Home » "Коммунист Казахстана", № 29//06.09.2013 » Жамбылда жаңа өндіріс нысаны ашылды

Жамбылда жаңа өндіріс нысаны ашылды

Таразда «Қазфосфат» ЖШС күкірт қышқылы цехын іске қосты. Жоба еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Химия өндірісінің астанасы саналатын біздің аймақ үшін өндіріс орнының экономикалық әрі әлеуметтік маңызы зор. Өндіріс кешені минералды тыңайтқышты тұрақты түрде шығаруды қамтамасыз етеді. Ал, отандық ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер болса арзан тауарға қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр.

ҚКХП  Жамбыл облыстық комитетінің хатшысы Жанна Мамашеваның айтуынша бұл жаңа кәсіпорынның арқасында жүздеген азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылып қана қоймай еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының айқын көрінісі болмақ. Жамбыл облысында құны 546,7 млрд тг құрайтын 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ал, биыл 22,6 млрд теңгеге 9 жобаны аяқтау міндеті тұр екен. Аталмыш бағдарлама аясында 7000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда.

«Қазфосфат» ЖШС 20-дан астам химия өнімін шығаратын Қазақстандағы алып компаниялардың бірі. Өткен жылы елімізде өндірілген химия өнімінің 28 пайызы біздің аймақтың үлесінде. Алдағы уақытта осы көрсеткішті еселеп, әлемдік нарықта зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін беретін тағы бір өндіріс орны салтанатты түрде іске қосылды.

Цех құрылысы 2011 жылы отандық аграрларды минералды тыңайтқышпен толық қамтамасыз ету мақсатында басталған болатын. Жобаның жылдық өнеркәсіптік қуаттылығы – 600 мың тонна моногидрат. Жалпы құны 14 млрд теңгені құраған цехта 138 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Күкірт қышқылы цехының құрылысын жүргізуге 30 мердігер компания қатысқан. Айта кетерлігі олардың барлығы жергілікті компаниялар. Құрылыс кезінде 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

Жаңа цехта 14 өндіріс орны бар. Шикізат ретінде мұнай мен газды өңдеу кезінде қалған  түйіршіктелген күкірт қалдығы қолданылады. Барлық үрдіс автоматтандырылған. Сондай-ақ, бу түріндегі қосымша өнім өндіріске өз электрқуаты болып барады.

Жақында Жамбыл облыстық халық коммунистерінің белсенділерімен және аудандық хатшыларымен өткізілген жиында ауылшаруашылық субъектілерін мазалайтын біраз мәселелердің ішінде  егістіктерін тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі де қатты көтерілді. Себебі аудандарда және ауылдарда еңбек ететін диқандар мен шаруашылық басшыларының уәжі осы минералды тыңайтқыштарды сатып алу мәселесі түйіткілді шешімін таба алмай тұрған көрінеді. Мәселенің мән-жайы тыңайтқыштардың бағасына келіп тіріледі екен. Өңірде шығарылатын тыңайтқыш пен көршілес елдерден әкелінетін тыңайтқыштардың бағасының үлкен айырмашылығы бар. Әрине бағасы арзан өзбек немесе қырғыз ағайындардың тыңайтқышын қымбат отандық оның үстіне өз өңірде шығарылатын тыңайтқышынан гөрі сатып алатын диқандар осы мәселеге көңіл аударуды сұраған еді…

Енді міне өндіріс орнының іске қосылуымен ауылшаруашылығы өнімін өндрушілер үшін минералды тыңайтқыштың бағасы төмендейді. Экологиялық қауіпсіздікке де баса назар аударылған. Төрт бағанды жүйесінің арқасында қоршаған ортаға қалдық тасталмайды. Күкіртқышқылы цехының іске қосылуы– Тараз минералды тыңайтқыш зауытындағы жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі деуге болады. Болашақта мұнда жылына 1 млн тоннаға дейін фосфор тыңайтқыштарын өндіру жоспарда.

 

К. Жасқазақова,

Жамбыл ОК баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика