Home » "Коммунист Казахстана" » Жаңалықтар!

Жаңалықтар!

17 қаңтар 2011 жыл

Казсат-2 жер серігі биылғы жылдың бірінші тоқсанында ұшырылады!

Ал, «Бәйтерек» зымыран ғарыш кешені 2015-ші жылы іске қосылады. Бұл туралы ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев агенттіктің кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті.

Бүгінгі күні «Байқоңыр» ғарыш айлағы зымыран тасығыштарын ұшыру жөнінен үлкен сұранысқа ие. Былтыр дүние жүзінде ұшырылған 74 зымыран тасығыштың басым бөлігі Ресейдің еншісінде. Қытай мен АҚШ екінші және үшінші орында. Қазақстан өзге елдер алдындағы мұндай басымдығын тиімді пайдалануы үшін ғарыш айлағының жұмысын одан әрі дамытуы қажет. «Бәйтерек» зымыран ғарыш кешені осы мақсатты көздейді. Жаңа технологиялық кешен экологиялық қауіпсіз болады.

Ал, Қазсат-2 жер серігі шамамен наурыздың 29-ы күні ұшырылады деді агенттік жетекшісі. Ол толықтай дайын. Биыл Қазсат-1 серігіне қатысты сақтандыру төлемдерінің толықтай өтелетіні туралы да айтты. Қазір мұндай серіктердің үшіншісін жасап, ұшыру үшін жұмыс жүріп жатыр. Болашақта Астанада ашылатын ұлттық ғарыш орталығының техникалық-экономикалық негіздемесі де дайын. Оның құрамына ғарыш аппараттарын құрап-сынақтан өткізетін кешен кіреді.

Осындай бірқатар шара Байқоңыр ғарыш айлағын дамытуға жол ашады. Ал, бұл ғарыш агенттігінің 2010-2014-ші жылдарға арналған стратегиялық жоспарының бір бағыты. Мұнымен қоса, ғарыштық қызметтің ғылыми және тәжірибелік сынақ базасын дамыту міндеті тұр.

Маңызды төрт міндеттің енді бірі – саланы қажетті мамандармен қамсыздандыру. Агенттік жетекшісі былтырдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының «ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша маман дайындауға кіріскендерін қуана жеткізді.

Негізі, ғарыш саласына қатысты білімді жергілікті студенттер алыс және жақын шетелде алуда. Айталық, қазір «Болашақ» стипендиясының 58 иегері Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ және Канадада дәріс тыңдауда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 101 қазақстандық студент Байқоңырдағы Мәскеу авиациялық институтында оқып жатыр.

2011 жылдың маңызды оқиғалары белгіленді

2011 жылы елімізде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, Азиада, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы сияқты бірнеше маңызды оқиғалар болады.

Бүгін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Байланыс және ақпарат министрлігі және жетекші Бұқаралық Ақпарат құралдарының басшыларымен осы іс-шараларды ақпараттық насихаттау бойынша ынтымақтасу механизмдерін талқылады. Онда біріккен жұмыстың алгоритмі нақтыланып, басым мақсаттардың тізімі анықталды. Отандық ақпарат құралдары биылғы жылдың маңызды оқиғаларын белсенді насихаттап, қоғамды мемлекеттік саясаттың маңайына жұмылдыруға атсалысады.

Семей және Приозерскіде орын алған төтенше оқиғалар бойынша тергеу басталды

Семей және Приозерск қалаларында орын алған төтенше оқиғалар бойынша тергеу басталды. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, немқұрайлық танытқандар тиісті жазаларын алатын болады.

Министрлерді әсіресе Семей халқының жағдайы алаңдатып отыр. Сөздеріне қарағанда шаһарды қысқы маусымға әзірлеу үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бұл жолы көмірді сатып алу үшін ел қазынасынан 250 млн. теңге бағытталған. Алайда тұрғындар мереке күндері оның рақатын көре алмады. Үкіметтің бірлескен отырысында Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан әкіміне мұндай сәтсіздікті күтпегенін жеткізді. Қатал сынды Қарағанды облысының басшысы да естіді. Қазір Приозерск қаласында жылу жүйесін қалпына келтіруге төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды. Жалпы қысқы маусымға жөнді дайындықтың жүргізілмегені үшін бірінші кезекте жергілікті билік өкілдері жауап бермек. Бұған қоса коммуналдық мекемелерді жіті тексеру көзделуде. Әкімдер болса, апта ішінде барлық келеңсіздіктерді жоямыз деп сендіруде.

Алматы облысында 250 ауласын су басып, 356 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы арнасынан тасыған Шарын өзені 100 үй мен 250 ауланы басып қалды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, төтенше жағдай дүйсенбі, 10 қаңтар күні кешкі сағат алты шамасында орын алды. 356 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, туыс-туғандарына жеткізілді. Тағы 18 адам екі орта мектепке орналастырылды. Министрліктен анықтағандай, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша, өзендегі су деңгейі төмендеді, ел тұратын аумақтан суды басқа жаққа бұру жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайды жоюмен ҚР ТЖМ Алматы облысы бойынша ТЖД-ның 298 адамы мен 22 техникасы айналысуда.

ТЖМ өзендегі су деңгейінің төмендегенін, және су арнасын басқа жаққа бұру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

Су тасқынының салдарын жоюға 298 адам мен 22 дана техника, оның ішінде облыстық ТЖД-нің 15 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылған.


2011 жылдың I тоқсанына кедейлік шегі белгіленді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың 2010 жылдың 29-желтоқсанындағы “2011 жылдың I тоқсанына кедейлік шегі туралы” бұйрығы ресми басылымда жарияланды.

Бұйырыққа сәйкес, “Қазақстан Республикасы бойынша 2011 жылдың I тоқсанына Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің өткен жылға есептеген көнкөріс көрсеткішінен 40 пайыз көлемінде кедейлік шегі белгіленсін”, – деп айтылған бұйырықта.

Статистикалық агенттіктің мәліметтері бойынша, Қазақстанда 2010 жылдың желтоқсанына көнкөріс көрсеткішінің көлемі 13,728 мың теңгені құрады.


Яндекс.Метрика