Home » "Коммунист Казахстана" » «Әз жандар, сіздерге арнаймын…»

«Әз жандар, сіздерге арнаймын…»

          Деген концерттік іс-шара Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ-музыкалық драма театрының сахнасында өтті. Аталмыш шара Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының Орталық Комитетінің ұйымдастыруымен, Халықаралық 8 Наурыз әйелдер күніне орайластырылды. 8 Наурыз мерекесіне  орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – ананың қоғамдағы рөлін арттыру, экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерін қарастыру, ел ішінде тәрбиелік маңызға ұстын беру, әз аналардың іскерлігін, қоғамдық ортадағы бел­сенділігін, заманауи білімі мен денсаулығын қорғауға бірігіп қол жеткізу. Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков «Сегіз қырлы, бір сырлы» екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, өзінің қоңыр дауысымен жиналған қауымды тәнті етті. Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтың өнерін тамашалауға қала тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай келді. Елге әлбетте танымал халық әні «Дудар-ай», «Ана жыры» әндерін орындап, көрерменнің көңілінен шыға білді.  Концертке Алматыдан ат басын тіреп келген «Қара жорға» ұжымы қатысты. Әсіресе, елге танымал «Қара жорға» биін орындаған ұжым мүшелері өз өнерлерімен тамсандырды.  патриоттық тұрғыда айтылғын әндері көрерменнің жүрегін жібітіп, көңілінен шыққаны мәлім. Аталмыш концерт бағдарламасы үміткер Жамбыл Ахметбековтың іске асырам деген іс-шараларының бір бөлігі ғана.  Концертті өзінің жылы лебізімен ашқан Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының Орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев болды. «Құрметті әйел қауымы, сіздерді Халықаралық Әйелдер күнімен құттықтай отыра, тек денсаулық, бойларыңыздағы нәзіктік пен пәктік тілей отыра, жүректеріңіздегі махаббат сезімі өшпей, одан әрі лауласын» деген жылы шырайлы тілектерін айтып, жиналған қауымды құттықтады. Саяси тұрғыда да мәселелерді қозғап айтты, елдегі халық тұрмысы, жағдайының күннен күнге ауыр болып, нашарлап бара жатқанын атап өтті, бірақ соған қарамастан жиналған қауымды тағы бір мәрте құттықтап, жылы тілектерін аямады. Қатысушылар көрермендерге қазақтың атақты күйлерін орындап, шығармашылықтарымен таныстырды. Қазақтың ұлттық күйі мен әндері тыңдармаңға ерекше әсер қалдырды, бір сағаттан астам уақыт бойы жиналған қауым Жамбыл Ахмебековтың және қызы Перизаттың орындауындағы әндерінің әуендерін сілтідей тындады. Көрермен Надежда Капельникова: «Мен мұндай керемет әуенді естімеппін, мен орыс ұлты болсам да, қазақ әндерін сүйіп, тыңдаймын. Шынымды айтсам, орындаушылардың шеберлігі мен даланың таңғажайып үніне тәнті болдым, Жамбыл секілді абзал азаматқа қолдау көрсетіп, шығармашылығын тамашалауға келдім» – деп жүректен шыққан жылы шырайлы тілектерін білдіріп жатқандар аз болған емес.  Концерттік бағдарлама көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, әйел қауымына гүл шоқтары сыйланып, өз мәресіне жетті. Алдағы өтетін іс-шаралардағы қаралар мәселе көп, ортаға салар ой да жетерлік…

 

Н.Мақажан

Яндекс.Метрика