Home » "Коммунист Казахстана" » Терезеге телмірген қариялар…

Терезеге телмірген қариялар…

Қашанда қазақ баласы сөзге тоқтаған. Барын бар деп, жоғын жоқ деп айта да білген. Бабалар айтқандай «елімізден құт-береке кетпесін,  жеріміздің шетін жау баспасын деп найзағайға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз. Дәм тұзды ақтай білген елміз, қариямызды сыйлай білген елміз». Қазағымыздың да асылдылығы осында еді. Ал қазір ше? Не болдық? Қайда барамыз…? Ертеде бір қария айтыпты «қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Сол замаңға жеткендейміз. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген мәрт қазағымның бүгінгі ұрпақтары кейде бір-біріне алакөзбен қарап, мейірімсіздік танытады. Туған ағайындар бір-біріне суық қабақ танытып, ата-анасының қартайғанына ренжігендей сынды. Ұлдары келіндерінен аса алмай, қыздары одан-әрі қабақ бермей жүрген қаншама қария қазіргі кезде мемлекеттік интернат үйлерін паналауда. Осындай жайтты көргенде жанын түршігіп, жағанды ұстауға тура келеді. Өз ағайынының жесірін теппеген қайран қазағымның бүгінгі ұрпақтары, енді несін айтайық, өз әке-шешелерінен бойларын аулақ салғысы келеді. Қарттар үйінде екі көзі төрт болып, терезеге телмірген қариялар қаншама отыр. Осындай тексіздікке жол берген сіз бен бізге кешірім бар ма? Ұрпаққа не тәлім-тәрбие береміз деген сауалдар ойымызды торламақ… қазір осындай жағдай ешкімді де таң қалдырмайды, үйреншікті болып бара жатыр. «Атаңа не көрсетсен, алдына сол келеді» деген қазақта бар емес пе? Оны еске алмасақ та, заңда да жазылған «еңбекке жарамды балалар өздерінің ата-аналарына қамқорлық жасап, оларға көмек көрсетуге міндетті» деп. Осыны сылтау етіп, көбі айтады: бағу міндет емес, тек қамқорлық жасаймыз деп, сонда заңымыз ұлттық болмысымызды ескермей жазылғаны ғой… кезінде естігенде ақ шошитын жағдай еді, қазір қалыпты жағдай  сиақты қарайтын болдық. Оң жағында отырып бала тапқан қызға «көптің бірі ғой», ата-анасын қарттар үйіне тапсырып жатса «кім тапсырмай жатыр» деп, одан әрі «ол жерде бар жағдай жасалған деп» ақталып та жататындар бар. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің әр облысында кем дегенде бір қарттар үйі бар. Оның әрбірінде баланың базарынан, немересінің балдай жанған ажарынан мақұрым болған қазақ қарттарының күн кешіп отырғаны ешкімге де құпия емес. Тіпті таңғалмайтын да жайтқа жетті. Әрине, таза төсек, уақытылы тамақ, қандай болса да медициналық көмек көрсетіледі, бірақ «өз үйің, өлең төсегін…» өз шаңырағын емес. Ал қазақ үшін қара шаңырақтың орнын ештене де алмастыра алмайтыны- әрбір қазаққа мәлім. Қанымызда болмап еді бұл қасиет, қайдан пайда болды бұл жағымсыз қасиет деп шыр саламыз. Кейбіреулер Кеңес дәуірінің орыстандыру саясаты дейді, бірақ, ол кезде  бүкіл кеңес одағын екі айналсақ та, бір қазақ қариясын қарттар үйінде таппас едік. Тәуелсіз, демократиялық мемлекет болдық, жуырда жиырма жылдығымызды тойламақпыз, қарттар түгілі, қан майданда жан аямай соғысқан ардагерлерімізді де жылына бір рет еске алып, әдеттегі гүл шоғын апарамыз, кейде оған да жарамайды… Ата-анасын сыйламаған, басқа да материалды немесе түрлі факторларды бәрінен жоғары қойған қазіргі ұрпағымыздан не күтпекпіз? Бұл дегеніміз ұлттық болмысымызды жоғалтудамыз, ал ұлттық болмысын жоғалтқан адам, басқа ағымның жетегіне ілесіп кетуі әбден мүмкін…сондықтан салт-дәстүрімізді, тектілігімізді, рухымызды, ұстанымымызды жағалтпауымыз керек.

Таяу арада Шымкент қаласында орналасқан Қарттар үйінде болдық. Аталмыш мекеме 1965 жылы тұрғызылған екен. Сол уақыттан бері осы шаңыраққа кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсіз. Қарттар үйінің директоры Нұрғали Ілгербайұлы Ешенқұлов мырза бізді қарттар үйінің тынысымен таныстырып, аралатты.  Қазіргі таңда аталмыш интернатта 256 адам бар. Әрқайсысының тағдырына үнілсек, қайғы-мұңға, ренішке толы. Жанымыздан көздерінде үміт оты өшкен қараусыз қалған қарияларды көргенде, көңілің құлазығаны анық. Мұндағы жандардың баршасы да тағдырдың тәлкегіне шалынған жандар екені көзге көрінеді. Олардың жабырқаулы жүздерінен өздерінің жақын-туыстары немесе перзенттері іздеп келетіндей көбісі терезеге телміріп тұрғанын да байқадық. Бірнеше ата мен апаларымызбен тілдесе өттік. Кейбіреулері осы жерде табысып, неке құрып жатқандары да бар. Тағдырларына құлақ салсақ жанын түршігеді. Қарттар үйіндегі қамкөңіл жандар өздерін бақытты сезінеміз деп айтса да, кірпіктерінің астында ұялаған кірбіңді жасыруы мүмкін емес. Жыл өткен сайын олардың саны көбейіп жатқаны да жанынды жабырқатады. Шын мәнінде баланың парызы ата-анасын қадірлеу емес пе? «Анасын сыйламағанның ақылы кем, әкесін сыйламағанның жақыны кем…» деп бекер айтпаған қазақта.

Көп жасаған қария

Ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар

Сөзі – соқпақ, өзі нәр.

Ата салты – ардақты,

Әрбір сөзі – салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң

Тістерсің бір күн бармақты.

Н.Макжан

Яндекс.Метрика