Home » "Коммунист Казахстана", № 29//06.09.2013 » Өткен айда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 19 351 теңге болды

Өткен айда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 19 351 теңге болды

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге жүгінсек, ағымдағы жылғы тамыз айында шілде айымен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде 4,8%-ға жоғарылады, өңдеу өнеркәсібінде – 0,6%-ға төмендеді. Өндірілген өнім 3,3%-ға, өндірістік сипаттағы қызметтер – 1%-ға қымбаттады. Яғни, баға уақыт өткен сайын негізінен қымбаттап келеді деген сөз. Атап айтқанда, өткен айда бағаның пропан мен бутанға – 6,8%, мұнайға – 5,6%,ға газ конденсатына – 5,4%, дизельдік отынға – 3,1%, отындық мазутқа – 0,7%, бензинге – 0,6%-ға жоғарылауы, олардың табиғи газға – 1,9%, көмірге – 0,6%, керосинге – 0,2%-ға төмендеуі тіркелген.

Сондай-ақ бір айда баға қорғасынға – 4%, мырышқа – 2,6%-ға жоғарылады, ферроқорытпаларға – 4,8%, өңделмеген алюминийге – 3,5%, мысқа – 3,4%, қара металдар илегіне – 1%-ға төмендеді, дейді Статистика агенттігі.

Бұл енді экономикалық көрсеткіштер, ал халықтың өмір сүруі үшін қажет күнделікті азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністердің жәйі қалай? Деректерге сүйенсек, қант пен күріш 0,6%-ға, сүт пен нан – 0,4%-ға қымбаттаған. Ал қара бидай ұны – 3,5%, құс еті – 2,5%, бидай ұны – 1,7%, мал еті – 1,4%, өсімдік майы – 0,5%-ға арзандаған.

Қарапайым халық үшін күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының арзандығы немесе қымбаттығы үлкен мәселе болып табылады. Оның барынша арзан, халықтың қалтасын қақпайтын болуы үшін Үкіметке жұмыс істеу керек. Әкімдіктер де қол қусырып қарап отырмауы керек. Астанада ай сайын азық-түлік қоржынына мониторинг жасалып, бағаның қымбаттап кетпеуі бақыланып отыратын «Шапағат» деген коммунальдық базардың ашылғаны халыққа жақсы болып тұрғаны рас. Соны барлық жерде де ашқан дұрыс болар еді. Сонда халыққа қажетті өнімдер ай сайын қымбаттамас еді.

Сонымен қатар 2013 жылғы тамыз айында елімізде күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 19 351 теңге болған.

Яғни, бір адам осыншама ақшаға бір ай бойы күнін көре алады деген сөз. Етін, сүті мен майын, картобын өзі өндіретін ауылдық жерде болмаса қалалық жерде бұл ақшаға күн көре қою екіталай. Бірақ шенеуніктер күн көруге болады деп санайды. Ресми түрде осылай бекітілген. Амал жоқ, осынша ақшаны жеткізуге тура келеді.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрісінің ең төменгі деңгейінің шамасы 2013 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда 5,9 пайызға, 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда 7,3 пайызға өскен. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 20,8%, жемістер мен көкөністер – 16,4%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқа – 14%, нан және жарма өнімдері – 6,9%, қант, шай және дәмдеуіштер – 1,9 пайызды құраған.

 

Аман Іргебай

Астана 

Яндекс.Метрика