Home » "Коммунист Казахстана" » Техникалық мамандарға сұраныс көп

Техникалық мамандарға сұраныс көп

Президенттің еңбекке қарай 20 қадамды өз бағдарламасында нақты көрсетіп берді. Коммунистер маңдай термен келген адал еңбекті қашанда қолдайды. Бірақ қазір жұмыспен қамтамасыз етуде бірқатар олқылықтар бар. Мәселе, қазір жоғарғы оқу орнын бітірген адамдарды басқа мамандыққа баулып жатырмыз. Сонда, мемлекет бұл адамдарды 4-5 жыл басқа тегін оқытқан ба? Оған қаншама қаржы бөлінді десеңші? Сондықтан мемлекет алдымен қажетті мамандарды керегінше дайындау мәселесіне де көңіл бөлген жөн тәрізді. Бұл – бір. Екіншіден, жастарымызды өз мамандығы бойынша еңбек етуге баули алмай жүрміз. Мәселен, төрт жыл бойы кәсіби мұғалім даярлап, ертең ол басқа салаға кетеді. Ол мұғалімнің орнына сырттай оқыған адам жұмыс істейді. Бұдан қоғамда, балалар да ұтылады. Бұл да ойланатын жайт.

Мәселен, биыл Алматы қаласында 5 460 адам жұмыспен қамтылмақ. Әсіресе, еңбек нарығында техникалық маман иелерiне сұраныс көп. Ал қаржыгер, заңгер сияқты сәнге айналған мамандықтарға сұраныс жоқтың қасы. Керiсiнше, шаштараз, дәнекерлеушi, құрылысшы, электр маманы сияқты қарапайым жұмысшылар қат, сұраныс та жоғары болып тұр.

Айталық, бүгiнде қаладағы ең қажет мамандықтардың бiрi – қоғамдық көлiк жүргiзушiсi болып келедi. Кез-келген автобуста немесе троллейбуста «жүргiзушiлердi жұмысқа шақырамыз» деген жарнаманы көруге болады. Айлығы да жақсы – 120 мың теңгеге дейiн. Тіпті, тәжірибесі жоқ қоғамдық көлік жүргізушілерін өздері оқытып алмақ.

Сонымен қатар, сантехниктерге де сұраныс жоғары. Қазiр көп компаниялар тұрақты штаттық жұмысқа бiлiктi сантехниктердi iздеп жатыр. Олардың айлығы орта буынды менеджерлердiң, тiптi кейде жоғары бiлiктi менеджерлердiң еңбекақысынан да жоғары болады. Сондықтан, жұмысшы мамандықтардың табысы төмен болады деген пiкiр шындыққа сәйкес келмейдi.

Биыл ҰБТ кезінде оқушылардың көбi жоғары балл жинай алмады. Ал, баланы ақылы түрде оқытуға әрбiр ата-ананың қалтасы көтере бермейдi. Нәтижесiнде, кешегі мектеп түлектері студенттердiң қатарына емес, жұмыссыздардың қатарына ерiксiз қосылып жатыр. Дегенмен, бұл тығырықтан шығар жол да бар. Бұл жолды мемлекет «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы ұсынып отыр. Атап айтқанда, жоғары оқу орнына түсе алмаған балалар 30 айға созылатын оқу курсында кәсiби бiлiм ала алады. Кәсiби бiлiм беруге республикалық бюджеттен биыл 1 млн. 858 мың теңге бөлiнiптi. Айта кету керек, қазiргi таңда бағдарлама шеңберiнде кәсiби оқу курстарында 810 алматылық бiлiм алып жатыр.

Қазiр мамандығы болса да, осы мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген адамдар өте көп. «Жұмыспен қамту» бағдарламасының негiзгi бағыттарының бiрi – осындай адамдарға жаңа мамандыққа қайта оқыту арқылы көмек көрсету. Алматыдағы жұмыссыздардың негiзгi бөлiгi – әйелдер екенi жасырын емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2011 жылы Жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс iздеп келген 2112 адам тiркелiптi. Олардың 61 пайызы әйелдер екен. Ер адамдарға жұмыс табылады. Бiрi жеке көлiгiмен халықты тасып күнделiктi тiршiлiгiн жасаса, бiрi басқа да қосалқы жұмыстарды атқарып, тиын-тебенiн табады. Ал, әйелдерге қиынырақ. Әдетте, әйелдердiң 50 пайызының жоғары бiлiмi болады, алайда, институттан кейiн әйелдер тұрмыс құрады, сосын бала тәрбиесiмен айналысады. Сөйтiп, бала өсiріп, етек-жеңін жиған соң аналарымыздың қолда бар дипломмен жұмыс таба алмай қалады.

Алматыда қайта даярлауға, бiлiктiлiктi арттыруға 468 адам жiберiлiптi. Бүгiнде олардың барлығы оқуды сәттi аяқтап, тұрақты жұмысқа және әлеуметтiк жұмыс орындарына (жалақыны жарым-жартылай субсидиялау арқылы) орналастырылған.

Санжар Арысов Алматы

Яндекс.Метрика