Среда, 02 мая 2018 12:50

Депутаттық сауал

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Біздің фракцияның 2018 ж. 25 қаңтардағы Жібек жолындағы сегіз қазақстандық  ескерткіштердің бірі болып табылатын Талғар қалашығының жағдайына қатысты сауалына Сіздің 21.02.2018 ж. берген жауабыңызды алдық, бірақ жауапқа мүлдем көңіліміз толмай отыр. Қазақстанның теңдесі жоқ табиғатының экологиялық жағдайын, соның ішінде мәдени құндылықтар ескерткіштерін бақылайтын «Зелёное спасение» экологиялық қоғамы қалашықтың жағдайына екінші рет сараптама жүргізді.

Мырзалар, әлемдік қауымдастық алдындағы ел беделін айтпағанда, адамдардан ұялу керек қой. Бір жағынан Қазақстан өз брендін насихаттау, еліміздің көркем жерлері мен табиғи ескерткіштерін, тарихы мен мәдениетін жарнамалау үшін қыруар қаражат бөледі, екінші жағынан біз туристер көп келетін ірі мегаполистердің жанында тәртіп орната алмай отырмыз.

 Сіз қазіргі таңда жергілікті атқарушы органның, соның ішінде ескерткіш аумағындағы санитарлық-техникалық жағдайға жауапкершілігі артқан деп жазыпсыз. Бірақ ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11 бабында (05.05.2017 ж. өзгертулер мен толықтырулармен) былай делінген: «Қазақстан Республикасы атынан халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерге меншік иесі өкілеттігін  уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады».

Біз Мәдениет және спорт министрлігі дүниежүзілік маңызы бар нысандарды басқару және сақтау жауапкершілігін жергілікті атқарушы органдарға жүктеуге тырысып жатыр деп санаймыз. Бұл Конвенция және ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының нормаларына қайшы келеді.  Сонымен қатар жауапта ескерткіш аумағының солтүстік және оңтүстік-батыс жағында ескерткіштің маңызы мен мәртебесі туралы мәлімет қамтылған ақпараттық тақтайшалар орнатылған деп жазылған. Алайда 2017 жылдың күзінде солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс және батыс жағында орнатылған тақтайшалардағы барлық ақпараттық плакаттар алынып тасталынған. Қалашықтың солтүстік аумағында нысан мемлекет бақылауында екендігі белгіленген жалғыз тақтайша орнатылған (фотосын ұсынып отырмыз).

Жер мәселесі де түбегейлі шешімді қажет етіп отыр. Шаруа қожалықтарымен келісім жасау нысандардың сақталуын қамтамасыз етпейді. Мәдени және табиғи мұраны қорғау, сақтау және насихаттау  бойынша осы күнге дейін құрылмаған  арнайы орган тарапынан жақсы ұйымдастырылған бақылау қажет.

Талғар қалашығының қазіргі жағдайы, әсіресе туристік маусымның ашылуы қарсаңында  алаңдатып отыр. Буферлі аймақтың шекарасын, шайылып кететін жол бойындағы суды қорғау белгілерін бекіту, буферлі аймақта үйлер мен ғимараттардың құрылысын тоқтату, қоршау салу арқылы дүниежүзілік мұра нысандары орналасқан жерлерге шекара белгілеу, ескерткіштерді ақпаратпен қамту, аумақты жедел тазарту мен жалпы оның сақталуын қамтамасыз ету бойынша шұғыл түрде шара қабылдау қажет.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі»   туралы ҚР Конституциялық заңының 27 бабына сай жауапты белгіленген мерзім ішінде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары:

 Г.А. Баймаханова

Ж.А. Ахметбеков

М.М.Магеррамов

И.В.Смирнова

А.О.Қоңыров

В.Б.Косарев

Т.И.Сыздықов

02.05. 2018 ж. жарияланды

Прочитано 84 раз
Другие материалы в этой категории: « Депутаттық сауал Депутаттық сауал »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.