Home » Западно-Казахстанский обком, Партийная жизнь » Жастар қанаты – партияның ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарындағы белсенді күш

Жастар қанаты – партияның ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарындағы белсенді күш

Коммунистік қозғалыс пен партиямыздағы жастардың әлеуетті рөлін бағаламау аса қиын. Партияның жас мүшелері партиялық және саяси іс-шараларға, флеш-мобтарға, сайлау кампанияларына белсене қатысып, өз әлеуетін танытады.

Әсіресе жастармен жүргізілетін жұмыстардың жүйелілік және кешенді сипатта болуы аса маңызды. Яғни бұл жай ғана партия мүшелері мен жанашырлар есебін жүргізіп, оларды жүйелі түрде іс-шараларға қатысуға тарту  ғана емес, олармен идеологиялық және саяси дайындық бойынша сабақтарды ұдайы өткізу деген сөз. Аталмыш жұмыс Батыс Қазақстан партиялық ұйымында  тұрақты түрде жүзеге асырылуда.

Партияның жастар қанатының міндеті – менің пайымдауымда,  саяси сауатты, азаматтық ұстанымы анық көрініс тапқан белсенді адамдар, өз Отаны мен халқының тағдырына бей-жай қарай алмайтын патриотты  азаматтарды тәрбиелеу. Ал осы саяси сауатты  тұлғаны қалыптастырудағы ең үздік әрі тиімді құрал – оның дүниені, қоршаған болмысты танып-білудің  марксистік әдістерін меңгеруі.

Жалпы, күллі республика аумағында комсомол ұйымдары  не үшін қайта құрылды? Дәстүрге құрмет көрсету үшін бе?  Коммунистік қозғалыстағы жаңа буынды  дайындау қажеттілігі үшін бе, әлде қызығушылықтары бір тұлғалар клубы ма? Аталған жастар ұйымының алға қойған нақты мақсаты мен  идеологиясы қандай? Өзегі неде? Менің пікірімше, коммунистік жастар одағы /ары қарай – КЖО-авт./ құрғанда осы мәселелер ешкімнің көкейін мазаламаған тәрізді,  комсомолдың келешекке арналған стратегиялық  жоспары да мүлде болмады. Тіпті  КЖО қызметінің негізгі басымдықтары мен қағидаттары нақты анықталмады. Ал осының түпкі нәтижесінде біз не алдық?   Нәтижесінде біз идеялық жағынан бұлыңғыр құрылымды иелендік.  Әрине, комсомол – коммунистік бағыттағы ұйым деп айту жеңіл болғанымен, бірақ мұның астарында ешқандай мәнділік пен мазмұндылық, нақтылық жоқ.

Бағдарлама мен Жарғы – бұл жастардың басым бөлігі үшін түсініксіз, жалпылама сөздер, сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары және  елде капиталистік қатынастар мен буржуазиялық құрылым үстемдік етіп отырған кезеңде тұтас жас  қазақстандықтар буыны өсті, олардың қатарында кеңестік дәуір тынысын сезбеген, өмір сүру салты мен санасынан, маркстік-лениндік ілім негіздерінен еш хабары, еш түсінігі жоқ, пионерлер сапында болып көрмеген, демек коммунистік рухта тәрбиеленбеген жастар қанатының мүшелері де бар. Сол себепті де комсомол жұмысында  саяси оқу және идеологиялық тәрбие, нақтырақ айтқанда, ағарту жұмыстары алдыңғы қатарға шығуы тиіс.  Комсомолдықтарға тек сайлау науқаны барысында үгіт-насихат жүргізіп, үнпарақтар тарататын  адамдар деп қарау мүлде жансақтық. Ал көршілес РФКП ОК жанында жас коммунистер туралы бірыңғай деректер қоры  оларды жоспарлы түрде дайындау және сайлау науқаны барысында ұсыну мақсатында жасақталып, қолданылуда,  дос ресейлік компартияның жұмыс тәжірибесінен тағы бір мысал келтіре кетсек, Мәскеу облысында «Пионер-комсомол-коммунист» бағдарламасы бойынша 10 жыл бойы жастар қозғалысы дамуда, пионер тәлімгерлер институты құрылды. Жыл сайын қызыл алаңда пионерлік ұйымның туған күнінде  пионерлер қатарына  Подмосковье қалалары мен аудандарының мыңдаған балалары қабылданады, ал іргесі мықты комсомолдық ұйым сапы  осы пионерлер қатарынан толығып отырады, яғни тәрбие бірізділігі, жалғастығы бұзылмайды.

Партияға еті тірі, белсенді жастарды тарту  – біздің пікірімізше, сайлау аралығы кезеңінде партиялық комитеттер және олардың жетекшілері  қызметінің  тиімділігінің маңызды көрсеткіштеріне айналуы тиіс.

ҚКХП-ның жастар қанаты –  партияның басты кадрлық ресурсы рөлін атқаратын партиялық базаның  перспективалық бөлшегі болып табылатыны күмәнсіз. Сондықтан да  жастар қанатының  аға жолдастарымызбен мақұлданған ұйымдық құрылымымыздың  болуын қалаймыз. Осы құрылым шеңберінде партияның жас қырандары саяси тәжірибе жинақтап, өздерінің бойында ұйымдастырушылық қабілет, ұжымда жұмыс жасай білу, тапсырылған іске  жауапкершілікпен қарау, үгітші және насихатшы дағдылары тектес  партиялық жұмыста ерекше маңызды әрі қажетті қасиеттерді тәрбиелеуге мүмкіндік алады.

Алдымызда тұрған орасан көп міндеттерді жүзеге асыруға аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жастардың бойындағы  қызу ерік-жігерді, жаңашылдықты  бір арнаға тоғыстырғанда ғана қол жеткізетіндігімізге кәміл сенемін.

 

Шынарай Мергенгалиева

ҚКХП Батыс-Қазақстан облыстық комитеті  жастар қанатының жетекшісі

10.09.2013ж

Яндекс.Метрика