Home » "Коммунист Казахстана" » Зейнеткер 1 миллион теңге аударды

Зейнеткер 1 миллион теңге аударды

Батыс Қазақстан облысындағы су тас­қы­ны салған әбігер барша қазақстандықтар­дың қабырғасына аядай батуда. Ағайындық, бауырмалдықтың көрінетін жері осындайда. Обал-сауаптың қадірін білетін оңтүстік­қ­а­зақ­стандықтар Оралдағы ағайынға қал-қа­дірлерінше көмек көрсетуде. Жақында Әли Сабиров атты зейнеткер қайырымдылық қо­рына өз зейнетақысы есебінен 1 млн. теңге аударды. Әли көкемізді жақсы білеміз. Коммунистік Халық партиясының ОҚО филиа­лының бірінші хатшысы, туралықты жақсы көретін, көмейіндегісін басшы-қосшы демей ірікпей айтып тастайтын азамат. Ха­барластық.

– Дүнием асып-тасып жатқандықтан ау­да­рып жатқан жоқпын, – дейді ол. – Мен 1963 жылы жолдамамен Орал облыстық ком­сомол комитетінің бірінші хатшысы бо­лып тағайындалдым. 1972 жылы Мәскеудегі партия мектебіндегі оқудан соң Орал об­лыстық Тасқала аудандық партия комитетіне бірінші хатшы етіп жіберді. Осы қыз­метте баламасыз 1988 жылға дейін жұмыс істедім. Өзім оңтүстіктің тумасы болсам да мұнда ешкім бөтен жақтансың деп көкі­ре­гімнен итерген емес. Туғанындай бауырына тартты. Көрші Ресей, қасымыздағы аудан­дардың хатшы­лары екі-үш жылда ауысып жатса да халық маған қатты сенім білдіріп, осы қызметімді атқаруымды қалайтын. Ондағы жұртпен ағайын-туысқан болып кеттік. Кейін мен зейнетке шыққанда 1993 жылы Тасқаладағы бір көшеге менің атымды берді. Кейінірек ауданның құрметті азаматы атағын берді. Орал өңірі – менің жалынды жастық шағым, азаматтық болмысым қалыптасқан жер.

Өзім запастағы полковникпін. Зейнет­ақым жоғары. Құдайға шүкір, балам да жақ­сы қызметте. Оралдағы ағайын-туыс ауыр халге түскенде үнсіз қала алмаған себебім осы. Оларға ауыр тиіп жатқанын білемін. Жүрегім-жаным солармен бірге. Тасқын судың беті қайтып, тезірек үй-жайларына орналасуын құдайдан тілеп отырмын.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Шымкент.

Яндекс.Метрика