Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Жолда мұқият болыңыз, жүргізуші!

Жолда мұқият болыңыз, жүргізуші!

Елімізде соңғы жылдары жол көлік оқиғасының кесірінен 20 жыл ішінде 60 000 адам қаза тапқаны мәлім. Қазақстанда жыл сайын жол көлік оқиғалары салдарынан 3 000 адам қаза тауып, 17 000 адам түрлі жарақат алады. Ең сорақысы, жыл сайын 300-ге жуық сәби мен жасөспірім көз жұмады. Жол полициясы мен қоғам ынтымақтасып, бірлесе әрекет еткенде ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Осыны ұғына отырып, Алматы қаласы бойынша Қазақстанның Коммунистік Халық Партиясының жастар қанаты халықты жол ережесін қатаң сақтауға шақыратын акция өткізуді қолға алды. Шара бір ай бойы өтеді.

«Бұл шараны өткізуіміздің басты себебі – жаңа оқу жылы басталған кезде студенттер мен мектеп оқушылары өздері оқитын оқу орындарына барады. Жол апатынан көп адамның қаза тауып, жарақат алып жатқаны қынжылтады. Сондықтан жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырып, қауіптің алдын-алуға аз да болса, өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Бір айдың ішінде біз өз идеямызды 20 мың адамға жеткіземіз» – дейді ҚКХП-ның жастар қанатының төрағасы Бақыткелдіұлы Бақтияр.

Айта кетерлігі, жас коммунистер жүргізушілердің жүрегіне апарар тың әрі тартымды жолды таба білген. Ол үнпарақта Коммунистік партияның үндеуімен қатар сақтандандырушы компаниялардың жеңілдіктері де бар. Мәселен, жүргізушілер автокөлігін бір мәрте тегін жудыруға мүмкіндік алады.

Жастардың бастамасы игі шара болары хақ. Өйткені, еліміздегі жол көлік оқиғаларының саны жан түршігерлік. Жол полициясы комитетінің мәліметіне қарағанда, соңғы 2012 жылы Алматы қаласында екі ай ішінде 63 жол көлік оқиғасы тіркелген. 17 адам қаза тауып, 65 жарақат алған. Жарақат алғандардың 10-ы жасөспірімдер.

Ел еліміз бойынша, осы екі ай ішінде 1 559 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның кесірінен 246 адам опат болып, 1928 адам жарақат алған. 8 жасөспірім қаза тауып, 220 балғын жарақаттанған.

100-ге жуық комсомолдардың бұл бастамасына өзге де жастардың ұйымдары, мәселен, «Болашақ» жастар қозғалысы қолдау білдіріп, өткізілетін шараға ат салысуға әзірлігін білдірді.

Жол полициясы және Қазақстанның Коммунистік халық партиясының жастар қозғалысы бірлесе отырып, жол көлік оқиғасын барынша азайтуға,

азаматтарымыздың, балалардың өмірін сақтап қалуға үлес қосады деп сенеміз.

Санжар Арысов

Яндекс.Метрика