Home » "Коммунист Казахстана" » Жаналықтар!

Жаналықтар!

7 ақпан 2011 жылы

kn.kz

Мәжіліс президенттік сайлау туралы заң жобасын қабылдады

Мәжіліс кезектен тыс Президент сайлауы үшін дауыс берді. Халық қалаулылары Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған заң жобасын бірауыздан қолдап отыр.

Өзгеріс “Сайлау” және “Президент туралы” заңдарға енгізілмек. Біріншіден, заңда кезектен тыс Президент сайлауы деген қосымша бап пайда болады. Ал мерзімінен бұрын сайлау Президент ұсыныс жасағаннан кейін, 2 ай ішінде өтуі тиіс. Сондай-ақ “Президент туралы” заңдағы өзгеріске сәйкес, саяси додада жеңіске жеткен мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі сайлау қорытындысы жарияланғаннан соң бір ай ішінде өтуі керек. Ал сайлаудың өткізу тәртібі өзгертілмей, сол қалпында қалды.

Елімізде тұмауға шалдыққандар саны көбейіп келеді

“Әзірге жұқпалы дерт алты аймақта өршіп тұр» деп дабыл қаққан Денсаулық сақтау министрлігі мамандарға сырқаттың алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Министрлік қауіптеніп отырған Шығыс, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұмау тигендер саны белгілі мөлшерден әлдеқайда асып кеткен.

Тұмау қазір Шығыс Қазақстан облысында өршіп тұр. Өңірде тұмауратқандар саны тек өткен аптамен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Облыстағы жағдайдың ушығуына шекаралас жатқан Ресейдегі ахуал да әсер етіп отыр. Көрші елде тұмау тигендер саны күн санап өсуде. Осыған орай Шығыс Қазақстандағы әуежайлар мен көлік бекеттерінде эпидемиологтар сақтық шарасын күшейтті.Жолаушылар назарына арнайы хабарламалар ілініп, құлақтандырулар таратылуда.

Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурудың таралуына ауа райының күрт жылынуы да ықпал еткен.

Ал Петропавлдағы дәріханаларда тұмауға қарсы препараттар табылмай жатыр. Індетттің етек алуынан сескенген жұрт дәрі-дәрмекті қорабымен сатып алуда.

Қарағандыдағы дәріханалар мен емханалардан да кезек үзілмей жатыр. Дәрігерлер биылғы тұмаудың бірден жөтелден басталғанын байқапты. Сондықтан олар тұрғындарға тұмаудың алғашқы белгілеріне аса мән беруді сұрайды.

Індет жайлаған Ресейде тұмаумен күресуге тіпті саясаткерлер де араласып, жұртқа қол алысып амандасу мен сүйісуден уақытша бас тарту туралы кеңес беруде. Ал отандық дәрігерлердің айтары: тұмаудың алдын-алу үшін ерекше әдіс-тәсілдің де, қымбат дәрінің де қажеті шамалы. Күнделікті тағамыңызда пияз немесе бал мен сүт қолдансаңыз болғаны.

Қазақстанда 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге мүмкіндік бар

“Қазақстанның 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болуға мүмкіндігі бар. Өтініштер қабылдау 2015 жылға дейін созылады. Менің ойымша, Қазақстанның мүмкіндігі мен ресурстары жеткілікті. Географиялық орналасу жағдайы да өте қолайлы. Сондай-ақ, көрнекті жеңімпаз спортшылары да бар”, – деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге  Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Ж.Рогге Қазақстанға 7-қысқы Азия ойындарының өтуіне байланысты келген болатын.

“Мен спорт нысандарын аралап көрдім. Барлық нысандар өте тамаша. Бұл сапарым өте сәтті деп ойлаймын. Жалпы, Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлер аз емес. Дегенмен, ұйымдастыру жұмысындағы барлық қиындықтарды еңсеруге Қазақстанның әлеуеті де, мүмкіндігі де жеткілікті”, – деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті.

Елдегі университеттер атына лайық болмаса, олар колледж деңгейіне түсіріледі

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіруге арналған жиын барысында  Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

«Білім және ғылым министрлігіне келгенде ең өзекті мәселенің бірі кәсіптік-техникалық білім беруге қатысты болғаны белгілі. Біз индустриялық-инновациялық стратегия туралы айта келе, кадрлармен қамтамасыз етуді де жоғары деңгейде ұйымдастыруға тиіспіз. Кадрмен қамту өте әлсіз. Сондықтан да, Елбасы жолдауында осы мәселеге назар аударылып, бұған бизнес пен жұмыс берушілерді де тарту мәселесі қарастырылды. Ал мамандарды сертификаттауды сол жұмыс берушілерге беруіміз керек. Өйткені, маман соларға керек», – деді Б. Жұмағұлов.

Сонымен қатар, министр жоғары білім беру саласына қойылған міндеттерге тоқтала келе, атқарылатын шараларға да назар аударды. «Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта жоғары оқу орындарын жіктеуге кірісетін боламыз. Бұл ретте оқу орындары 6  сатыға бөлінеді. Атап айтсақ, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеті, университеттер, академиялар, институттар секілді сатыдан тұрады. Сондықтан да, еліміздегі университеттердің деңгейі институт пен академияның деңгейіне де іліне алмаса, атына заты сай болмаса, оларды колледж деңгейіне түсеретін боламыз», – деді Б. Жұмағұлов.

Яндекс.Метрика