Home » "Коммунист Казахстана", № 42//06.12.2013 » Зейнетақы қорына табыс табуға көбірек мүмкіндік берген жөн секілді

Зейнетақы қорына табыс табуға көбірек мүмкіндік берген жөн секілді

Зейнетақы қорлары туралы әңгіменің түйіні шешілгендей болғанымен әлі де біраз түйткілдері бар. Үкімет олардың барлығын бір қорға біріктіріп, мәселені шешкендей болғанымен, бірнеше сұрақтардың жауабы айтылған жоқ. Соның бірі жиналған ақшаның сақталуы мен инвестициялық табыстарға байланысты. Зейнетақы қорларында түк те ақша қалмапты дегендерді де естідік. Жоқ, зейнетақы қорларындағы ақшалар бар дейін десек, нақты ешқандай дәлел де жоқ. Сосын, егер де ол ақшалар бар болса, инвестициялық табыстардың көлемі де біраз ойларға жетелейді. Бұл табыстардың деңгейі мардымсыз деп толық негізде айтуға болады. Мысалы, бір салымшының он бес жыл бойы жинаған қорына бар болғаны үш жүз мың ғана инвестициялық табыс есептелген. Сондықтан жаңадан құрылатын бірыңғай зейнетақы қорына жиналған соманы инфляция жеп, оның құнсызданып қалмауы үшін нарықта әрекет етуіне кеңірек өкілдік берген жөн секілді. Атап айтқанда, қорға нарықта табысы мол компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуына, қаржының белгілі бір бөлігімен құнды қағаздар нарығында операциялар жасауға мүмкіндік берген де артықтық етпейтіндей. Қазіргі кезде табысы мол мұнай компанияларының белгілі бір жобалардағы үлестері де сатылып жатыр. Зейнетақы қорына сол үлесті сатып алып, болашақта мол ақша табуына неге мүмкіндік бермеске? Атап айтқанда, таяуда Қашаған кенішіндегі өз үлесін батыстың бір компаниясы сатты. Сол үлесті зейнетақы қорларының ақшасына сатып алуды ұсынған депутат та болды. Бірақ, өкінішке орай, оған құлақ асқан ешкім болмады. Ақыры оны Қытай сатып алды. Сөйтіп, қазақстандықтар болашақта болар қомақты қаржыдан қағылды. Бұдан басқа да мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Соның тағы бірі – елімізде табысы жақсы, ірі компаниялар өз акцияларын халыққа сатып жатыр. Соған неге зейнетақы қорын да қатыстырмасқа. Сонда еліміздің ақшасы батыстың табысы аз облигацияларына салынып, солардың экономикасының дамуына қызмет етпейді, өз еліміздің экономикасының дамуына үлесін қосады.

      Жалпы, ағымдағы жылдың он айында зейнетақы аударымдарының көлемі 455,9 миллиард теңге болыпты. Бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 43,5 миллиард теңгеге көп екен. Қазақстанның жеті аймағында зейнетақы аударымдарының жылдық көлемі он пайыздан асып түскен. Ең көп көрсеткіш Астана қаласында тіркелген. Бақандай 16 пайыз. Бұл түсінікті де. Өйткені Астанада жұмыс көп. Жұмыс істеушілер де көп. Бір қуантатыны жұмыс орындары аз болып келетін Оңтүстік Қазақстан облысындағы өсім жаман емес. Маңғыстауда да солай. Ең нашар көрсеткіш Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліпті. Бұлардағы зейнетақы аударымдарының жылдық өсімі 4,7 және 6,9 пайыздан келеді.

      Бүгінгі жұмыс істеп жүргендер ертеңгі зейнеткерлер екенін еске алсақ, осы зейнетақы қорларындағы жиналған қаражаттың ертең адамның лайықты зейнетақы алуына жететіндігі немесе жетпейтіндігі де үлкен мәселе болып тұр. Біреулер бұрынғы жүйеге қайтып оралайық деп те жатыр. Бұл пікір Парламент Мәжілісінің мінберінен де айтылды. Бірақ оған әлі нақты және тұщымды жауап берілген жоқ. Сондықтан әзірше қолда бардың өзін қалай жетілдіруге болады, қайтсе оның жұмысы жақсы жолға қойылады, осы жағын көбірек ойлаған дұрыс секілді.

      Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, бір адам лайықты зейнетақы алуы үшін оның қордағы жинаған ақшасы кем дегенде үш миллион теңге болуы керек екен. Былай қарағанда аз секілді болып көрінгенімен бұл соманы жинау да оңай шаруа емес екенін екі адамның зейнетақы қорындағы жинаған ақшасына қарап, оның еңбек өтілі мен айлығын есептеп, түсіндік. Біріншісі, соңғы он бес жыл бойы жоғары оқу орынында ұстаз болып қызмет істеп келеді. Бір жарым ставкада да, басқа жерлерде де қосымша жұмыс істеген. Айына жүз жиырма, жүз елу мың айлық алып отырған. Міне, соның он бес жыл бойы аударған ақшасы әлі екі миллионға жете қоймапты. Екінші адам да бюджеттік саланың қызметкері. Ол да аз тер төкпегенге ұқсайды. Оның жинағына бір жарым миллионның шамасында. Инвестициялық табыстарды қоса есептегенде. Яғни, аталған деңгейге жету үшін екеуіне де тағы он бес жылдай еңбек етуге тура келеді деген сөз.

      Осыған қарап, зейнетақы қорларының табыстылығын арттыру үшін үкіметке қосымша шараларды қабылдауға тура келетін секілді. Бұл бағыттағы бірінші қадам жасалып та қойылды. Барлық зейнетақы қорлары бір қорға біріктіріліп жатыр. Ендігі оң қадам нарықтағы табысты компаниялардың акцияларын сатып алуға біріктіріліп жатқан зейнетақы қорына мүмкіндік беру болар еді.

Бек Әлиұлы,

Астана 

Яндекс.Метрика