Home » Атырауский обком » Тілі ғұмырлы елдің – Туы тұғырлы

Тілі ғұмырлы елдің – Туы тұғырлы

20 – қыркүйек күні Қазақстан Республикасының тілдер мерекесі қарсаңында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитеті № 5 Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектебінде «Тілі ғұмырлы елдің – Туы тұғырлы» атты дөңгелек үстел және ашық тәрбие сағатын 4 «в» сыныбында өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – оқушыларға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы және оны құрметтеуге баулу. Тіл мерекесіне орай партия ұйымы мектеп кітапханасының қоржынына орысша тілдегі түрлі әдеби кітаптарды сыйға тартты. Бұл шараға арнайы Қазақстан – Атырау облыстық телеарнасының қызметкерлері қатысты. Одан әрі оқушылар тәрбие сағатын Қазақстан Республикасының ән ұрынымен ашты. Мектеп директоры Қапетова Баянсұлу Асылбекқызы сөз алып, барлық қатысып отырған қонақтарды мерекемен құттықтады. ҚКХП Атырау облыстық комитетінің басшылығына ерекше алғысын білдірді.

Біздің ана тіліміз – халқымыздың рухы, оның жаны мен басты байлығы, – деді… Қазақ халқында «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – өлі балық» деген даналық сөз бар. Расында да, тілсіз ұлт болмайды. Онсыз халықты халық деп елестете алмаймыз. Тіл – біздің ұлттық мақтанышымыз, атадан балаға мирас болып келе жатқан мұрамыз, – дейді ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Ғұсманұлы Дәулетқазиев.

Тіл дегеніміз – адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Бұдан біз тілдің адамнан айырылмас серігі екенін көреміз. Тіл арқылы адамдар бір-бірімен пікір алысып, өзара түсінісіп, оны қатынас құралы ретінде пайдаланып отырады. Әр адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы жеткізсе, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы деуге болады. Халықтың тарихта қалуы тіліне, тілінің сақталуына байланысты. Мағжан атамыздың: «Жан көріністерінің ең қымбаты– ой, ой тілі –сөз. Тіл адам жанының тілмашы. Тілі кем болса, адамның қор болғаны…» деген сөзі дәлел деуге болады. Сол секілді, қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтардағы жарлығына сәйкес, 22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні ретінде аталып келеді.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар. Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Тіл– халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі – оның бақытты тірегі. Тіл жоғалса ұлт та жоғалады. Ана тіліміз – қазақ тілі біздің баршамызға қастерлі, біз үшін әрқашан мәртебесі биік асыл қазына. Тіліміз ғұмырлы әрі тұғырлы болсын!

Гүлжан Инжелова

Атырау қаласы

Яндекс.Метрика