Home » Партийная жизнь » ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВ: «Спортты қолдау -болашақты қолдау!»

ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВ: «Спортты қолдау -болашақты қолдау!»

Желтоқсанның 25 күні Астанада ҚКХП қолдауымен шотокан каратэ-до спортынан «Алтын айдахар» федерациясының кезекті чемпионаты жалауын көтерді. Бұл жолғы жарыс ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орайластырылып, жекпе-жекке оқушылар сарайының каратэшілері шақырылды.

Байрақты бәсекенің шымылдығы партия көшбасшыларының бірі, каратэ спортынан қара белбеудің иесі Жамбыл Ахметбековтің алғы сөзімен түрілді. Жанына шығыс жекпе-жегін серік еткен Жамбыл Аужанұлы бұған дейінгі президент сайлауында қарсыластарынан осы қырымен ерекшеленген-ді. Қыр астында тағы бір саяси аламан тұр. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді басты бағыт етіп бекіткен коммунисттер бәсекелестеріне шаң қаптыруға бел байлаған. Компартияның мүддесін спортта да қорауға сақадай сай Жамбыл Ахметбеков жарыс жолында тұрған жеткіншектерге жүрекжарды тілегін арнап, сәттілік тіледі.

Татамиге ұзын ырғасы қырық каратэші көтерілді. Жан алысып, жан беріскен тартысты бәсекеде екі команда тең түсті. Жарысқа жиналған жұрттың көптігінен шығыс жеке жегінің осы түріне астаналықтардың қызығушылығы қызып тұрғаны айқын аңғарылды. Олар спортшыларды қызу қолдап, қолпаштап отырды. Татамиде 5-15 жас аралығындағы ұл және қыз балалар кумитэ мен катадан бақ сынады. Жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаздар мен жүлдегелерді партия атынан халықтық каратэші атанған Жамбыл Ахметбеков марапаттады.

Ата аналар балаларының спортты серік еткеніне еріксіз қуаныштарын білдіріп жатты. Сонымен қатар, ертең ел тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпаққа спортты серік еткізу ісіне сөз емес, із жүзінде ат салысып отырған компартияға алғыстарын айтты.

«Біздің мақсат- спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл жұмыс балабақшадан басталуы тиіс деп білеміз. Бүгінгі шара сол ұстанымыздың айқын айғағы. Жас ұрпақты каратэмен айналысуға шақырамыз. Себебі кез келген шығыс жекпе-жегі рухани құндылықтарға негізделген. Егер бағымыз жанып, парламенттің төрінен көрінсек, бұқаралық спорттың көсегесін көгерту үшін барлық ерік жігерімізді жұмсаймыз. Ел спортының

еңсесін биіктету үшін бүгінгідей өзге елден қалап алып келген келімсектер емес өзіміздің қазақстандық спортшыларға басымдық беруіміз керек. Сонымен қатар, олимпиада чемпиондарының бәрі ауылдан шыққан. Сондықтан, ауыл спортын көтеру керек. Біз, осыған көңіл бөліп, күш саламыз»,-дейді Жамбыл Аужанұлы.

ҚКХП Республикалық сайлауалды штабының баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика