Понедельник, 08 января 2018 14:50

ӨЗ ӨЗІМІЗДІ НЕГЕ АЛДАЙМЫЗ? Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова  «Халық коммунистері» фракциясының атынан Үкімет басшысы Бақытжан  Сағынтаевқа «Қазақстан 2050» стратегиясы мен «100 қадам» ұлт жоспарында бекітілген «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасының жүзеге асырылуына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысы Үкімет 2020 жылға дейін үш тілді оқытуды енгізу бойынша Жол картасын әзірлегенін және оны жүзеге асырудың нормативті-құқықтық базасын жасағанын жеткізіп, Жол картасын орындау үшін республикалық бюджеттен 2016-2017 жылдарға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін баяндады.

«2018-2020 жылдарға бюджеттен 19,5 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса әдістемеліктермен қамтуға, интеллектуалды-инновациялық кластерді дамытуға жұмсалатын шығындар бар. Республика бойынша физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдеріне екі жылдан бері мемлекет есебінен ағылшын тілі үйретіледі. Ауыл ұстаздары баспанамен, азық-түлікпен қамтылып, білімдерін жетілдіру үшін орталыққа жіберіледі. Бұл уақытта мұғалімнің жалақысы сақталады және оны алмастырған оқытушыға да  жалақы төленеді. Пән ұстазының жоқтығына қарамастан, өткізілген сағат бойынша төлем екі есе көлемде жүргізіледі. Қазіргі таңда мұндай курстар кейбір ұстаздар үшін қайтадан өткізілуі мүмкін, себебі шетел тілін меңгеруге үш ай аздық етеді», – деді депутат.

И.Смирнованың сөзінше, ағылшын тілінде еркін ойлау түгілі ауызекі тілде сөйлей алмайтын ұстаздың ағылшын тілінде сабақ өткізуі қисынсыз. Физика, химия, биология пәндерін ана тілінде де барлық оқушылар бірдей түсіне бермейді. 10 сынып оқушыларының 10-15% ғана басқа пәндерді ағылшын тілінде оқи алады.

«Қалған оқушыларды қайтеміз?» – деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, Назарбаев интеллектуалдық мектептерінде жоғарыдағы пәндерді екі мұғалім жүргізеді. Ұстаздардың бірі ана тілінде, екіншісі ағылшын тілінде білім береді.

«Біз Президенттің идеяларын дұрыс іске асыруды қашан үйренеміз? Қашан рационалды, сындарлы боламыз? Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының үмітін және жұмсалған қаражатты ақтамайтын сияқты. Алдағы уақытта бізге тамаша статистика көрсетілуі мүмкін. Бірақ мынадай  сұрақ туындайды: өз-өзімізді неге алдаймыз? Бұл біздің еліміздің болашағы, біздің балалар, біздің білім беру жүйеміз емес пе?  Жуырда Астананың бір лицейінде дайындықтарын көрсету мақсатында  биологиядан ағылшын тілінде ашық сабақ өткізілді. Мұғалім бұрмаланған ағылшын тілінде бүкіл сабақты қағаздан оқып шықты, интерактивті әсер қалдыру үшін 30 оқушының ішінен тіл білетін бес оқушыдан ғана сабақ сұрады», – деді И.Смирнова.

Коммунистің пікірінше, тиімсіз жоспарлаудың салдарын адамдарға ысыра салу орынсыз. Ертең құзыретті орган басқа қаражатқа жаңа бағдарлама ойлап табады. Себебі біз артқа шегінуді білмейміз, қателігімізді мойындай алмаймыз.

«Ағылшын тілі керек, бірақ оның деңгейін мұндай әдіспен көтеру дұрыс емес. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет деп санаймыз», – деп қорытты депутаттық сауалын И.Смирнова.

Абылай БЕЙБАРЫС

Прочитано 69 раз
Другие материалы в этой категории: НАН МЕРЕКЕСІ »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.