Home » Атырауский обком, Партийная жизнь » «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!»

«Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!»

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалы

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!» атты қол добы спорттық ойын жарысын өткізді.

Жарыстың мақсаты: спортты дамыту, мектеп оқушыларын спортқа кеңінен тарту, спортқа деген көңілдің бөліну.

Волейбол спорттық ойынына № 24, 22, 27, 10 мектептерінің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Жарысқа жиналған қатысушылар тәуелсіздік үшін құрбан болған жастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні халқымыздың сан ғасырлар бойы азаматтық жолындағы, сол жолдағы көрген азаптары мен қиындықтарының жадымызда жаңғырып, жиырма екі жылға толып отырған мерзімде жеткен жетістіктеріміздің айшықты көрінетін мейрамы. Сондықтан да бұл күні тәуелсіздік жолындағы арпалыстың азапкерлері мен қаһармандары ойға оралатыны сөзсіз деді – Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев.

Сондықтан да қазақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс. Мінеки, ел болып тізгінді қолға алғанымызға, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ес жиіп, етек жапқалы да 22 жылдың жүзі болып отыр. Тәуелсіздігі жарасқан ел болайық. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!-деді Сәбит Мұханов атындағы №10 орта мектебінің директоры Темірбек Әшен.

Қазіргі қазақтың егемендігі – бұл бүгінгі ұрпақтың алдыңғы өткен бабалардан ақылды немесе данышпан, тәуекелшіл, кемеңгер болғандығын көрсетпейді. Өйткені,  ежелгі қазақ жерінде егемен мемлекеттің қайта жаңғырып, өркендегені үшін біз ең алдымен бабаларымызға қарыздарымыз. Тәуелсіздік – баба өсиетін, рухани тірлігін мәңгі есте сақтап, атадан балаға мұра ретінде қалдырудан туындап отыр.

Бұл ең алдымен ұлт тарихына да қатысты дүние. Мәселен, тәуелсіздік ұғымның байыбына терең бойлау қажет. Ал оның арғы бастауы ғасырларға созылып, бодандық бұғауынан құтылуға ұмтылған көптеген көтерілістереге ұласса, бергісі 19 – шы ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінің салып кеткен сара жолынан білінеді. Алаш қозғалысына жіті зерттеу жүргізулі әлі де көп дүниені жарыққа шығаруды қажет етеді. Қазақ топырағында дербес мемлекет құруға деген ұмтылыс осы алаш тұсында ұшқындап барып сөнді. Ал ондай тәуелсіздік бақытын көре отырып, біз – сол кезеңдегі қатаң тағдырда өмір кешкен ұлт зиялыларының қол бастаған әрекеттерін әлі күнге дейін орынды деңгейде көтере алмай келеміз.  «Алаш» ұранын ту қылып көтеріп, сын сағатта бостандық үнін жаңғыртқан ұлт қайраткерлері сол жолда өз бастарын тігіп, өмірін қиды. Ендеше, тәуелсіздіктің негізі болып табылатын алаш кезеңіндегі ауқымды сасяси үрдістерді ой елегінен өткізіп, оны болашақ ұрпаққа, жастарға үлкен бір тағылым ретінде таныту, келешек ұрпақтың санасына сіңіру үлкен ғибаратты шара болатыны сөзсіз.

Одан кейінгі ерекше тоқталатын кезең әрине – Желтоқсан. Алаш қозғалысы мен Желтоқсан оқиғасының сабақтастығы – бұл екеуі де тәуелсіздікке алғышарт қалыптастырады. Бостандық ұғымының ұлт бойында осылайша сабақтасып, туындының нәтижесінде ғана қазақ тәуелсіздігіне қол жетті. Дәл осы мерекені халық коммунистері  ұмыт қалдырмай мектеп оқушылары арасында қол добы спорттық ойын ұйымдастырды. Ойын сәтті басталып, жеңісті аяқталды. І орын Сәбит Мұханов атындағы №10 орта мектебінің оқушылары жеңіп алды. ІІ орын №22 орта мектебі алса, ІІІ орын № 24 орта мектебінің ерлер командасына бұйырды. Ойын соңында Ең үздік оқушыларды грамоталар және алғыс хаттармен марапатталып, І орын иеленген командаға «Коммунисттер кубогы» берілді.

 

 

Гүлжан Инжелова

ҚКХП Атырау облыстық филиалының

баспасөз хатшысы

18.12.2013ж.

Яндекс.Метрика