Пятница, 29 декабря 2017 16:39

Жаңа жыл қарсаңындағы ғажайыптар

Оцените материал
(0 голосов)

2018 Жаңа жыл қарсаңында ҚКХП Қарағанды облыстық комитетінің белсенділері мен басшылығы «Шапағат» Жаңа жылмен құттықтайды!» акциясы аясында «Пионерский» балалар үйінің түлегі, партия мүшесі Евгений Дмитриевті және оның отбасын қоныс тоймен құттықтады.

Осы жылдың басында 25 жасар Евгений Дмитриев ҚКХП Қарағанды ОК қоғамдық қабылдауына көмек сұрап келген болатын. Ол жұбайы және кішкентай балаларымен бес жылдан астам уақыт барак тәрізді салынған пәтерде тұрып келген. Оған дейін бұл пәтерді әйелінің бір туысқаны  жалдап тұрған. Туыс келіншек тұрмыс құрғаннан кейін Майқұдыққа көшіп кетеді. Атасы мен қайын енесі Евгенийге жартылай бұзылған баспананы қалпына келтіріп, сонда отбасымен тұруға ұсыныс жасайды. Еңбекқор жігіт баспананы қалпына келтіріп, сонда тұра бастайды. 2016 жылдың соңында жекешелендірілмеген пәтердің бұрынғы «қожайыны» тастап кеткен баспанасын қайтаруды ойға алады.

- Ең алдымен жұбайымның үлкен апасы келіп пәтерді босатуымызды талап етті, - деп есіне алады Евгений. – Кейін пәтерді өлшеуге бір адамдар келеді, бірақ мен оларды үйге кіргізбедім. Содан соң сотқа шақыру қағазы келді. Нина бізді пәтерден шығару үшін сотқа шағымданыпты.

Қолында ешқандай құқық белгілеуші құжаттары жоқ адам қалайша сотқа шағымданып жүргені белгісіз. Алайда бұл жағдайды Қарағанды әкімдігі тиімді пайдаланып кетті. Қала әкімі Қазыбек би атындағы ауданның №2 сотына Дмитриевтарды пәтерден шығару туралы арыз береді. Осы кезде амалы таусылған Евгений көмек сұрап Қарағанды облыстық комитетіне келеді.  Облыстық комитет басшылығы Дмитриевтерге қол ұшын беру үшін барын салады. Бірнеше мәрте мемлекеттік органдарға хат жазып, БАҚ-ты  да іске тартады. Коммунистердің жанашырлығы мен қолдауын көрген Евгений партияға мүшелікке кіреді. Алайда әкімдік соттың алғашқы инстанциясында істі жеңеді, апелляциялық сотта да өздерін ақтап шығады.

Дмитриевтерге пәтерді босатуға бес күн уақыт беріледі. Сот қараусыз қалған үйді қалпына келтіруге кеткен шығынды өтеу өтінішін де қабылдамайды.

Бұл жағдайдан соң Евгений отбасын алып Долинка ауылындағы ағасының үйіне көшіп барады. Бірақ оқиға мұнымен аяқталмайды. Халық коммунистерінің еңбектері де зая кетпейді. Коммунистер жетім баланың бастан кешкен әділетсіздігі туралы журналистерге баяндап береді. Олар бұл оқиғаны газет беттеріне шығарады.

«Караван» басылымында жарияланған оқиғаны бір кәсіпкер оқып, жетім баланы тауып алып, көмек көрсетуге ниет білдіреді.  Жаңа жыл қарсаңында кәсіпкер Майқұдық қаласынан Евгенийге үш бөлмелі пәтер сатып алып береді.

Мереке  қарсаңында жеке баспанаға қол жеткізген Дмитриевтер отбасын ҚКХП Қарағанды ОК бірінші хатшысы Александр Зевахин құттықтап шықты.

– Жаңа үйде үлкен бақытқа кенеле беріңіздер, дендеріңіз сау болып, өмірдің әрбір сәтіне қуана біліңіздер! – деді бірінші хатшы.

Евгений де өз тарапынан коммунистерге қолдау көрсеткендері үшін алғысын айтты.

- Өмірімнің қиын шақтарында маған көмек көрсеткендердің барлығына алғысым шексіз. Сіздер алғашқылардың бірі болып маған қол ұшын бердіңіздер, сіздердің көмектеріңізбен біздің драмамыз ертегіге ұласты. Үлкен рахмет!

ҚКХП Қарағанды ОК

Прочитано 20 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.