Home » Атырауский обком, Партийная жизнь » Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Осыдан тура 24 жыл бұрын – 1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. «Тіл туралы» заңның Қазақстанда қолданысқа енгеніне биыл 24 жыл толып отыр.

 

 Расымен де, ана тілі-адамзат жаралғалы бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі болып келеді. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, ата-баба мұрасын ұрпақтан – ұрпаққа сақтап отыратын асыл қазына.

Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру – кез келген ұлт өкілінің қасиетті парызы.

 

«Қазақстан халықтары тілдерінің күні»  – жалпы халықтық мереке ретінде азаматтарды татулық пен бірлік идеялары төңірегінде топтастыруға, өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен жалпы адамзаттық ынтымақтастыққа тәрбиелеуге қызмет етіп келеді.

 

 Осы мерекеге орай  27- қыркүйек күні Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау  облыстық комитеті №24 орта мектебінің кітапхана ұжымына және  оқушыларына сый-сыяпат ретінде Махамбет Өтемісұлының 210 жыл толуына арналған Махамбет ерлік пен елдіктің өшпес рухы атты тарихи кітаптарды табыс етті. Шара барысында мектеп оқушыларының арнайы дайындаған «Өнер алды қызыл тіл» атты әдеби-сазды кешін ұсынды. Әдеби кештің шырайын ашқан   қазақтың ән өнеріндегі шоқтығы биік туындының бірі – «Балқадиша» әніне арнап жазылған көрініс болды. Жүрек шымырлатып, тұла бойыңды ерекше сезімге бөлейтін әннің құдіретіне ешбір шек келтіре алмайсың. Көрермен «Балқадишаны» ықыласпен тыңдап,  оны жоғары бағалады. Көріністегі оқушылардың шеберлігі жүректі тербетіп, көзімізге жас толтырды.  Алаш баласы ардақ тұтқан Ақан серінің сезімін селт еткізіп, қиялынан қияға қанат қаққан бұл көріністі көргенде біршама оқиғалар ойға орала берді.

 

Оқушылардың ерекше дайындаған кешіне тәнті бола отырып  тағы бір көрініс кәріс халқының құдай түсу салтын көрсетті. Одан әрі шараның арнайы қонағы Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев Ғұсманұлы Қазақстан халықтары тілдерінің күні мерекесімен құттықтады. Бұл мереке тек біздің мемлекетімізде аталып өтіледі. Еліміздегі тіл саясаты мен оның жүзеге асырылуы әрқайсымыздың жалпы адамгершілік мәдениетіміз бен халықтар достығына байланысты. Тіл – халық игілігі, ол ұлттардың бірігуі мен топтасуына ықпал етеді, тәрбие құралы мен адамдардың қарым-қатынасын байланыстыратын арқау жіп болып табылады. Тілдер күні – еліміздің барлық азаматтарының достығы, ағайындығы мен бірлігінің нышаны. Халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастық – жаңа Қазақстанды салудың басты тірегі деді. Бұл мерекелік шараға «Қазақстан – Атырау» облыстық телеарнасы, «Прикаспийская коммуна» облыстық газетінің тілшілері және 380-ге жуық көрермен қатынасты.  Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

ҚКХП Атырау облыстық комитетінің

 

баспасөз хатшысы Гүлжан Инжелова

 

 

 

30.09.2013ж.

 

Яндекс.Метрика