Среда, 14 февраля 2018 12:47

Депутаттық сауал

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Ішкі істер министрі

Қ.Н.  Қасымовқа

Қазақстан Республикасының

Ұлттық экономика министрі

Т.М. Сүлейменовке

Қазақстан Республикасының

Қаржы министрі

Б.Т. Сұлтановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Құрметті Тимур Мұратұлы!

Құрметті Бақыт Тұрлыханұлы!

Республиканың төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесі қалыптасудың қиын жолынан өтті.  Қазіргі таңда бұл өзінің ауыр жұмысын абыроймен және үлкен жауапкершілікпен атқарып жатқан әбден қалыптасқан қызмет.

Төтенше жағдайлар мен олардың салдары қоғам үшін ең қатерлі, ал барлық деңгейдегі бюджет үшін шығыны көп жағдай болып табылады.

Ашық дереккөздер  мен сарапшылардың сараптамасы бойынша, жыл сайын республикада төтенше жағдайлардың тікелей шығыны 5 миллиардқа дейін жетеді, жанама шығынға 15-20 миллиард, адамдардың қаза болуы мен зардап шеккендердің  еміне 3 миллиард теңгеге дейін жұмсалады. Жалпы сомма 25 миллиард теңгеге дейін жетіп қалады.  Бұл соммадан асып түсуі де мүмкін, себебі статистика қаржыландырудың барлық көздерін есепке ала бермейді, оның ішінде кәсіпкерлер мен қарапайым адамдардың қайырымдылық және патриоттық көмектері бар.

Біздің ойымызша, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы оларға деген жоғары талаптармен ғана шектелмеуі тиіс, мемлекет тарапынан  дақолдау қажет. Бүгін біз өрт сөндіру қызметінің тиімділігін төмендетіп отырған мәселелерге назар аудартқымыз келіп отыр.

Ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылда 70 000 өрт орын алған. Шамамен 2000 адам қаза болған. Мұндай мәлімет тиянақты талдау мен жедел түрде оңтайлы шешім қабылдауды талап етеді.

Бұл қызметтен мамандардың кетуі де үлкен үрей туғызады. Жас мамандар бір айдан соң жұмыстарын босатып жатыр. Бір ай үміткер ретінде тәжірибеден өту, кәсіби даярлық мектебінде 2,5 ай оқу, 3 ай сынақ мерзіміне небәрі 43000 теңге төленеді. Бұл айлыққа баспана жалдау керек, отбасын асырау қажет. Сондықтан басқа жұмысқа кетуден өзге амал қалмайды.

Өрт сөндірушілердің баспана мәселесі шешілмеген, қызметтік пәтер қарастырылмайды, әскер және полиция қызметкерлерінікі сияқты пәтер жалдауға қаражат бөлінбейді. Оларға төленетін өтемақы 3739 теңгені құрайды, ол 20 жыл бұрын қабылданғаннан бері 339 теңгеге ғана артқан. Қазіргі жағдайда ол шығындардың он пайызын да жаппайды.  Жас қызметкерлерге ақшалай төлемдер тәртібін  реттеу, сынақ мерзімін қысқарту, жеңілдіктерді қайта қабылдау мәселелерін қайта қарастыру қажет екендігі анық. Бұл - мамандықтың мәртебесін көтеруге, кадр тапшылығын жоюға, жұмыстың тиімділгін артыруға өз септігін тигізеді.

Материалдық-техникалық жабдықтау да үлкен мәселелерге тап болып отыр.   Өрт сөндіру бөлімшелерінде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті арнайы техника, жабдықтар мен құралдар нашар жаңартылады. Мысалы, Қостанай облысы ТЖД қазіргі нормативтерге сай 647 автокөлік болуы тиіс, ал оларда небәрі 149-ы бар. 2014 жылдан бері республикалық бюджет есебінен  4 көлік алынған. Автобаспалдақтармен жабдықтау мәселесін көтерсек, көп қабатты үйлердің көп салынуы салдарынан олар ауадай қажет. Қолданыстағы 8 баспалдақтың, шамамен 65 пайызының эксплуатациялық мерзімі 30 жылдан асады.

Осыған орай, салалық министрлікке  өрт сөндіру техникасын жаңғырту, техникалық қызмет және жөндеу  жұмыстарын жүргізу бойынша кәсіпорын құру мүмкіндігі туралы өз ұсыныстарын енгізу немесе бұл мәселелерді «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заң шеңберінде шешу қажет.

Республиканың өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің инновациялық-техникалық  жабдықталуы, жарықтандыру нормативтерінің қайта қаралуы, өрт сөндірудің жаңа, тиімді технологияларын енгізу   – уақыт талабы.

Урбанизация үдерісі, әлеуметтік және өндірістік нысандардың белсенді құрылысы, халықта автокөлік санының артуы үлкен қалалардағы өрт сөндіру қызметтеріне үлкен кедергі туғызады. Өрт орнына уақытылы жету үлкен мәселе болып тұр. Мысалы, өрт сөндіру нысандарын жобалау нормаларына сәйкес, Қостанай қ. бойынша 6 өрт сөндіру депосы болуы тиіс, ал қазіргі кезде олардың саны – 3. Мұндай мәселелер барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы өрт сөндіру қызметінің тиімділігін төмендетіп отыр.

Қалалардың халық тығыз орналасқан аймақтарында жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысын жүргізу басымды мақсаттар санатына жатады. Көп қабатты және спецификалық ғимараттарды салу барысында соған сәйкес ТЖ қызметін тиісті техникамен жабдықтау қажет.

Үш жылдан бері өрт сөндіру қызметінің автокөліктерін АИ-80 бензинімен жабдықтау мәселесі шешілмей отыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік Одақтың Техрегламентінің талаптарына сай АИ-80 бензинінің өндіріс тоқтатылады.  Бензин іздеу мақсатында олар 50-200 шақырым жер жүру қажет. Мәселе қалай шешілмек?

Өрт сөндіру қызметінің осы және өзге де мәселелері жедел түрде оңтайлы шешім қабылдауды талап етеді. Бұл мәселені қарастырып, қабылданған шешімдер туралы ақпаратты заңға сәйкес ұсынуыңызды сұраймыз.

Құрметпен, «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері:                    

Т. Сыздықов

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова    

14 ақпан 2018 жылы жарияланды  

Прочитано 22 раз
Другие материалы в этой категории: « Депутаттық сауал ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.