Home » "Коммунист Казахстана" » Жеңіс жыры (Баллада)

Жеңіс жыры (Баллада)

Он сегізге толған шақта бозбала,
Еркелеткен туған елі, боздала
Сұм соғыстың оты тұтап кенеттен,
Күннен күнге өрши түсті жандана

Қауіп төнді ұлы отанға батыстан,
Германия деген жерден алыстан.
Жеті басты жалмауыздай жайылды ол,
Мемлекетті қарсыласқан, алысқан.

Жермен жексен болды ауыл, қалалар,
Әйел жесір, жетім қалды балалар.
Боздағынан қапелімде айырылып,
Көздің жасын төкті ата-аналар.

Аш көзденіп Гитлер сұм, жалмауыз.
Советтерді құртпақ болды қанды ауыз.
Дүріктіріп аспан астын фашисттер.
Ой, мақсатын іске асырмақ қу жауыз.

Басшысыз болса елің жетім емес пе,
Қар, жаңбырсыз жерің жетім емесе пе.
Сол бір сәтте Сталиндей кемеңгер,
Гитлер ойын айналдырды елеске.

Ұлы Сталин- ұлы адам көреген,
Жауларынан тайсалып бір көрмеген.
Рузвельт, Черчиль, Неру мырза бағалап,
Даналардың данасын теңген.

Совет халқын жеңістерге бастаған,
Айбынымен дұшпандарын тасқаған.
Тарих куә тұстастары әлемде,
Сталиннен біреуі аспаған.

Жігер беріп сөз арнады халқына
Дақ келтірмей ұлы Сталин атына.
«Біздің де көшемізде той болады
Фашистті жой, жаудан деді- тартынба».

Біраз күнгі сәтсіздікке қайғырма,
Болаттай бол, қорғасындай қайрылма.
Ісіміз оң, біз жеңеміз, туған ел,
Ерлігіңнен, дәстүріңнен айрылма.

Опасыз жау жеңіледі, жеңеміз.
Нұрлы күнге, болашаққа сенеміз,
Даурыққанмен жүзеге асып арманы
Дұшпандардың сазайын біз береміз.

Деген сөзін Сталиннің тыңдады ел,
Дана сөзге қуаттанып шыңдалды ел.
Жүректе кек, білекте күш кернеді,
Келмеске бір кеткендей-ақ қайғы-шер.

Содан барып фашисттерден құт қашты
Ер жігіттер жеңістерге жол ашты.
Қырық бектің мамырында білеміз
Советтердің тойы тойға ұласты.

Қуаттанып біздің әскер қарқындап,
Жауға атылды нажағадай жарқылдап.
Москвадан жеңістің әр қадамын,
Естіртетін Левитанер саңқылдап.

Совет халқы фашисттермен алысты,
Батырларын қолдан бермей намысты.
Қаһарлы қыс, шілде айларын елемей,
Өмір, өлім сонда мықтап жарысты.

Ер жігіттер жауға түгел аттанды,
Үкілі үміт бес жылда әрең ақталды.
Апанында жауыздарды жайратып,
Жеңімпаздар жеңіске шаттанды.

Оңайлықпен ұлы жеңіс келген жоқ,
Бұл жойқынды планетамыз көрген жоқ.
Неше миллион мейіт болып кетсе де,
Бейбіт күннен үмітіміз сөнген жоқ.

Білеміз аштық, тоқтық не екенін,
Дәмін таттық талай той, мерекенің
Бәрі жеңіс үшін деп жадап, жүдеп,
Тек қана ойлайтынбыз ел ертеңін.

Жалаң аяқ мектепке бара алмай
Өнер, білім мезгілінде ала алмай.
Киер киім, тамақ тоқ болмаса да,
Өмір сүрдік мойымай, өшіп талмай.

Ойпырмай, арман еді жапырақ нан,
Қалай шықпай шыдаған кеудеде жан.
Біз жеңдік жауыздарды деген кезде,
Жүректе шаттық кернеп, шырқылды-ау ӘН!

Қара қағаз келгендер қаралы еді,
Жүректері зар жылап жаралы еді.
Көңіл күпті болатын тілеуі-ақ,
Бақыттылар ауылда санаулы еді.

«Аманмын»- деп хат келсе той болатын,
Жүдеу көңіл сол сәтте бай болатын.
Қол, аяқтан айырылып жеткендердің,
Қуаныштан үйіне бақ қонатын.

Бірліктері күшті еді ауыр шақта,
Жол көрсетіп тұратын болашаққа.
Бір-біріне көмектесіп, жетім-жесір,
Көз сүзетін жеңіске, батыс жаққа.

Жарты құртты бөліп жеп өмір үшін,
Көмегін көрсететін ірікпей күшін.
Жәрдемдесіп қарттарға, мүгедекке,
Айтқызбай орындайтын барлық ісін.

Тыл жұмысы оңай деп кім айтады?
Ерте барып, әйелдер кеш қайтады.
Завод, фабрика, шахтада еңбек етіп,
Дала төсін әнімен тыңайтады.

Керемет тату еді абысындар,
Достығына дұшпанның сағы сынар.
Бірі үйде отырса бала бағып,
Екіншісі еркектен іс тындырар.

Несіне өткен шақты тізе берем?
Өткен шақ түгесілмес жыр мен өлең.
Қаһармандар сондағы көз алдымда,
Әр қимылы асқақ күй күмбірлеген.

Сталин тұрды сонда күндей күліп,
Тұғырын зор жеңістің ат қып мініп.
Мамырда Ұлы Отан гүлдей жайнап,
Тұла бойға ерекше қан жүгіріп.

Ұмытпас Сталинді барша халық,
Жеңістің асыл туы болғаны анық.
Кей кеше Ақыл тауын даттағанмен,
Әділ жұрт сүйсінеді қуат алып.

Осындай ауырлықты бастан кешкен,
Көргендері, білгендері кетпес естен.
Құмарғазы Қайырдин жыр толғады,
Дүр ақын болмаса да, желдей ескен.

Жеңіс туы желбіреуде көгімде,
Тыныштық заман орнаған жерімде
Өнерімен өрге жүзіп өрендер,
Өмір гүлі шешек атқан елімде!

Ескерту

Шындықты шырқыраған жаздым бүгін,
Жеңіс күнін жайнатқан өмір гүлін.
Қорықпадым сайқал, сімтік саясаттан,
Бар болса, айтып берші кәне, мінім?

Еліме белгілі жан болмасам да,
Дарыным оқуменен толмаса да,
Қаңбақтай жел айдаған бола қойман,
Қыңбаймын қиындықтан сорласам да.

Жетпістің төртеуінде менің жасым,
Ақ қардан аппақ бүгін қара шашым.
Жасымнан тентек, телпек болғаным жоқ.
Өрге де өрлеген жоқ Арман тасым….

«Жеңістің 65 жылдығына осы балладамды бұрқыратып жаздым.
Саяси қателігім болса, кешіріңіз» – зейнеткер Құмарғазы Қайырдин,
Зырян қаласы

Яндекс.Метрика