Home » "Коммунист Казахстана", № 26//12.07.2013 » Тосын сый

Тосын сый

Алматы қаласының әкімі көлік жүргізушілерге тосын сый жасауды ұйғарды. «Ол қандай тосын сый?» – деп сұрасаңыз, мінекей! Ол көшедегі тәртіпті күшейтетін әрі қала бюджетін қампайтатын нәрсе – бейнекамералар. Бұдан былай Алматыдағы бейнекамаралардың саны төрт есеге дейін көбейетін болды. Енді жол полициясы қыстың аязды күндерінде, жаздың ми қайнатар аптап ыстығында көшеде тұрмайды. Бұл жаңалық «жолполдықтарға» ұнай ма, ұнамай ма, ол жағын білмеймін. Әйтеуір, жол полициясының тікелей міндеті – қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қадағалау ісі төрт есеге жеңілдей түспек.

Айтпақшы, әкімнің де қол астындағы тәртіп сақшыларының қызметіне көңілі толмай: «Полициядан гөрі осы камералар тиімді, бюджетке көп ақша түсіреді» деп бір айтып салғыны бар еді. Сол-ақ екен, Алматының жол сақшылары әкімнің көңілінен шығудың қамына кірісіп те кетті.

Дәл қазір Алматыда 25 камера бар. Оның 12-сі жылдамдықтың шектен аспауын қадағаласа, 13-і бағдаршам қызыл көзін ашқанда, ештеңеге қарамастан өте шыққан көліктерді суретке түсіреді. Жыл басынан бері олар 10 мыңнан аса жол ережесін бұзу фактілерін анықтаған. Жол полициясы енді бейнекамералар санын 107-ге жеткізбек. Яғни жаңа 82 бекет іске қосылмақ.  Әрине, бейнекамералар төрт есе өссе, айыппұл төлеушілердің де саны артатыны сөзсіз. Сөзіміздің басында «қаланың бюджеті қампаятын болды» деп сүйіншілеуіміздің сыры – осы.

Бұл жаңалықты құлағы түрік көлік иелері әрқилы қабылдап отыр. Шынын айту керек, наразылар басым. Олардың әкімге айтар өз уәжі бар. «Алдымен қаланың шұрқ-тесік жолын жөндеп берсін! Жолды кеңейтіп, көшелерді қиылыспайтындай етіп салсын! Сонда бізде ереже бұзбаймыз».

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бағасын өзіңіз беріңіз, оқырман.

Санжар Арысов,

Алматы

Яндекс.Метрика