Среда, 17 января 2018 13:00

Депутаттық сауал

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Қ.П. Қожамжаровқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Құрметті Қайрат Пернешұлы!

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ел ішіндегі оңтайлы жасампаздық қызметтің басты құндылығы ретінде азаматтық бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын ерекше атап өтті. Біздің ойымызша, бұл орайда жуырда орын алған «АрселорМитталТеміртау» кеншілерінің көтерілісін жан жақты талдап, ой түйген маңызды. Кеншілер мен оларды қолдаған металлургтердің көтерілісі бірқатар фактілердің арқасында оңтайлы шешімін тапты:

Біріншіден, Президенттің халық, әсіресе осы санаттағы жұмысшылардың арасындағы абыройы, Мемлекет басшысының шиеленістің оңтайлы шешілуіне деген назары мен келіссөздер барысын үнемі бақылауы;

Екіншіден, Премьер-министрдің компания иесімен келіссөздер жүргізуі және жеке байланысқа шығуы;

Үшіншіден, Парламент жетекшілерінің, саяси партиялардың өздерінің жергілікті өкілдері арқылы келіссөздер үдерісін конструктивті диалог жолына бағыттау мақсатында жұмыс жүргізулері, наразылықтың радикализациялануына жол бермеулері;

Төртіншіден, келіссөздер үдерісіне кәсіподақтардың белсенді қатысулары;

Бесіншіден, көтеріліс ұйымдастырушыларының наразылықтың барысы мен салдарына деген жауапкершіліктері, заңсыз іс әрекеттерге жол бермей, мәселені мәдениетті түрде шешуге деген ынталары.

Кеншілердің өздерінің құқықтары үшін әділетті күресі екі жақ арасында бәтуаластыққа қол жеткізумен аяқталды.

Біздің ойымызша диалогтың сәтті аяқталуы мен келіссөздер барысындағы адал ниет ұйымдастырушыларды сот алдында жауапқа  тартпай, көтеріліске қатысушыларды түрлі сылтаумен қудаламауға себеп бола алады.

Бейбітшілік пен тұрақтылық бұл  туындаған мәселелерді жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында уақытылы шешудің нәтижесі болып табылады. Әдетте табыс табу мақсатында олигархиялық құрылымдар бұл ұстанымды бұзып, өзін өзі ұйымдастыру мен таптық жіктелуге әкеліп соқтырады. Бұл белгілі бір жағдайларда қажетсіз шиеленістерді де тудырады.

Өнімді еңбекке  меншік иесі жұмысшыларды өзінің одақтастары етіп, қауіпсіз жұмыс жағдайын жасап, лайықты жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер бекіткенде ғана қол жеткізуге болатынын кен орындарының қожайындары  мен  басқа да кәсіпорындардың назарына салу қажет.

Кеншілер өз мәселелерін көптен бері айтып жүр. Еңбек шиеленістерінің салдарын жою байыпты әңгімені талап етеді. Мемлекет басшысының «Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі  кепілдік береді» деген тезисін сапалы түрде іске асыру үшін министрліктер мен ведомстволардың барлығы өз қызметтерінің стилін өзгерткен жоқ.

Тағы да бір мәселені еске салған орынды болар. Бұл - кенші-регрессниктердің мәселесі. Салалық министрлік жанындағы комиссияның баяу жұмысы салдарынан бұл мәселе өз шешімін таппай отыр.

Министрліктер жұмыс барысында алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибеге жиі сүйенеді. Бұл жолы ешқандай сілтеме жасалынбады. Ақпарат бойынша Ресейде кеншілердің жалақысы біздің валютаға шаққанда 560 000 теңге, ал басқа озық мемлекеттерде 5-6 мың долларға дейін барады. Бұл сандардың жанында біздің кеншілердің жалақысын жариялаудың өзі ыңғайсыз.

Осыған орай Сізден тиісті мемлекеттік құрылымдар мен олардың жетекшілерінің шиеленістің ауқымды қозғалысқа дейін трансформациялануына жол бермес үшін  алдын ала іс шаралар қабылданбауы мен жағдайға немқұрайлық танытқандары үшін  жұмыстарының жауапкершілік мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Осы және өзге де мәселелер бойынша ұсынылатын статистикалық мәліметтер мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз, себебі бұл  мәліметтер көп жағдайда шынайы болмысқа жанаспайды, сөйтіп халықты жаңылыстырады.

Елбасы өзінің Жолдауында «Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала –  экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде» деп мәлімдеген болатын.

Кеншілердің көтерілісінен үлкен сабақ алу қажет, бұл оқиға  қатемен жұмыс жасауға, азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарына жедел әрі уақытылы жауап қайтаруға, туындаған мәселелерді сапалы түрде шешуге бағыттауы тиіс.

Мәселені қарастырып, қабылданған іс шаралар туралы жауапты заңнамада бекітілген мерзім ішінде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері:

Т. Сыздықов

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

17 қаңтар 2018 жылы жарияланды

Прочитано 15 раз
Другие материалы в этой категории: « ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ Депутаттық сауал »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.