Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Жақсыдан – шарапат

Жақсыдан – шарапат

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің жанындағы Қоғамдық қабылдаудың өз жұмысын бастағалы көп уақыт болған жоқ. Небәрі бірнеше аптаның ар жақ, бер жағы. Әйтсе де, нәтижесі жаман емес, заңгерлік көмекке мұқтаж қарапайым адамдар өмірлік жеке мәселелерін шешіп жатыр. Мәселен, Алматы тұрғыны, Петропавл тумасы Екатерина Логинова екі жылдан бері құжаттарын қалпына келтіре алмай, соның кесірінен толыққанды зейнетақының орнына жәрдемақыны місе тұтып келді.

Ол қарияның басындағы жайт былай өрбіген. 2009 жылы зейнетке шықпақ болып құжат жинай бастайды. Еңбек кітапшасы мен туу туралы куәлігі жоғалып кеткен. Соның кесірінен 2010 жылдан бастап оған 3 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлей бастады. Екі баласы үшін 3 мың теңгеден қосымша ақша бөлінді. Арада біраз уақыт өткенде жолақысы үшін 1,5 мың теңге қосылды. Сонда қолына тиетіні – 15 мың теңге. Оның 10 мың теңгесін коммуналдық қызмет үшін төлейді. 2 мың теңгесі жолға кетеді. Айына қалған 3 мың теңгеге өмір сүру – өлмес-талмас күн кешіп, ұдайы аш жүру деген сөз.

«2010 жылдан бері бір мәрте де ет сатып алған емеспін. Тек қана сүт, сары май мен қарақұмық талқанын ғана сатып аламын. Ең сорақысы, мен жалғыз емеспін. Мен секілді зейнеткерлер өте көп», – дейді Екатерина Логинова.

Зейнетақыға қол жеткізе алмай, құжаттарын қалпына келтіру үшін Түрксіб аудандық АХАЖ бөліміне арыз-шағым түсіреді. Бірақ екі жыл бойы ешқандай нәтиже болмаған соң, ҚКХП-ның қоғамдық қабылдауынан көмек сұрады. Білікті заңгер Наурызжан Алдабергенов тартынбай, қол ұшын берді. Партия атынан Түрксіб АХАЖ бастығы Жанна Дүйсенбаеваға хат жазып, осы мәселеге баса назар аударуды өтінген еді. Ол ҚКХП-ның сөзін жерге тастамай құжаттардың он күн ішінде дайын болуына мұрындық болды. Енді жәрдемақыға таңылмай, Екатерина Логинова үшін толыққанды зейнетақы алуға ешқандай кедергі жоқ.

Тағы бір айта кететін жайт, жол көлік оқиғасы салдарынан етік тігетін дүңгіршігі қирап, жеп отырған нанынан айырылған екінші топтағы мүгедек Әкімжан Юсуповтің де мәселесі толық шешілді. Дүңгіршекті қиратқан көлік иесі аз ғана ақша ұсынып, бүлінген мүлікті толық жөндеп беруден бас тартқан еді. http://knpk.kz/wp/?p=32414

ҚКХП-ның заңгерлерінің көмегімен, қазір мүгедек пен жол көлік оқиғасына кінәлі тұлға бір тоқтамға келді. Қазір бүлінген дүңгіршікті қалпына

келтіріліп, жаңа пластик терезелер қойылып, жаңа теледидар сыйлыққа берілді.

Екатерина Логинова, Әкімжан Юсупов қарапайым азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетіп, түйінді мәселелерін шешіп бергені үшін ҚКХП-ға алғыс білдірді. «Қазақта «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесепат» деген сөз бар. Қиындыққа тап болған азаматтарға титімдей көмегімнің тигені көңілімді марқайтады», – дейді Наурызжан Алдабергенов.

Санжар Арысов

Алматы

Яндекс.Метрика