Суббота, 10 февраля 2018 09:22

АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

Оцените материал
(0 голосов)

9 ақпан күні ҚКХП Алматы қалалық комитетінің кеңсесінде Аэрофлот күніне орай азаматтық авиацияның құрметті ардагерлерімен кездесу өтті. Қазіргі таңда Қазақстанның күнтізбесінде бұл мереке жоқ, дегенмен  ұшқыш ардагерлер мен коммунистерде мерекені атап өту дәстүрі сақталған.

Кездесуге авиацияның ардагерлері, КСРО-ның құрметті ұшқыштары Мақаш Әбішев пен Валерий Медведков келді. ҚКХП АҚК бірінші хатшысы Әлібек Шапенов алматылық коммунистердің атынан ұшқыштарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ардагерлер өз кезегінде тамаша естеліктерімен бөлісті.

- Біздің өмірімізде қызыққа толы сәттер өте көп болды. Біз ең қажетті және романтикалық мамандықты игеру мүмкіндігіне ие болдық. Мен 40 жыл ұштым, әуе кемесінің командирі болдым. Мәскеуге «Олимпиада-80-ге» спортшыларды апардым. Біз КСРО-ның барлық жерлеріне ұштық. Сол кездегі авиация мен қазіргі авиацияны салыстырсам, жер мен көктей айырмашылық бар. Бүгінгінің осал тұстары көп. Ұшу қауіпсіздігінен бастап, әуе кемелерінің техникалық жағдайы және ұшқыштарды даярлау сапасын тілге тиек етуге болады. Бізде Қазақстанның азаматтық авиациясын дамыту бойынша ұсыныстарымыз бар, оны  «Халық коммунистері» фракциясының Мәжілістегі депутаттарына жеткізбек ойымыз бар, - деді Мақаш Әбішев.

Әріптесін бұрынғы экипаж штурманы, алты жыл бойы Д.А. Қонаевтың бортына қызмет көрсеткен Валерий Медведков та қолдады:

- Шынымен, ұшқыштарды даярлау деңгейі алаңдатып отыр. Дайындау жүйесі өзгерген. Бұрын Алматыда және өзге де қалаларда ұшқыштардың оқу-даярлық отрядтары болған, қазір бұл ғимараттарда ұшу академияларын ашқан.  Ол жерлерде оқу ақылы, тіпті дайындық кездерінде курсанттардың ұшуы да ақылы! Ұшу ақысы да арзан емес. Оқушыларға арналған авиамодельдеу үйірмелері де аз, олардың өзі де ақылы. Балаларға арнап үйірмелер ашу керек!

Аэрофлот күні мерекесінің пайда болу тарихы туралы партияның ұйымдастырушылық жұмыстары секторының меңгерушісі Абзал Әуелбеков айтып берді: «1979 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес Президиуымының Бұйрығымен Аэрофлот күні бекітіліп, ол жыл сайын ақпанның екінші жексенбісінде аталып өтетін болды. Азаматтық әуе флотының ресми туған күні 9 ақпан 1923 жыл болып саналады. Дәл осы күні Еңбек және Қорғаныс кеңесі «Азаматтық авиация Кеңесін ұйымдастыру туралы» және «Әуе желілерінің техникалық бақылауын Әуе флотының бас басқармасына міндеттеу туралы» қаулы шығарды.

Жиналғандар басқосу соңында жуырда Сирияда ерлікпен қаза тапқан ресейлік ұшқыш Роман Филипповтың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.

Сол күні алматылық коммунистер Азаматтық авиация академиясына барып,  студенттермен кездесу өткізді. Студенттер қауымы алдында қалалық комитеттің басшылығы мен белсенділері, соның ішінде ҚКХП АҚК Жастар қанатының жетекшісі Мұхтар Рахымжанов сөз сөйледі.

Рәзия ӘБДІҚАДЫРОВА

Прочитано 73 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.