Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Жастарымызды мейірімділікке тәрбиелейік!

Жастарымызды мейірімділікке тәрбиелейік!

Қызылорда қаласында биылғы қыс басқаларға қарағанда ерекше болды десек те болады. Молынан жауған қар балаларға қуаныш алып келіп, ал үлкендерді әбігерге түсірді. Айналаның барлығы аппақ қарға бөленгені әрине керемет, алайда барлығының алдында қар күреу жұмыстары күтіп тұрғаны анық. Былайынша қарағанда ойнап жүріп ақ күреп тастауға болатын жайт секілді, дегенімен бұл жұмыс барлық жастағы азаматтардың қолынан келе бермейтін іс. Жас кезінде тауды аударып тастауға дайын болған, ал енді жасы келіп, күш-қуаты азайған қарттарымыз қаншама. Немесе денсаулық салдарынан үй тіршілігіне белсене алмай жүргендер, сүйенер ер азаматтары жоқ отбасылар, атап атай берсек көп ақ. Оларды елеп, қолдан келгенше көмек беру өте үлкен сауап. Осы жайттарды ескере отырып ҚКХП Қызылорда обкомының белсенділері асарлату жұмыстарына кірісуді ұйғарды. Алғашында оңай емес болып көрінген шаруа қызу шағына келгенде ешқандай кедергісіз өтті. Себебі, қарияларымыз рақымшылық сөздерін, алғыстарын айтқанда бір ерекше сезімге бөленіп, сол сезім күшімен әрі қарай көзді ашып жұмғанша ақ барлығын бітіріп тастайды екенсің. Қызыл кигендерді көргенде қарияларымыз байырғы «Тимур және оның командасын» еске алып, «қазіргі күнге дейін де жеткен екен ғой солардың буы», деп те қалжындап жатты. Қарттарға құрмет көрсету, оларға көмек беру қай-қайсымыздың болса да міндетіміз және де ол заманның өзгергеніне немесе басқа жайттарға еш қатысы жоқ. Мүмкін, біздің осы ісіміз басқа да жастарға өнеге болар деген сенімдеміз. Және де солай болса, біздің еңбегіміздің зая кетпегені болады бұл. Бір-біріне жаны ашып, кез-келген уақытта қол ұшын беріп, қариялар мен қарттардан көмегін аямаған жағдайда біз мейірімді жастар тәрбиеледік деп айта аламыз. Адам баласының бір-бірлеріне деген қарым-қатынасы өмірді түбегейлі өзгертіп жібере алады. Біздің көрсеткен кішкене де болса көмегіміз, үлкен жұмыстардың тек бастамасы болсын игі. Қарттарымыз оларды әлі де келер ұрпақ сыйлайтындығын, өнеге тұтатындығын және еш уақытта ұмытпайтынын сезінуі тиіс!

 

ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің

баспасөз хатшысы Жүнісова М.

Яндекс.Метрика