағымыздың қара көз қыздары мен жігіттері. Қалай ішің күймейді? Үйде әдептілікке үйретіп, ұқыптылықты талап етіп отырған балаларымыз неге аулаға ойнауға шыққандарында осындай көріністің куәгері болуы керек? Ұят қайда, ар қайда, намыс қайда? Үкімет қоғамдық жерлерде спирттік ішімдік ішуге, шылым тартуға, тіпті сағыз шайнауға тыйым салды, ол тәртіпті бұзған жағдайда олар айыппұл төлеуі тиіс. Менің ойымша мына бір масқара жағдайға да бір шешім табылуы керек. Олар әлі оқушы, ақша таппайды деп ойлауларыңыз мүмкін, бірақ істері бұл ойға тіпті қарама-қайшы. Бұл тек көпқабатты үйлердің емес, еліміздің бас ауруына айналатын мәселе болуы керек деп ойлаймын. Тәрбиесіздер тек өз намыстарын аяққа таптап қана қоймай заң бұзып жатқандығын сезінуі керек, терең ұғынуы керек. Мен осындай ұятсыз жастардың ата-анасын да, ұстаздарын да кінәлай алмаймын, себебі олар балаларын тек дұрыс жолға сілтейді, жақсы азамат болып өссін неген ниет танытады. Оған сенімім мол, алайда осы бір масқара жағдайдың болмағандығын қалаймын. Қолымнан келері көпшілік қауымнан осы бір жағдайға назар аударуларын сұрау, тіртіпсіздік пен мәдениетсіздікті жоюға үндеу.

 

                                                                 ҚКХП Қызылорда

                                                                 Майра Жүнісова

Яндекс.Метрика